«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мұса Пайғамбардың кесенесін Сұлтан Бейбарыс салдырған

0 130
Өмірбек БАЙГЕЛДІ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері
Өмірбек БАЙГЕЛДІ, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері

– Өмірбек аға, жат жерде ел билеген Бейбарыс бабамызға қатысты тың деректі елге алып келдіңіз. Осындай сан ғасырлық тарихты қозғауға не түрткі болды?
– Тәуелсіздік қолымызға тигеннен кейін жан-жаққа тарыдай шашыраған тарихымызды жинауға үлесімді қоссам деп ойладым. Осы бағытта жер жүзін аралап, бірталай зерттеулер жүргізе бастадым. Халқымыздың өткен өмірі мен кешкен ғұмырының жұмбағы көп. Ұлтымыздың ұлы тарихында ашылмаған дүниелер жетерлік. Соның бәрі қашан жария болады деп жүруші едім. Енді, міне, сәтімен табылған жаңалыққа қуанып отырмын.
– Бейбарыс туралы аңыз көп. Сіз ол туралы не айтасыз?
– Бейбарысты халқымыз жақсы біледі. Мысырда билік құрған сұлтан. Египетте ол кісінің салдырған мешіті бар. Бабамыз туралы кезінде кино түсірілді. Кітаптар да жазылды. Бірақ сонымен жұмыстар тоқтап қалған секілді көрінді маған. Оның үстіне, сұлтанды зерттеушілердің мәліметтері аз, шындыққа жанаспайтын жерлері көп. Біз өзімізден шыққан ұлы адамдарымыздың алдымен кемістігін көруге құштармыз. Басқа жұртта ондай мінез жоқ. Өздерінен шыққан тұлғаларды аспанға көтеріп әспеттейді. Әрине, артық мақтаудың керегі жоқ. Алайда шындықтан аспаған жөн. Кейбір зерттеушілер Бейбарысты «қарақшы» деп жазған. Мәмлүктің мағынасын солай түсіндірген. Шын мәнінде, мәмлүк араб­тың «қылыш» деген сөзін білдіреді. Тағы бір тарихшылар Сұлтанды «қара табан құл, бір көзінің ағы бар» деген дерек келтіреді. Негізінде, олай емес.
Ал Бейбарыс бабамыз саналы ғұмырында жинаған дүниесін сауапты іске жұмсаған. Біз Египетте соққан мешітін білеміз. Сұлтанның Иерусалимде бірнеше мешіті мен медресесі болған. Оны зерттеу қажет. Шам қаласын жаулап алып, халықты мұсылман дініне кіргізген.
– Енді жаңалыққа келсек. Мұса пайғамбардың кесенесі қай жерде орналасқан?
– Палестинадағы арабтардың же­рінде. Иерусалимнен 24 шақырым қашықтықта орналасқан. Өлі теңізге баратын күре жолдың қасындағы төбенің арғы жағында. Көзге көрінбейді. Кейбір аңыз-деректерге қарағанда, сонда жатыр. Бұрын Иордан өзенінің жағасына жерленген. Бір кездері Иордан өзені қатты тасыған. Көктемде бейітті су алатындықтан, пайғамбардың бірге жүрген досы мүрденің су астында қалатынын біліп, сүйекті қазып алып, түйеге артып, топырағы құрғақ, биік жерге жерлеймін деп, осы жерге әкелген. Бірақ пайғамбардың басын көтеруге оның шамасы болмаған сияқты.


– Оны Бейбарыс бабамыз қайдан білген?
– Сұлтан алдымен мұсылманның бір парызын орындау үшін қажылыққа барған. Содан келгеннен кейін Мұса пайғамбардың жатқан жерін естіген. Оның басында ештеңенің жоқтығын барып көрген. Бейбарысқа сонда: «Сен пайғамбарға кесене көтер» деген аян түскен. Оны Сұлтан қабыл алып, адамдарға шөл жерде керуенмен топырақ тасытып, үлкен мазар салғызады.
– Оны қалай дәлелдейсіз?
– Мен бұған дейін Иерусалимге барып, біраз пайғамбардың басына қонғам. Былтыр сәуір айында тағы жолым түсті. Мұса пайғамбардың кесенесіне әдейі бардым. Ол жерде түрлі дін өкілдері болған. Мұсылмандар да жүрген. Солардан түрлі жазулар қалған. Көбісі арабша жазылған. Құраннан алынған сөздер көп кездеседі. Бізге керек деректі іздеп жүріп таптық. Бұрынғы адамдар өмір сүрген дәуірде бүгінгідей білім болған жоқ дейміз. Ал кесенедегі жазулардың бояуы қаншама ғасырлар өтсе де, сол күйінде таза сақталған. Білімді араб маманын ертіп барғанбыз. Ол басқа жазулардың бәрін оқыды. Біз көрсеткен жазуды түсіне алмады. «Бұл – өте көне жазу. Ертедегі әріптермен жазылған. Мұны оқи алмаймын» деді. Бірақ одан «Сұлтан Бейбарыс» дегенді таныды. Иерусалим деген ертеден ғылым-білімнің ордасы болған, талай ғұламалар өмір сүрген орда ғой. Содан көне жазуды білетін білімді азаматты тауып, жазуды оқыттық.
– Жазуда не деп айтылған?
– Жазудың басында Құранның аятынан бір сүре келтірген. «Нәби Мұса» деп арабша жазылған. Кесенені «Сұлтан Бейбарыс қажылыққа барып келгеннен кейін өз қаржысына салғызды» дейді. Одан әрі Бейбарыстың әділдігін, қайырымдылығын айтып, мадақтайды. «Заманының Ескендірі» деп дәріптейді. Біз ол жазбаны осы жол-сапар туралы түсірген фильмде толық бердік. Қазақшаға да, орысшаға да аудардық.
– Кесене қай жылдары салынған, қандай күйде сақталған?
– Мұса пайғамбардың өмірден өткеніне 4 мың жыл болды. Кесене 1267 жылы көтерілген. Өте сапалы салынған. Көлемі үлкен. Екі қабатты. Зиярат етушілерге арнайы орын әзірлеген. Пайғамбардың мүрдесі бөлек бөлмеде орналасқан. Басында шырақшы бар.
Мұса пайғамбар еврей халқының пайғамбары ғой. Біздің қасымызда Израиль азаматтары болды. Олар бізден «Сұлтан Бейбарысқа қандай жақындықтарыңыз бар?» деп сұрады. «Ол – қазақ ұлтының перзенті, сонау жаугершілік заманда осында кеткен. Біздің бабамыз болып келеді» дедік. Содан мен шырақшыға: «Бәрі бір Алланың күшімен болған пайғамбарлар. Сондықтан оларды жібермеу дұрыс емес. Дәл осыған келгенде өшті-қастықтықтарыңызды ұмытып, жүректеріңізді жібітіп, қаруы жоқ болса, кіргізгендеріңіз жөн» дедім.
– Өзіңіз пайғамбардың мүрдесі жат­қан бөлмеге кірдіңіз бе?
– Әуелде шырақшы бөлменің кілтін бермей тұрған. Барлық жағдайды айт­қаннан кейін қолыма кілтті ұстатты. Содан оң қолыммен құлыпты ашып, оң аяғыммен бөлмені аттап кірдім. Құран оқыдым. Міне, осылайша жат жерде ғибратты ізі қалған Бейбарыс бабамыздың бір өнегелі ісін көріп, оның рухына тағы бір тағзым еттім.

Сұхбаттасқан
Азамат ҚҰСАЙЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды