«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мусиннің мұрасы

0 28

«Астана» концерт залында көрнекті композитор, ҚазКСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері Қапан Мусиннің шығармашылығына арналған кеш өтті. Кешті елорданың мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры ұйымдастырды. Концертмейс­терлер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сара Асабаева, Мәдениет қайраткері Роза Шотқалиева.

Композитордың анасы, халық батыры Исатай Тайманұлының тікелей ұрпағы, еліміздің батыс өңіріне ақындығымен танылған Халима Өтеғалие­ва баласын жастайынан өнерге баулыды. Алматы музыкалық училищесінен кейін Мәскеу консерваториясында оқыды. Оны аяқтауға Ұлы Отан соғысы кедергі келтіріп, майданға аттанды. Соғыс аяқталған соң Алматы консерваториясында білімін жалғастырып, Евгений Брусиловскийден дәріс алды.


Қапан Мусин – қазақ топырағында симфония­лық шығармаларды дамытқан композиторлардың бірі. Туындыларының негізгі арқауы Отан, еңбек адамдары болды. Анасының өлеңдеріне ән-романстарды жазды. Атақты композитор, ҚазКСР-нің халық әртісі Латиф Хамиди оның шығармашылығына «Қапан Мусиннің мұрасы халқымыз­дың мол мәдени байлығына қосылатын қымбат қазына» деп баға берген.


Осы кеште композитордың «Сайра бұлбұл», «Сүйiктi жарым», «Қазақстан тойына», «Алма бағында», «Қыз сыры», «Почтальон әні», «Егер хат алмасаң», «Таңшолпан» операсынан ария, «Шалқы дария», «Өткен күз», «Элегия», «Жастар вальсі» сынды туындыларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қияқбай Асамбаев, Ерхат Нұрғалиев, Бибігүл Жанұзақ, Қайыржан Бердібай, Мәдениет қайраткері Естай Мұқашев, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Алтынбек Әбілда, Данияр Есімханов, Айзада Қапанова, Шаһризада Тыныштық, Гүлнұр Жақсылықова шыр­қады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды