«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мүмкіндікті мүлт жібермеңіз

0 55

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасына сәйкес қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүргізіліп жатқан мүлікті заңдастыру акциясының аяқталуына небәрі 81 күн қалды. Сол себепті ел азаматтары осы науқанды заңды тұрғыда барынша пайдаланып қалуға тырысып жатыр.

1457696408_legalize-money

Астана қалалық Қаржы басқармасының басшысы Руслан Досаевтың мәліметінше, жергілікті атқарушы органдарына жалпы сомасы 107,2 млрд теңгені құрайтын барлығы 8 252 өтініш келіп түскен. Соның ішінде 65,6 млрд теңге сомасын құрайтын 10 235 тұрғын үй нысаны, 41,1млрд теңге сомасындағы 10 883 тұрғын үй емес нысан, 22,6 млрд теңгенің 1089 коммерциялық нысаны болып отыр.

Руслан Досаев, Астана қаласы Қаржы басқармасының басшысы:
– Арнайы комиссияның шешімімен бүгінге дейін түскен өтініштердің 3 444-і қанағаттандырылып, 37 млрд теңгенің 7 624 нысаны заңды түрде тіркеуге алынды. Заңдастырылған мүліктердің 3 885-і – тұрғын үйлер, қалғаны – коммерциялық және басқа мақсаттағы нысандар. Сонымен қатар, 5 заңды тұлғаның қатысу үлесі 457, 9 млн теңгені құрады.

Келіп түскен өтініштердің басым бөлігі әдеттегідей Алматы ауданының тұрғындарына тиесілі болып отыр. Мүлікті жария ету науқаны басталғалы бері осы ауданда жалпы сомасы 59,2 млрд теңгені құрайтын 3 874 өтініш келіп түскен. Ал Есіл ауданының әкімдігіне 30,2 млрд теңгенің 1 376 өтініші жолданса, Сарыарқа аудандық комиссиясы да 17,8 млрд теңгенің 3 002 өтінішін қарап үлгерген.

КЕРЕК-ДЕРЕК:
Қаржыны қалай заңдастыруға болады?
Қаржыны екі тәсілмен заңдастыруға болады. Ақша қаражатты банк шоттары арқылы рәсімдей аласыз. Бұл қаражатты азаматтар қалауынша бизнеске, жылжымайтын мүлік сатып алу секілді операцияларға жұмсай алады. Бұл жағдайда ақшаның 10 пайызы алым ретінде алынады. Сонымен қатар, шетелде немесе қолма-қол айналымдағы ақшаны банк шоттарында көрсетпей, өтініш жазу арқылы жария етуге болады. Бұл ретте бюджетке 10 пайыздық алым төленеді. Ең дұрысы, ақша қаражатынан басқа мүлікті жергілікті атқарушы органның жанындағы комиссияға өтініш беру және тиісті құжаттарды беру арқылы заңдастыруға болады. Бұл ретте алым алынбайды. Тек мүлікті заңдастырған адам оны тіркеу, соның ішінде құжаттарды дайындау мен жасау бойынша шығындарын төлейді.
100-nakty-kadam-350x262
Қандай құжаттар қажет?
Жылжымайтын мүлікті жария ету үшін салық органдарына (жеке тұлғалар тіркелген жері бойынша, заңды тұлғалар мемлекеттік тіркелуі бойынша) екі дана өтініш, алымның төленгенін растайтын және жеке басын куәландыратын құжат өткізесіз. Ал заңды тұлғаның өкілдері үшін заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелу туралы куәлігі, салық төлеуші куәлігінің нотариатпен куәландырған көшірмелерін және олардың өкілеттігін растайтын құжаттар қажет.
Шет тілде ресімделген құжаттар мемлекеттік тілге немесе орыс тіліне нотариат куәландырған аудармасымен табыс етілуге тиіс.

Сондай-ақ, мүлікті заңдастыру науқаны бастау алғалы бері қаржыны жария ету бойынша 497, 7 млн теңгеге 456 арнайы декларация тапсырылған. Тағы 8 млн 110 мың теңгенің құнды қағаздары жария етілді. Қабылданған декларациялар бойынша келіп түскен қаржылар екінші деңгейлі банктерде ашылған ағымдық есепшоттарға аударылып, заңдастырылып жатыр.

Ресми органдардың мәліметіне сүйенсек, әсіресе, соңғы уақыттарда еліміздің барлық өңірінде өтініш берушілердің саны күрт өсіп, көлеңкедегі қаржысын жарыққа шығарып, қол астындағы мүлкін тізімдетушілердің қатары көбейген. 10 қазанға дейінгі есеп бойынша Мемлекеттік кірістер органдары мен Мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссияға жалпы еліміз бойынша барлығы 2 960 314,6 млн теңге сомасында 115 213 өтініш (декларациялар) түскен. Бұлардың 110 мыңнан астамы ел аумағында тіркелген мүліктерге қатысты болса, 200-ге жуығы – шет елде тіркелген нысандар. «Бүгінде барлығы 106 мыңнан астам мүлік заңды түрде тіркеуге алынды. Ақша, бағалы қағаз – барлығын қосқанда, 2,6 трлн теңгеден астам қаржы заңдастырылды. Оның 1 757,5 млрд теңгесі – қолма-қол ақша. Қалғаны – жылжымайтын мүлік, заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесі және құнды қағаздар. Келіп түскен өтініштердің 110 мыңнан астамы ел аумағында тіркелсе, 200-ге жуығы Қазақстан аумағынан тысқары, яғни шет мемлекеттерде тіркелген мүліктер» делінген Қаржы министрлігінің мәлі­метінде. Уақыт өткен сайын бұл көрсеткіш ұлғайып келеді.

Мамандардың айтуынша, биылғы заңдастыру науқаны өте жоғары қар­қынмен жүргізілуіне құжаттық процедуралар мен жеңілдетілген нормалардың енгізілуі себеп болып отыр. Нақтылай айтар болсақ, жыл басынан арнайы заңға өзгеріс енгізу нәтижесінде бүгінде ақшалай қаражаттарды заңдастыру тәртібі біршама жеңілдеген. Яғни, қаржысы мен мүлкін заңдастыру арқылы азаматтар қылмыстық қудалаудан сақтандырылып қоймай, әкімшілік жауапкершіліктен құтылып, салық төлеуден босатылады. Ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесі және басқа адамның атына рәсімделген мүлік пен ел аумағынан тыс орналасқан мүліктерді заңдастырып алуға мүмкіндік беріп отырған бұл шараның артықшылығы өте көп. Атап айтқанда, жария ету процедурасы бұрын тіркелмеген мүлікті мемлекеттік кірістер органдарына декларациялар беру арқылы жеңілдетілген тәртіпте тіркеуге мүмкіндік береді. Заңдастырылған мүлік пен ақша салық алу мақсатында кіріс болып есептелмегендіктен, табыс салығы салынбайды. Тек Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлікті жария ету үшін 10 пайыздық алым алынады. Оның үстіне құзырлы органдар мүлкін заңдастырушы азамат жайлы ақпараттардың құпиялылығын қамтамасыз етуге де кепілдік береді.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды