«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мұрат мұрасы және «дәрі» қауымы

0 275

Биыл қазақ тарихының жалынды жыршысы Мұрат Мөңкеұлының туғанына – 175 жыл. Мұрат Мөңкеұлының «Үш Қиян», «Сарыарқа», «Әттең бір қапы дүние-ай», «Шалгез» және басқа да жырларында орын алған тарихи оқиғалар мен тұлғалар, жер-су аттары туралы зерттеуді атыраулық тарихшылар көптен жоспарлап жүретінбіз. Соның ішінде Махамбет ауданының аймағында орналасқан атақты «Дәрі» қауымын зерттеудің қажеттілігі кезек күттірмейтін маңызды мәселелердің бірі деп саналатын. Өйткені «Дәрі» қауымы – орталықтан шалғай орналасқандықтан, тарихшы ға­лым­­дардың назарынан тыс қалған нысандардың бірі.

Мұрат ақынның мұңы

«Дәрі» қауымында Мұрат ақын жырға қосқан Есболай би­дің ұрпақтары Қараұлы Дәрі, Қараұлы Есет би, Қабыл батырдың ұлы, атақты Жапар­берді батыр жатыр. Бұл тұлға­лар біздің білетініміз ғана. Осы қауымды көріп, оның құлпы­тастарын зерттеу мақсатында 2013 жылдың 25 мамырында Атырау мемлекеттік университетінің бір топ ғалымдары, профессор Жиенбай Бақи (Қараның ұрпағы), доценттер Жеңісбек Мұстафин, Жұмазия Жұмабаева, археолог Марат Қасенов, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері болып сапарға аттандық. «Дәрі» қауымын дәл іздеп табу үшін Алға және Ортақшыл ауылдарының тұр­ғындары шежіреші Базар Әмір­ұлы ақсақал мен Қайрат деген азаматты жолбасшылыққа алдық.
Біздің маршрутымыз Атырау қаласынан басталып, Жайықтың сол жақ бетінде орналасқан Алға және Ортақшыл ауылдары арқылы барлығы 180 шақырым жерге ұласып, ақыры «Дәрі» қауымына келіп табан тіредік. «Дәрі» қауымына жеткенше жолшыбай шежіреші Базар Әмірұлынан бірқатар тың мәліметтер тыңдадық. Біз жүріп өткен жерлер мен Қызылқоға ауданы аумағында бірсыпыра қазақ батырлары жерленген екен. Олардың арасында 1731 жылғы Аңырақай шайқасына қатысқан атақты Өтей батыр мен Тайлан батыр бар көрінеді.

Өтей батырдың бейіті

Тарихтан белгілі, Ордабасыға қазақтың үш жүзінің халқы жиналып, жоңғар басқыншыларына күйрете соққы беру үшін қол жинап, бас қолбасшысы етіп Кіші жүздің ханы Әбілқайырды сайлаған-ды. Аңырақай шайқа­сында жеңіске жеткеннен кейін Әбілқайыр хан өз жұртымен Кіші жүзге оралғанда Орта жүздің бірсыпыра батырларымен бірге Өтей батыр да біздің өлкеге көшіп келген көрінеді. Өтей батыр бұл жақта да бейбіт өмір сүре алмағанға ұқсайды. Қалмақ басқыншыларымен болған шай­қастардың бірінде ол қаза тауып, Кіші жүздің Қарабау өлкесінің топырағы бұйырыпты.
Еліміз тәуелсіздік алған­нан кейін өткенімізге, Отаны­мыз­дың тарихына деген қызығу­шылықтың арта түскені белгілі. Соның дәлелі ХХ ғасырдың 90-шы жылдары Қазақстан Үкіметі Премьер-министрінің бірінші орынбасары болған Нығметжан Есенғарин мырза Атырауға келіп Өтей батырдың бейітін іздеп тауып, басына ескерткіш тас қойдырыпты.
Тайлан батыр да Әбіл­қайыр ханның арқасүйер сарбаз­дарының бірі ретінде ел санасында жатталып қалған. Ол да кезінде Аңырақай шайқасына қатысқан. Қызылқоға ауданы мен Ақтөбе облысының шекарасында Нарынбай бейіті жатыр. Сонда ол қай Нарынбай? 1812 жылғы соғыстың батыры Нарынбай Жанжігітов емес пе екен? Өңірімізде дүниеге келген атышулы батырлар Нарынбай мен Әмен Байбатыров қой. Осыған байланысты мынадай ой келеді. Қазақтар кезінде тек өз жерлерін жаудан қорғап қана қоймай, көршілеріне де қиын-қыстау кезде қол ұшын берген. Бұл – өз алдына айтылатын мәселе.
Сонымен, біз жол бойында бірқатар тарихи нысандарды кездестірдік. Ортақшылдан ша­мамен 27-30 км жерде Сары қа­уымы орналасқан екен. Бұл – аса ірі қауым. Мұнда 1818, 1820, 1840-жылдары жерленген адамдардың құлпытастары сақталған. Ал Атырау қаласынан шамамен 40-50 км жерде қауым құлпытастары өте ескірген, бейіттері әбден жойылып кеткен деуге болады. Шамасы, «бұл қауымда Әбілқайыр, Нұралы хандардың ұрпақтары жатқан болу керек» деген ой келеді.

Малайсары деп неге аталған?

Түс ауа жусанды даланы кесіп өтіп, «Дәрі» қауымына да жеттік. «Дәрі» қауымы биік төбеде орналасқан екен. Аумағы шамамен 1000 шаршы метрдей. Қауым өте ескі, бейіттердің барлығы уақыт сынына төтеп бере алмай жермен-жексен болған. Біздің пайымдауымызша, бұл қауымда орналасқан бейіттердің салынғанына 250-300 жыл уақыт өткен. Қауым орналасқан жер «Малайсары» деп аталады екен.
«Дәрі» қауымының ерекшелігі – біріншіден, мұнда Есет би, Дәрі, Жапарберді батырлар сынды тарихи тұлғалардың жерленгені, екіншіден, қауымда құлпытастардың өте көп шоғыр­лануы мен олардың алабөтен көлемі (2,5-3 метрлік құлпытастар бар), әрі сапалы да, әдемі дайындалуы. Бұл құлпытастарды кешенді түрде арнайы зерттеу қажет. Зерттеумен өнертанушы ғалымдар, араб тілінің мамандары, тарихшылар атсалысуы керек деп санаймыз. Себебі құлпытастарда қазақы ою-өрнектердің барлық зооморфтық космоногиялық, геометриялық түрлері кездеседі. Өте әдемі дайындалған. «Дәрі» қауымындағы жақсы сақталған құлпытастарды ойланбастан қазақ өнерінің озық үлгілерінің қатарына жатқызуға болады.

Ұрпаққа жеткен ұлағат

Енді осы «Дәрі» қауымына жерленген билер мен батырларға тоқталайық:
Қауым Қараұлы Дәрінің есімі­мен аталған. Әкесі Қара – атақты Итемген батырдың ұлы. Мұрат Мөңкеұлының жырларында:

Итемгеннен туған бес бөрі,
Қара менен Табылды.
Қалдыбай, Мәтен, Қабылды.
Сол ерлерім барында.
Дұшпаннан кегім алынды.
Сөйтіп жүрген ерлерді,
Алып кетіп қара жер,
Беріп кетті-ау жәбірді, –
деген жолдар бар. Мүмкін, сол Қара батырдың өзі де осы қауымда жерленген болар. Ше­жіреші Мәжит Мұхтаровтың деректері бойынша Дәрі Қараұлы да батыр адам болған. Ол туралы Мұрат Мөңкеұлының мынадай өлең жолдары бар:

Артында Қабыл қалды
Қара өлгенде,
Берішті жеті баулы
бір күйзелтті.
Кешегі Ожырайдан
Дәрі өлгенде…

Шамасы, жер дауы, жесір дауының бірінде Қараұлы Дәрі Ожырайлардың қолынан қаза тапқанға ұқсайды. Шежіреге сүйенетін болсақ, Дәрі Қараұлы 27 жасында мерт болған. Дәрінің інісі Есет Қараұлы (1779-1869) – батыр, әрі жырау. Есет би Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Қарабау жерінде дүниеге келген. Қазақ тарихын, шежіресін тамаша игерген Есет Қараұлы өзінің шалқар білімін туысы Мұрат Мөңкеұлына жа­лықпай үйреткен. Мұрат ақын дала академигінен үйрен­ген­­дерін өзінің теңдесі жоқ жырлары мен айтыстарына пай­даланған.

Замана зары

Есет өмір сүрген уақыт аласапыран шапқыншылықтар мен соғыстарға толы кезең еді. Хиуа ханы Аллақұл ел-жұртына шамадан тыс салық салып отырса, әскери бекіністер тұрғызып, Жайық бойын иеленген казак-орыстардың озбырлығы елдің тыныш өміріне мүмкіншілік бермеген.
Есеттің әкесі Қара, оның іні­лері Табылды, Қабыл Мәтен, Қалдыбай, олардың балала­ры Құлбарақ, Дәрі, Есет, Жапар­берділер хиуалықтармен Ресей отаршыларына қарсы бірнеше рет жорықтарға шығып, ерекше ерлік көрсеткен еді. Есет кейін жасының ұлғайғанына қарамастан хан саясатына қарсы Исатай мен Махамбет бастаған халық көтерілісіне қатысады. Тастөбе шайқасында жеңіліске ұшыраған батырлардың күресін жал­ғастыру үшін оларға мың­даған қарулы қол жинап береді.
Осы қауымда Қабылдың ұлы Жапарберді батыр да же­рленген. Ол 1831 жылғы Құлбарақтың Аллақұл әскерімен болған шай­қасына қатысып, тірі қалған. 1833 жылы әкесі Қабылдың, ағалары Құлбарақ пен Батыр­бектің, туған халқының кегін алу үшін Хиуаға барып, жауын жеңіп, мал-мүлікті, жетім-жесірлерді еліне қайтарады.

Жапарберді атқа мінген соң,
Көк найзаға жалынды…, –
деген жолдар ол тұлғаның қан­дай адам болғандығын дәлелдесе керек-ті.
Қорыта айтқанда, «Дәрі» қауы­­мының ескерткіштерін то­лықтай зерттеу бізге көптеген тарихи деректерді, бұрын-соң­ды айтылмаған мәліметтерді ашатыны сөзсіз. Ол біздің жас ұрпағымызға өткен тарихи жолымызды кеңірек білуге жол ашпақ. Ол үшін қауымды мемлекетіміз толықтай өз қам­қорлығына алуы керек.
Қауымды темір шарбақпен қоршап, қасына үй тұрғызып, шырақшы тағайындаса дұрыс болар еді. Оның тамаша ескерт­кіштеріндегі барлық жазулар­ды оқып, қазақшаға аударып, мазмұнын жазып қою қа­жет деп есептейміз. Сонда бұл қауым жұртшылықты қызық­тыратын маңызды туристік мар­шруттардың біріне айналар еді.

Шахман НАҒЫМҰЛЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің доценті,
педагогика ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды