«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мұқтаж жандар қамқорлықсыз қалмайды

0 25

Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға өтініш берген 2129 қала тұрғынының екі мыңға жуығының өтініші қанағаттандырылды. Осы кезеңде жаңадан ашылған жеті бірдей арнайы қабылдау орындарына күніне 600-650 қала тұрғыны келіп, 8 мыңнан аса елордалықтарға кеңес берілген.
Нұр-Сұлтан қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле НҰРҒОЖИНА аталмыш көмектің жаңартылған форматына қатысты заңнама талаптарын жан-жақты түсіндіріп, әлеуметтік қолдаудың кімдерге тиесілі екенін айқындап берді.

– Бәрімізге белгілі, бұл – тұрмысы нашар азаматтарға және табысы төмен оның ішінде көпбалалы отбасы мүшелеріне берілетін ақшалай төлем. Осындай жеңілдік қарастырылатын санаттағы отбасыларды қалай анықтайды?
– Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың критерийі біршама өзгеріп, бір адамға ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 пайыздан 70 пайызға ұлғайды. Нұр-Сұлтан қаласында жан басына 2019 жылы 15 499 теңгеден 21 572 теңгеге жетті. Күнкөріс деңгейі Астана қаласында – 30 997 теңге.
Осыған байланысты атаулы әлеуметтік көмек егер отбасының айлық табысы оның әр мүшесіне шаққанда 21 572 теңгеден аспаған жағдайда ғана тағайындалады.
– Отбасының жиынтық табысын есептеуде өзгеріс енгізілді ғой.
– Отбасының жиынтық табысын есептегенде көпбалалы отбасыларға берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы, студенттердің шәкіртақысы, қайырымдылық көмектері, жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер табыс болып есептелмейді. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі біршама жеңілдетілді. Сонымен бірге, бұрындары тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшелері есепке алынатын. Енді 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-­анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады.
– Осы адамдар бір үйде бірге тұратын болса, олардың табысы отбасының ортақ кірісі деп саналады ғой? Енді осы көмекке мұқтаж адамдар табысын өздігінен есептеп көруіне бола ма?


– Әрине, оны анықтауда отбасы мүшелерінің жалақысы, зейнетақы, арнайы мемлекеттік жәрдемақы, жергілікті бюджет есебінен берілетін қалалық қоғамдық көліктерде жол жүру ақысына материалдық көмек сомасы қамтылады. Сонымен қатар, алимент пен кәсіпкерліктен түскен табыс та қоса есептеледі. Соңғысына тұрғын үйді жалға беру, жылжымайтын мүлікті, автокөлікті сатудан түскен табыс, өтеусіз алынған ақша-қаражат, ұтыстар, ақша салымдары және депозиттер бойынша сыйақылар да есепке кіреді.
– Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға арналған шартсыз және шартты ақшалай жәрдемақы дегенге түсінік бересіз бе?
– Қарапайым тілмен түсіндіріп өтсек, шартсыз ақшалай көмек, отбасында еңбекке қабілетті бір жан жоқ, немесе еңбекке жарамды жалғыз асыраушысы жеті жасқа дейін­гі баласын, мүгедек баланы, бірінші немесе екінші топтағы мүгедекті, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж қартты бағып-күтіп отырған табысы аз отбасыларға көрсетіледі. Бұл жағдайларда отбасыларға жұмыспен қамту шаралары жәрдемақы алуға қатысы болмайды. Мұндай жәрдемақыны жалғызілікті, тұрмысы нашар зейнет жасына шыққандар, 1-2 топтағы мүгедектер, екі айдан артық уақыт бойында науқастан еңбек етуге жарамсыз болғандар да алады.
Шартты ақшалай көмек, отбасында еңбекке қабілетті жандары жұмыссыз жүрген, табысы төмен отбасыларға тағайындалады. Дегенмен, өз кезегінде жұмыспен қамту орталығы ол отбасының жұмыссыз жүргендерін жұмысқа тұрғызуға міндеттенеді, ал олар болса ұсынылған жұмыс­тан бас тартпауы тиіс. Оларға лайықты жұмыс орнын немесе қоғамдық жұмыстарға, жастар тәжіриесі мен әлеуметтік жұмыс орындарына тартады. Керек болғанда қысқа мерзімді курстарға оқытып, бизнес-идеясы болса, оны дамытуға мемлекеттік гранттар беріледі. Егер отбасындағы еңбекке жарамды адам жұмысқа тұрудан бас тартса, жәрдемақы тек балаларына беріледі.
Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қаласында 8 мыңнан астам бос жұмыс орны бар, еңбек нарығындағы жұмыс берушілер орташа есеппен 90-120 мың аралығында айлық жалақымен қамтамасыз етуде.
Қорытындылай келгенде, мынаны атап көрсеткім келеді. Шартсыз не шартты атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың басты критерийі жан басына шаққандағы орташа табысын есептеу. Алдында айтылғандай, бір адамға бөлгенде 21 572 теңгеден аспауы тиіс.
– Тұрмысы төмен отбасылардың жиынтық табысы көп жағдайда 21 572 теңгеден асып кетеді. Ондай жағдайда әкімдік тарапынан көрсетілетін басқа да әлеу­меттік қолдау шаралары бар ма?
– Нұр-Сұлтан қаласы әкімі бюджеттен 6,5 миллиард теңге бөліп, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған қосымша 13 әлеуметтік кешенді жобасын бекітті. Биылғы жылдың сәуірінен бастап, қалалық емханаларда көпбалалы отбасы мүшелерін әр сенбі сайын профилактикалық тексеруден өткізіп, қажет болған жағдайда ауруханада емделуге жатқызылады.
Мектеп оқушыларының демалыс күндерінде Ашық есік күндерін ұйымдастырып, 902 көпбалалы отбасы мүшелері, оның ішінде 220 мүмкіндігі шектеулі жандарды тексеруден өткізді. 5051 адам дәрігерлік кеңес алып, 1113-іне медициналық көмек көрсетілген.
Осы санаттағыларға коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша тұрғын үй көмегін көрсету сомасы ұлғайды. Қазіргі уақытта, егер коммуналдық қызмет төлемдері отбасының айлық жиынтық табысынан 8 пайызға асып кеткенде тағайындалатын болады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті қайта қарап, 5 пайыздан асқан жағдайда төлем жасауды жобалап отыр­мыз.
Төлеу сомасы айына 4 мың теңгені құрайды. Осындай көмекпен 700 көпбалалы отбасыларын қамтитын боламыз. Үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек 6,5 АЕК-тен 10 АЕК ұлғайтылып, 228 оқушы қамтылмақ.
Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті, денсаулық сақтау мен білім саласының қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертификатын беру жоспарланды.
– Биылғы оқу жылы аяқталып қалды, алдағы қыркү­йектен бастап осындай отбасындағы мектеп жасындағы балаларына нендей көмек болады?
– Көпбалалы отбасыларының балаларына, оның ішінде мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі беріледі. Бұл 36 мың балаға есептеліп отыр. Осы санаттағылардың 1-11 сыныптарда оқитын балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұлар мектеп формасымен және қажетті оқу құралдарымен тегін қамтамасыз етіледі. 10 мыңдай оқушының жазғы демалысын ұйымдастыруды ойластырып отырмыз.
2019 жылы 20 маусымнан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде техникалық және кәсіптік білім беру орындарында тегін оқуға құжаттарды қабылдау басталады. Бұл жобада екі мыңнан астам адамды қамтимыз.
Қала әкімі Бақыт Сұлтанов қамқорлыққа мұқтаж жандардың талап-тілегін назарда ұстайды. Тұрақты түрде көпбалалы аналармен кездесу өткізіп, әкімдіктің осы бағыттағы әлеуметтік шараларымен таныстырады. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасын тауып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың қатары қысқаратынына сенімдімін.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды