Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

Мұхамеджан ТАЗАБЕК, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры: АЛЛА ОҢДЫ ӘРЕКЕТКЕ БЕРЕКЕТ БЕРЕДІ

Жала жапқандардан қорғанып келемін

– Әлеуметтік желіде Сізді даттайтындар да, мақтайтындар да көп. Әсіресе, соңғы кезде бір жазбаны бөліскеніңізде бұл қатты байқалды. Досыңыз көп пе, жауыңыз көп пе, қалай ойлайсыз?

– Мұқағали ақын «Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем? Әйтеуір, жүрген жерім сайран кілең. Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы, Алдымда ақ дастарқан, жайған кілем» дейді ғой. Сол айтқандай, алдыма келіп «Мынауың дұрыс болмады» немесе «Мына ісің ұлтқа зиян келтірді» деп жатқан ешкім жоқ. Керісінше, көрген жерде батасын беріп, қолымды қысып, ризашылығын айтып, арқамнан қағып жатқан ел көп. Өкінішке қарай, сыртымнан кінә тағатындар – мені білмейтін, ең болмаса менімен бір кесе шәй ішіп, әңгіме айтпағандар. Сон­дықтан оларды дұшпан деп те есептеуге болмайды. Мені көрмей, білмей, болмай тұрған көңіл-күйдің әсерінен артық-кем кеткенім үшін сыртымнан «экстремист», «террорист», «радикализмді насихаттаушы» деп жатса, бұл – әділетсіздік. Ешқандай да шындыққа жанаспайды. Қазақ айтады ғой: «Біреуге ор қазба, өзің түсесің. Біреу­ге жамандық тілеме, Өзіңе жақсылық тіле!» Сондай жандарға мына насихатты айтқым келеді.

Қазақы түсінікте «әділетті дұшпан» деген ұғым бар. Қазақ «Ақымақ достан, ақылды дұшпан артық» дейді. Бұл жау іздеу емес, «позициясы, көзқарасы бөлек, алға қойған мақсаты мен мүддесі әркелкі болғандар ақылды әрі әділетті болса» дегені. Ла­йықты түрде тіресіп, жеңілсең «жеңілдім», жеңсең «жеңдім» дейсің.

Ал өтіп бара жатып тісін батырып қалып, кетіп бара жатып тасадан тас лақтырып, жұртты шулату дұшпандық емес, бәлкім, пендешіліктен болуы мүмкін. Бар болғаны, әркім өз деңгейінен хабар береді.Әлеуметтік желіге тіркелгеніме 5-6 жыл болыпты. Осы уақытқа дейін ешкімнің атына арнайы шабуыл жасап, айыптап көрмеппін. Тек қана жала жапқандардан қорғанып келемін. Мені толық танығысы келгендер, әлеуметтік желідегі жазбаларымды бағамдап, бақыласа жеткілікті.

Адамдар барды көрмейді, іздегенін көреді

– Сізді сыртыңыздан «сәлаф» дейтіндер көп. Осы тақырыпқа нүкте қоятындай жауап бере аласыз ба?
– Оған нүкте қойылмайды.
– Неге?
– Себебі мен «сәлаф» емеспін. Сәлафтар, біріншіден, исламның сонау алғашқы дәуірлерінде өмірден өтіп кеткен. Ал «сәлафиміз» деп жүргендер – өздерінің ұстанған жолын қоғаммен байланыстыра алмай жүрген адамдар. Оларға да менің ешқандай қатысым жоқ. Мен, бабаларымыз айт­қандай, әлхәмдулилла мұсылманмын. Мен псевдосәләфи да, тәркі дүние сопы да, арнайы бір табынушысы бар ағымның жолындағы адам да емеспін. Мұсылманмын. Жәй ғана зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқан жауапты тұлғамын.

Маған «сәлаф» деп жала жауып отырғандар әділетті айыптап жатқан жоқ. «Біздің қоғам кімдерді осылай айыптады?» деп қарасам, кім біреуге ұнамай қалса, соны айыптайды екен. Бұл жерде, шын мәнінде діни көзқарасы бойынша радикалды бағыт ұстанғандарды айтып отыр­ғаным жоқ. Ол түсінікті. Олардың жағдайын құзырлы органдар тексеріп, жазасын белгілей жатады. Біреулердің жүрегін ауыртатын ешнәрсе айтпаппын. Айыптайтын жалғыз жол – жала жабу. Иә, періште емеспін, менің де қателігім бар, шатасатын жерім болады. Мен ғана емес, әлеуметтік желіде отырған адамдардың көбі әртүрлі видеоларды бөліседі. Қарасаңыз, біреу Еуропадағы бір видеоны бөлісіп, бірақ, нақты қай студияда жасалғанынан хабары болмауы мүмкін.

Мәселен, мені айыптаған адамдардың өзі мемлекеттік тұтастығымыз бен ұлттық құндылығымызға қатысты қаншама пікірлерді айтып жатады. Немесе жекелеген адамдарға қатысты түрлі жағымсыз жайттарды таратады. Жығылып жатып, сүрінгенге күлетін осындай отандастарымыз жеткілікті. Менің жеке басыма «ит, шош­қа, террорист, радикалист» секілді небір сөзді айтып жүр. Міне, бұл сотқа сүйретіндей жағдай. Бірақ бір қазақ бір қазақпен дауласпаса екен. Білместікпен айтқан сөзді өткізіп жібермесем, білгенім қайда деймін.

Ең бастысы, діни, руxани ортадағылар «сәлафи» емес екенімді біледі. Дәстүрлі дінді ұстанатынымды және ата-бабаларымыздың дәстүрін, ақида тұрғысынан, фихқ тұр­ғысынан да азаматтық позициямның Конституция­ға қайшы келмейтінін Бас муфти да, имамдар да, құ­зыр­лы қызметтегілер де біледі. Талай алқалы жиындар мен еңселі есіктердің ар жағындағы небір маңызды әңгімелердің басы-қасында болғанмын. Жауапты тұлғалар ішкі-сыртқы жағдайымнан толық xабардар.

Маған қатысты осы сөзді айтатын адамдар барды көрмейді, іздегенін көреді. Өздері белгілі бір көзқарасты ұстанып алып, өзінің көзқарасына сәйкес келмейтін адамдарды айыптай бастайды. Белгілі бір топтың төңірегіне шоғыр­ланып алады да, сол топтың ішінде болмағандарды айыптаумен айналыса бастайды. Ешуақытта ашық ойымды жасырып қалмадым. «Асыл арнадағы» діни бағдарламаларда көзқарасым ашық көрінеді. Ешкімнің алдында ақталмаймын. Ақталатын нәрсем жоқ. Амал-әрекеті ашық адаммын.
– Алғаш рет халыққа қасиетті домбырамен танылдыңыз. Қазір домбырамен мүлдем көрмейміз. «Дінге бет бұрғалы, домбырадан теріс айналды» деген пікірлерді де естідік. Бұл қаншалықты шындық?

– Мені жалпы сахнадан жоғалтып алдыңыздар. Айтыс өнерінен ең бір жарқырап, жолым болып тұрған кезде кеттім. «Дінді ұстанғаннан айтыстан кетті», «домбыраны харам деді» деу қате. Себебі үлкен сахнамен қоштасқаныммен, кішігірім отырыстарда, жақын-жуықтарымның, құда-жекжаттарымның ортасында қай кезде де домбырамды қолыма алып, арнау-термелерімді орындап жүрген адаммын.

Рухани саламыздың қақпағы ашық тұрған тұстары көп болды

– Ертеректе дінге байланысты кез келген мәселеге құрметпен қарайтын халық бұл күндері күдіктеніп, қауіптенетін халге жетті. Қоғамдағы исламофобияны айтамын…
– Осыдан жиырма жыл бұрын діндар адам бір үйге кіріп намаз оқимын десе, жайнамазын туралап, құманын дайындап, әулие кіріп келгендей күтетін. Қазір туыс­тардың немесе құдалардың арасында намазхан адам болса күдіктенеді. Әрине, қоғамда ерсілі-қарсылы, дұрысы бар, бұрысы бар ақпарат жүріп жатыр. Біреулер шын мағынасында жұртты сақтандырғысы келіп, ақпарат таратады. Біреулер жәй әңгіме болсын деп әйтеуір, айтады. Діннен шошытқысы кеп, қорқытушылар да жоқ емес. «Асыл арнада» да дау-дамай тудыратын мәселелерден қашамыз. Әсіресе, хиджап, сақал мәселесіне келгенде аулақтау жүреміз. Себебі бұл мәселелер қоғамды үрейлендіріп, тұтас тұрған қоғамға сызат түсіргеннен басқа ешнәрсеге алып келмейді. Даулы мәселеге қадам басқымыз келмейтіні де сол.

Біз жаңадан мемлекет болып құрылдық. Алғашқы кезде экономикамызды түзейміз дедік. Рухани сала­мыз­дың қақпағы ашық қал­ған тұстары көп болды. Сол кездері қай баламыздың қайда оқуға кетіп жатқанына, рухани бағыттың бастаушылары кімдер екеніне аса мән бермедік. Мәселе осыдан басталды. Кейін есімізді жидық. Әлемде терроризм қаупі мен үрейді тудыратын қауіпті жарылыс­тар мен сорақы оқиғалар орын алды. Ол ақпараттар күндіз-түні әлемдік телеарналардан нөсерше құйылып тұрды. Қарап отырып-ақ зәреміз ұшты. Жұрттың бәрі алды-артын өлшейтін, терең адамдар емес. Көргеніне сенеді. Жарылыс­ты кімдер жасады? «Орамал таққандар. Сақалдылар» деген пікір қалыптасты. Сондықтан көшеде сақал қойғандар кім көрінгенді жарып жіберетіндей, бірдеңені бүлдіретіндей жұрт үрейленетін болды. Әлемдегі исламофобия­ны негізінен қалыптастырып отырған бұқаралық ақпарат құралдары. Төртінші билік тек қана ізгі ниетті адам­дардың қолында емес қой. Әртүрлі пиғылдағы, саяси бағыттағы, экономикалық талас-тартыстағы топтардың қолында. Олар өздерінің саяси-әлеуметтік, қаржылық-­экономикалық мақсаттарын жүзеге асыру үшін дінді де, діни құндылықты да құрбандыққа шала салады.

Tүйткіл бар, бірақ мемлекет бақылап отыр

– Бізде жат ағымның жетегіне кеткендердің бары жасырын емес. Қарапайым қазақтың ұл-қыздарын сонау Таяу Шығысқа жетектейтін қандай күш? Не себепті мұсылман мұсылманның наласына қалуда?

– Бұл әлемдік жаман үр­діске айналды. Кез келген жерге тамақтың қоқымы түссе, жиналған көк шыбын қайдан келді деп сұрай алмайсыз, өздері тауып келеді. Сол сияқты бүлік болса, бүлікқұмар адамдар оны тауып алады. Біздің қауым ішінде дін ұстанушы болсын, болмасын бүлікқұмар, ұрысқұмар, мәмілеге келіскісі келмейтін, қыңырайып қисық жүретін адамдар қай уақытта да бола береді. Әсіресе, діни қажеттіліктерге мемлекет жағдай жасап, мешіттер ашы­лып, діннің мүмкінші­лігі көбейген сайын ондай адам­дардың да дін арқылы, мұсылманшылық арқылы адасушылықтары ашылып жатады. Бұл адамдар діни ортаға келмесе де «проблемный» адамдар болатын еді.

Діни құлшылыққа кеп, қате жолды ұстап, қайғы-қасірет шегіп жатқандарды жақсылап зерттесе, көпшілігі діни ортаға келмей тұрып та мектепте, отбасылық өмірде жұрттың мазасын алған, мәмілесі жоқ жандар болғаны анықталар еді. Ол адам иманға келгеннен кейін дінді дұрыс ұстанайын деп емес, елден өзгеше болайын деп, діннің ішінен де сытылып шығып кететін тесік іздеп жүргенде осындай теріс әрекеттерге барады. Адамның болмысы қызық қой. Өткен дәуірдің өзінде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманынан ұзамай-ақ тікелей Алладан келіп жатқан хабардың қайнарынан ішіп тұрып, адасып кеткен xауариждік жолдағы адамдар болған. Қате жол таңдап, қайғы-қасіреттен өткендер болды. Ал енді біздің онсыз да ми батпаққа малтығып, ши қотыры шыққан, рухани құндылықтарымыз құрдымға кетіп жатқан дәуірімізде бұлай адасу өкінішке қарай, заңдылыққа айналып отыр.

Бір нәрсені айта кету керек, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылуы мемлекеттің дінге қаншалықты алаңдап жатқанын, адамдардың діни-рухани құндылықтарын қалпына келтіру үшін, тұтастықта, тыныштықта өмір сүруі үшін орасан жұмыстар жасалып жатқанын көрсетеді. Жат идея­лардың кіріп кетуінің алдын алу, діни мәселемен жүйелі түрде айналысатын органның болуы – қазіргі уақытта жетістік. Салыстыр­малы түрде алғанда біздің жағдай тұрақты әрі қалыпты. Түйткіл бар, бірақ мемлекет бақылап отыр. Біз басқа мемлекеттер секілді есік-терезесін жауып алған ел емеспіз, азаматтық ашық қоғамда өмір сүреміз. Адамдардың діни құқықтарын орындауға мем­­лекет мүмкіншілік жасап отыр. Біреу қисық жолға, біреу дұрыс жолға түседі. Сол қисық жолға түскендерді түзету, ағарту, қауіп төндіретіндерді жазалау – мемлекет мойнындағы шаруа.

– Ислам – ғылым мен бі­лімнің діні. Алайда жаңа инновациялық жетістіктерді бидғатқа балауына байланысты мұсылман әлемі бұл салада қазір артта қалған секілді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Ислам әрдайым ғылымның дамуын қолдаған. Ең жақсы мұсылман – көпке пайдасы тиген адам. Ең жаман мұсылман – қолымен де, тілімен де зиян беретін мұсылман. Мұсылман құлшылығының екі түрі болады. Бірі – діни, екіншісі – дүнияуи құлшылық. Діни иманның шарты – бес парыз. Ал дүнияуи құлшылық – өз-өзіне пайда әкелетін сауапты істер. Оған бала-шағаңды адалдан асыраудан бастап, адамзатты зұлымдық пен жамандықтан құтқаруға дейінгі шаруалар жатады.

Үйрене жүріп, үйреттік

– Өзіңіз басқаратын «Асыл арна» телеарнасының құ­рыл­ғанына да он жыл толады. Осы уақыт аралығында халықтың үдесінен шық­тыңыздар ма? Жеткен же­тіс­тіктеріңіз, қателескен тұстарыңыз қайсы?
– Орталық Азияда тұңғыш рет осындай арнаның ашы­луы Қазақстандағы рухани кеңістіктің мүмкіншілігін көрсетеді. Екіншіден, зайырлы қоғамдағы көптеген демократиялық принциптерге мүмкіндік туғыздық. Үшіншіден, «Асыл арна» сияқты дінді, мәдениетті, руханиятты насихаттайтын арна қазақ халқының пейілін көрсетеді. Басында коммерциялық арна болсақ, қазір республикалық деңгейге көтерілдік. Бұл – халықтың қажеттілігі. Сол қажеттілікті мемлекеттің өтеп жатқандығының бір көрінісі деп те айтуға болады.

Алғашқы кезде мұндай арнаның елімізде баламасы болмағандықтан, көптеген шалағайлыққа, білместікке, тәжірибесіздікке бой алдыр­дық. Тіпті, ата-аналар орамал таққызып, ұзын көйлек кигізіп әкелген кішкентай 5-6 жастағы балаларға хадис айт­қызып қойдық. Қызық болатын шығар деп ойлағанбыз ғой. Енді соны қазір ойлап қарасақ, керісінше, дұрыс емес екен. Алғашқы кезде Иорданияның, Индонезия­ның немесе Түркияның кез келген дайын деректі фильм­дерін аударып, көрсете беретін едік. Кейіннен ол дүниелер бізге келе ме, келмей ме сол мәселелерді сұрыптап, сараптайтын болдық. Қол жеткізген үлкен дүниеміздің бірі – рухани тақырыпқа маманданған кәсіби журналистердің легін қалыптас­тырдық. Кішігірім инс­титут жұмысын атқардық. Әлемдік телеарналармен байланыс орнатып, тәжірибе алмас­тық. Үйрене жүріп, үйреттік. Үйретіп жүріп, үйрендік. Қазақстанның рухани кеңістігіне қандай бағдарламалардың аса қажет екенін, не ұсыну керек екенін ұзақ уақыт зерттедік, зерделедік. Қоғам қайраткерлерімен, діни басқармамен, қарапайым халықпен ақылдаса отырып, пікірлерін ескеріп, қоян-қолтық жұмыс жасап, аса қажетті бағдарламалардың тізімін жасай алатындай жолға түстік. Телеарна жанынан киноөндіріспен айналысатын компания аштық. Ұлттық дәстүр-салтымызға, қарапайым қазақы тіршілігімізге негізделген, кино және сериалдарды түсіруді қолға алдық. Анимациялық топ құрдық.

– Жақында ғана байқадым, «Асыл арна» басқа телеарналарға қарағанда әлеуметтік желіде алда тұр және сіздің де есіміңіз клоут жүйесінде бірінші орында. «Фейсбук» желісінде БАҚ өкілі ретінде де алғаш­қы орында тұрсыз. Бұл нені білдіреді?

– Меніңше, мұндай нәтиженің екі негізгі себебі бар. Алдымен, «Асыл арна» өзінің он жылдық тарихында діни арнадан отбасылық-рухани арнаға дейін трансформацияға түсті. «Асыл арна» қазір – ұл-қызыңмен ұялмай отырып көретін, нағыз отбасылық арнаға айналды. Діни контенттің үлесі жалпы хабардың бестен бірінен аспайды. Оның өзі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының білікті мамандарының қатысуымен, имамдардың араласуымен, қазақы ортаға лайықталған түрде жасалуда. Сонымен қатар, бұл ел тарапынан осындай форматтағы медиаға сұраныстың бір өлшемі сияқты.

Екіншіден, «Асыл арнаның» әлеуметтік желідегі аккаунттары болсын, өзімнің парақшаларым болсын, жылылық пен мейі­рімге шақыратын контентті көп бөлісеміз. Кей жұрттың жазғандарын қарап отырсаң, жазбасы да – негатив, жазбаға жазылған комментарийлер де ашу, ыза, жек көруден, жамандау, жала жабудан тұрып жатады. Шындығында, негативті ақпараттың тасқыны жойқын боп тұрған тұста, адамдардың мейірімге, жақсылыққа шақыратын, жүрегіне тыныштық ұялатар дүниелерге мұқтаждығы артуда. Себебі үнемі негатив оқып, оған лайк басып, негатив жаза беру адамды шаршатады. Осы тұрғыдан, біз халқымыздың рухани тазалыққа деген талпынысын дөп басуға тырысудамыз.

Бір сөзбен айтқанда, ел «Асыл арнадан», менің парақшамнан позитивті дүниелерді көруге, оқуға және соған жылы пікірлерін айтуға келеді.
Аллаға шүкір, Елбасымыз бар, мемлекеттік рәмізде­ріміз бар, шекарамыз бар. Бір-бірімізге деген пендеші­лігімізге кеңдікпен қарап, реті келсе дұрыс көзқарас қалыптастыратындай жақсы жағымызды көрсетуге тырысуымыз керек. Алла әрбір оңды әрекетке берекетін береді. Берекесі кірген істің нәтижесі де қомақты болады.

Сұхбаттасқан: Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Print Friendly, PDF & Email
www.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*