«…МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ БАР МҰНДА!»

«Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…» деп жырлаған ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаев мәңгілік ескірмейтін тақырып екеніне ешкімнің дау айта алмасы анық. Ақын Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали» поэтикалық драмасы (режиссері Болат Ұзақов) тарихи тұлғаны қайта тірілткендей әсер қалдырып, аталмыш туынды алғаш рет сахналанғаннан бас­тап халықтың өлшеусіз бағасына ие болып келеді.

ЕРЕКШЕ ЕСІМГЕ ИЕ
Ал қазақтың маңдайына біткен ақиық ақынның бейнесін сомдау бақыты бұйырып, бүгінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген бірден-бір актер, ол Жанқалдыбек Төленбаев екенін өнерсүйер қауым жақсы біледі. Алаш жұртына Мұқағали бейнесімен танымал Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Жанқалдыбек Төленбаевпен теа­тр төрінде сұхбаттасудың сәті түскен еді.
1973 жылы бұрынғы Семей облысына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келген Жанқалдыбек Мүптиұлы – үйдегі алты баланың бесіншісі. Әкесі Мүпти Төленбайұлы қатерлі дертке шалдығып, 2-3 жылдың ішінде оған бірнеше ота жасалып, ақыры І топтағы мүгедектікке душар болады. Содан ауыр күндер артта қалып, бесінші сәбиі дүние есігін ашқанда Мүпти Төленбайұлы: «Құдайға шүкір, жаным аман-есен қалды, сондықтан баламның есімі Жанқалдыбек болсын» деп, нәрестеге азан шақырып, ат қояды. Осылайша, ерекше есімге ие болған Жанқалдыбек 3 сыныптан бастап ауылдағы үлкен сахналарда өнер көрсетіп, мектеп бітірген соң бірден аудандық Мәдениет үйіне киномеханик болып қабылданып, еңбек жолын бастайды. Бүгінде елімізге белгілі әншілердің бірі Клара Төленбаеваның Жанқалдыбек Мүптиұлының туған қарындасы екенін осы арада айта кеткен жөн болар.

Мәмбетовтің мектебі
Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының актер, музыкамедиа бөлімінде білім алған кейіпкеріміз ІІІ курста оқып жүрген кезінде «Шағала» спектаклінде (режиссері Болат Атабаев) Чайканың рөлін сомдап, оның театр сахнасындағы тұсауы кесіледі.
– Білікті тәлімгер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Рахила Әбдірахманқызындай ұстаздың сыныбына түскеніме өзімді бақытты санаймын. Бағымызға қарай, Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз бізді таңдап-таңдап, сұрыптап өзімен бірге Астанаға алып келген болатын. Содан 1999 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы театрға келдік. Әзірбайжан Мәмбетов көркемдік жетекші болып, біз ол кісінің бүкіл спектакліне қатысып отырдық. Сол уақытта театр сахнасында аяғымыздан тік тұруға Әзекеңнің көп көмегі болды. Оның спектакльдерінде ойнау актер үшін үлкен бақыт, – дейді Жанқалдыбек Төленбаев.

САХНАДА – МҰҚАҒАЛИ
«Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» спек­таклінде Жантақтың, «Абылай­ханның арманы» спектаклінде Қалдан-Сереннің, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» пьесасында Сәбитжанның рөлінде ойнаған актердің басына бақ болып қонып, «Жанқал­дыбек» деп есімін елге танытқан Серік Тұр­ғынбековтің «Мұқағали» спектак­ліндегі Мұқағали Мақатаевтың рөлі екені белгілі.
– Бұл пьеса 15 жылдан бері режис­сер­дің, әріптестеріміздің үлкен еңбе­гінің арқасында репертуарымыздан түспей келе жатыр. Еліміздің қай өңіріне гастрольдік сапармен барсақ та, көрермен жақсы қабылдап, ерекше көңіл-күйде болып, өнер ұжымына алғысын айтып жатады. Жалпы, барлық рөлдері жақсы шықса да, соның ішінде актер үшін бір рөлі ерекше болып, дараланып тұрады. Мені ерекшелеп тұратын осы Мұқағали рөлі деп ойлаймын. Алғашқы кезде ақын образына кіруге жүрексініп, қиналып, дайындық жасап жүргенімде Серік Тұрғынбеков ағамыз: «Әй, Жан, кейін осы «Мұқағали» спектаклі сенің бақытың болады» деп айтатын, – деген Жанқалдыбек Төленбаев спектакльдің тұңғыш рет сахналанғанындағы сәттерін де әңгімелеп берді. – Спектакльдің премьерасына Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Қуаныш Сұлтанов сынды кілең игі жақсылардың барлығы арнайы келді. Мен сол сәтте ең алдымен Фариза апамыздан «қалай қабылдар екен?» деп қымсындым. Естуімізше, сол күні марқұм Әбіш ағамыздың үйіне қонақтар келіп жатса керек, телефоны маза таппай, қайта-қайта шырылдап, ол кісі: «Қазір барамын, күтіңдер» деп отырған. Бір уақытта спектакльдің қызығына беріліп кеткендігі сонша телефонын сөндіріп қойып, қойылымды аяғына дейін көрген Әбіш Кекілбаев спектакль аяқталған соң сахнаға шығып, сөз сөйледі. Сол кезде Фариза апамызға қарасам, орнынан қозғалмай отыр екен. Байқасам, көзіне жас үйірілген. Содан соң ол кісі де сахна төріне көтеріліп, қолымызды алып, алғысын айтты. Кейін­нен де поэзия падишасымен талай мәрте жүздескен кезімізде ол ең алдымен: «Ассалаумағалейкум, Мұқа!» – деп барып, сосын ғана «Жан» деп атайтын мені. «Мұқаң тура өзің сияқты болатын» деп, мені ақиық ақынға қатты ұқсатушы еді. Бір күні Фариза Оңғарсыновамен кездесуде қатысушылардың бірі: «Сіз Мұқағалимен ең алғаш рет жолыққанда ол кісі қандай еді?» деп сұрақ қойғанда поэзия падишасы: «Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрында Жанқалдыбек деген актер бар. Сол жігіт Мұқаңнан аумайды. Жүріс-тұрысы мен келбеті, тіпті желп-желп еткен шашына дейін ұқсайды. Мұқаңды алғаш рет Жазушылар ода­ғынд­а сондай кейіпте көрдім» деп жауап берген еді. Әрине, Фариза апамыздың жылы лебізі – мен үшін шексіз қуаныш.
Театр сахнасында ғана емес, кино әлемінде де бағын сынап үлгерген актер «Мұқағалидың шындығы» деген деректі фильмде Мұқағалидың, «Біржан сал» фильмінде Есауыл қалмақтың рөлінде ойнаса, «Қазақ елі» тарихи киносында жоңғардың әскербасының рөлін сомдаған. Алдағы уақытта да кинорежиссерлерінен ұсыныс түсіп жатса, бас тартпайтынын тілге тиек еткен сахнаның Мұқағалиы болашақта өзін Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш арыстарының кейпінде көргісі келеді екен.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Сонымен қатар

АЛАШ МҰРАТЫ

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, яғни 12 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінде Алаш …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған