-->

МҮЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУ МҮМКІНДІКТЕРІ

Fotolia_59994080_Subscription_XXL

«Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заң күшіне енгелі бір айдан аса уақыт өтсе де жұртшылықтың білгісі келетін мәселелері әлі де толастар емес. Осыған байланысты біз ең көп кездесетін сауалдарды іріктеп, мүлікті заңдастыру бойынша аудандық комиссияларға жолдаған едік.

– Менің аты-жөнім – Гүл­бар­шын Мұқанова. Қазіргі күні біз отбасымызбен тұрғын үй салып жатырмыз. Үй салынып жатқан жердің жекеменшік иесі – өзіммінҚұрылысты шамамен 2015 жыл­дың ақпан-наурыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Үйдің құрылысы аяқталысымен заңдастыру бойынша өтініш берсем бола ма?

– Заңның 2-ші бабындағы 1-тармақшасында «Осы заңның күші  2014 жылғы 1 қыркүйекке дейiн өздеріне тиесілі болған және өздері алған мүлiктi жария ететiн және жария еткен жария ету субъектілеріне қолданылады» деп атап көрсетілген. Осыған сәйкес, егер сіздің салып жатқан үйіңіз мүлікті заңдастыру бойынша заңының уақыты біткен кезде тапсырылса, онда ол жария етуге жатпайды.

 

– Көпқабатты «Эверест» тұрғын үй кешенінде тұрамын. Екі бөлмелі пәтерімдегі асүйді кеңейтіп, қайта жобалау жұмыстарын жасаған едім. Жұмысты жасаған кезде ешкімнен рұқсат алмай, өздігімнен жасадым. Енді  Мүлікті заңдастыру заңын пайда­ланып, техникалық паспортты ретке келтіріп, қайта жобалауды заңдастыра аламын ба?

– Заңның 3-бабы 1-тармағына сәйкес, ақша, құнды қағаздар, заңды тұлғадағы жарғы капиталындағы үлес, басқа тұлғаға рәсімделген жылжымайтын мүлік, ҚР территориясында орналасқан ғимараттар (құрылымдар мен ғимараттар) және ҚР тыс орналасқан жылжымайтын мүлік жария етіледі. Ал, пәтерді қайта жоспарлау бұл тізімге енбейтіндіктен, жария етуге жатпайды.

 

– Менің атым – Раушан Қошанова. Туысыммен бірге жер алып, онда үй салып алған едік. Енді осы үйді өз атыма жекешелендіріп алу үшін сотқа арыз берген едім. Мүлікті заңдастыру заңын пайдаланып, үйді жекешелендіріп алсам бола ма?

– Қолданыстағы рақымшылық туралы заңда сот тәртiбiмен меншік құқықтар дауланып жатқан тұрғын үйлер жария етуге жатпайтыны анық жазылған. Осы себепті сіз аталған үйді мүлікті заңдастыру заңы бойынша жария ете алмайсыз.

 

– Мен бір досымнан машина сатып алған едім. Бірақ жай ғана айдауға болатын қолхатпен алдым. Қазір ол досым Алматыда. Енді осы машинаны өз атыма жекешелендіріп алуыма бола ма?

– Автокөлік – жылжымайтын мүлік емес. Ол жария етілетін мүліктердің тізіміне кірмейді. Сондықтан Жол полициясы басқармасына барғаныңыз жөн.

 

– Менің білгім келетіні, егер ау­дандық мүлікті жария ету жөніндегі комиссия мен өтінім берген мүлікті заңдастырудан бас тартса, қайда барып арыздана аламын?

– Заңның 17-бабына сәйкес, егер мүлікті жария ету кезіндегі шешімге келіспесеңіз, онда Қазақстан Респуб­ликасының заңдарында көзделген тәр­тіппен сотқа шағым жасай аласыз.

 

– Сіңліміз екеуіміз 2000-шы жылдардың басында саяжайлық жер сатып алған едік. Қазір онда саяжай емес, үй салып алдық. Енді осы үйді заңдастыра аламын ба?

– Сіздің жеріңіздің нысаналы мақсаты тұрғын үй құрылысын тұрғызуға арналмаған. Бұл – бау-бақша өсіруге бағытталған. Сондықтан саяжайға арналған жерге үй тұрғызу заңға сәйкес келмейді және мүлікті жария ету туралы заң шеңберіне де сыймайды.

 

– Біздің жекеменшік жеріміз бар. Онда үй салдық. Былтыр гараж бен қойма салып алған едік. Бірақ әлі заңдастырған жоқпыз. Бұны мүлікті заңдастыру заңы арқылы шешуге бола ма? Егер комиссияға тапсырсақ, қанша уақытта нәтижесі болады?

– Сіздің салған гаражыңыз өзіңіздің жекеменшік жеріңізде орналасса, онда өзіңіз қарайтын ауданның мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясына келіп, өтініш беруіңізге болады. Комиссия өтінішті отыз күн ішінде қарастырып, біржақты жауап беретін болады.

 

– Есімім – Серік. Менің қоймам бар. Оның құрылыс талаптарына сәйкестігі туралы сот қорытындысы да қолымда. Енді осы қойманы заңдастыру үшін қосымша техникалық сараптама қажет пе?

– Аталған заңның 11-бабындағы 1-ші тармақтың 1-тармақшасына сәйкес сіз ғимараттар мен құрылыстарды объектінің құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкестігіне техникалық тексеруді жүзеге асыратын аттестатталған са­рапшының қорытындысын әкелуге тиіссіз.

 

– Сіздерге Ербол Мусаипов деген азамат сауал жолдап отыр. Менің «Оңтүстік-Шығыс» тұрғын алабында автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін стансам бар.  Соны заңдастырып алмақшы едім. Білейін дегенім, жылжымайтын мүлікті заңдастыру үшін алым қалай жасалады? Мүлікті бағалау қажет пе? 

– Заң бойынша, мүлікті жария еткені үшін алым Қазақстан Рес­публикасы аумағының шегiнен тыс жерлерде тұрған жылжымайтын мүлiктi немесе эмитенттері шет мемлекетте тіркелген бағалы қағаздарды немесе шет мемлекетте тіркелген заңды тұлғалардағы қатысу үлестерін жария еткен кезде өндіріліп алынады. Осыған сәйкес, сіздің жағдайыңызда жария еткені үшін алым алынбайды.

 

– Мемлекеттен арендаға алынған 10 сотық жерім бар еді. Әлі үй салған жоқпын. Бірақ уақытша қоржын там (времянка) соққам. Жылжымайтын мүлікті заңдастыру заңына сәйкес, осы жерімді өз атыма түсіріп, жекешелендіріп алуыма бола ма?

– Заң бойынша,  үй салынған жер учаскесі сізге жекеменшік мүлік ретінде ресімделген болуы керек. Ал егер ол жер басқа біреудікі немесе оған мемлекет иелік еткен болса, онда сол жердегі үй жария етуге жатпайды.

 

– Менің атам – соғыс ардагері. Кезінде оған үй берген болатын. Кейін үйді атамызға жекешелендіріп бердік. Атам қайтыс болды. Бірақ мұрагерлікке ешкімді бекіткен жоқ. Сол атамның үйін баласы ретінде жекешелендіріп, өз атыма қалай аударып алсам болады? Мүлікті заңдастыру заңы көмекке келе ала ма?

– Мұндай жағдайда аталған заң көмекке келе алмайды. Сіз нотариуске мұрагерлік құқығы туралы куәлік беру туралы арызбен жүгініп, бекітілген тәртіппен құжаттарды рәсімдеуіңіз қажет.

 

– Мүлікті жария еттік делік. Бұдан кейін мүлік иелері мен құқық қорғау орындары арасында келіспеушіліктер туындамай ма? Барын жария еткен жандардың үстінен қылмыстық іс қозғалмауына кім кепілдік береді?

– Заңдастыру тәртібіне сәйкес келмейтін қылмыс түрлерінің тізімі заңда анық көрсетілген. Атап айтқанда, жалған ақша мен бағалы қағаздар жасау және өткiзу, жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу; инсайдерлік ақпаратты заңсыз пайдалану және бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау нәтижесiнде алынған мүлік жария етуге жатпайды.  Сондай-ақ, қылмыстық іс қозғалмауына кепілдік берілетін тармақтар да бар. Айталық, мүлікті жария ету барысында алынған мәліметтердің құпиялылығы сақталады; екіншіден, заңдастырылған мүлік пен мүлік иесінің үстінен мүлікті жария ету барысында анықталған мәліметтерге сүйене отырып қылмыстық іс жүргізуге және әкімшілік, тәртіптік жауапкершілікке тартуға тыйым салынған.

Дайындаған: Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

2 комментария

  1. Мен 2013те уи тұргыздым.бірак 8сотық жер жер иесінің атында гос актімен болған.Бөліп төлегенім үшін жер телімін иесінің атынан өз атыма 2015 те аударылды.казір қолымда БТИ дын қагазы.гос акт.топасемка.архитектурный сёмка.сейсмозаключение бар.акімдікке заңдастыруга тапсырғаным қайта келді.легализацияға өтпеді.енді зандастыруга баска мекемеге жіберді.ондағылар 380 000 тенге болады деп айтты.осы каншалыкты заңды.кай мекемеге баруым керек заңдастыру үшін.2012ден бері еш жерде тіркеуде жоқпын.өз үйіме тіркеле алмаймын.

  2. Мүлікті заңдастыру 2017 жылдың қай айында басталады және жолын көрсетсеңіз

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*