«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мүмкіндікті мүлт жібермеңіз

0 69

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасына сәйкес қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатқан мүлікті заңдастыру акциясының аяқталуына небары 137 күн қалды. Сол себепті ел азаматтары осы науқанды заңды тұрғыда барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр. 

013

Ресми органдардың мәліметіне сүйенсек, жаппай жариялау акциясы жақындаған сайын көлеңкедегі қаржысын жарыққа шығаруға ниет танытушылардың саны күрт артқан. Арнайы комиссияларға келіп түскен 100 мыңнан астам өтініштің дені соңғы үш-төрт айдың еншісінде. Жиған-тергенін барынша жасырып ұстайтын байлар да көштен қалмай, Дубай секілді ірі қалалардағы 100  млн тұратын пәтерлері мен ең арзаны 200 млн доллар тұратын виллаларын заңдастыруға көшкен. «Бұған дейін әлемнің 8 елінде 33 нысан көрсетілсе, бүгінгі таңда 16 елде 100 нысан жарыққа шықты. Ал ел аумағында заңдастырылған мүліктің саны 95 672-ні құрап отыр. Жалпы алғанда, сомасы 2,1 триллион теңгенің мүлкі мен қаржысы заңдастырылды. «Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш ұлғайып келеді. Биылғы акцияға үлгермей қалған азаматтардың мүлкі немесе қаржысы анықталса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Азаматтардың белсенділігіне осы жағдайлар да әсер етіп отыр» дейді Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Ержан Біржанов.
Елордалықтардың да беталысы жаман емес. Астана қалалық Қаржы басқармасының мәліметінше, жергілікті атқарушы органдарына жалпы сомасы 95,5 млрд теңгені құрайтын барлығы 7405 өтініш келіп түскен. Соның ішінде 59,0 млрд теңге сомасын құрайтын 9330 тұрғын үй нысаны, 36,6 млрд теңге сомасындағы 9900 тұрғын үй емес нысан, 22,4 млрд теңгенің 1038 коммерциялық нысаны болып отыр. Бүгінде 31,8 млрд теңгенің 6826 нысаны заңдастырылған. «Бұған қоса, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті органдарына жалпы сомасы 998,8 млн теңгені құрайтын 8 нысан бойынша 3 арнайы декларация тапсырылды. Ал шет мемлекеттердегі нысандарды жария ету бойынша тиісті мекемеге сомасы 440,8 млн теңге болатын 10 нысан бойынша 8 арнайы декларация өткізілген» дейді дейді Алматы аудандық Мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссиясының хатшысы Ернар Қошанов.
Қаржыны заңдастыру бойынша да жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл саладағы ұсынылған 284 арнайы декларацияның құны 416,3 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, 8,1 млн теңгенің бағалы қағаздары да заңдастырылғанын атап өткен жөн.
Жалпы мұндай акция елімізде осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Оның алғашқысы 2001 жылдың 14 шілде мен 14 тамыз аралығында жүргізілген болатын. Бір реттік заңдастыру науқаны ретінде өткізілген бұл шараға 3 мыңға жуық адам өтініш беріп, барлығы 480 млн доллар көлеміндегі қаражат заңдастырылды. 2006-2007 жылдары аралығында екінші рет өткізілген заңдастыруда тек ақша ғана емес, сонымен қатар жылжымайтын және жылжымалы мүліктерге де мүмкіндік берілді. Науқан бір жылдан астам уақытқа созылып, жалпы көлемі 844,7 млрд теңгенің мүлкі заңдастырылған болатын.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды