МҰҒАЛІМНІҢ БАЛАСЫ

Әңгімелегелі отырған кейіпкеріміз ­туралы мақала тақырыбын осылай деп алуымның себебі бар. Неге десеңіз, ол кісінің әкесі Қазымбет Дәрімбайұлы ел басына аса ауыр зұлмат әкелген өткен ғасырдың 30-ыншы жылдары, заман тауқыметі ерте есейткен бозбала шағында, Түркістандағы мұғалімдер курсын бітіріп, ел арасында сауатсыздықты жою науқанына араласа бастаған-ды. Сөйтіп қазіргі Асық ата ауылындағы мектептің іргетасын өз қолымен қалаған.

Балаларды оқыту алдымен бір-біріне жалғас­тыра салынған үш киіз үйде басталып, оның соңы асарлатып мектеп үйін салуға ұласады. Міне, осы істің ұйым­дастырушысы да, құры­лысшысы да Қазымбет Дәрім­байұлының өзі болатын. Одан кейінгі уақыт соғыс жылдарына тап келіп, майданға аттанып, онда ауыр жараланып, елге оралады. Содан былай қарайғы ондаған жылдар бойы мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, ауылдастары арасында «Қа­зымбет мұғалім» атанып, абырой биігіне көтерілген ақсақал 90 жас жасап, сегіз перзент сүйіп, үбірлі-шүбірлі болып дүниеден озды.

Ал біздің кейіпкеріміз Полат Қазымбет сүйегі асыл осындай абзал әкеден өрбіген сегіз перзенттің екіншісі еді.Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақал бар. Осы мақалды Полат Қазымбетке қарата айтуға әбден болады. Бір есептен Қазымбеттей үлгілі, еңбекқор отбасында тәлім-тәрбие алған баланың басқаша болуы мүмкін емес сияқты болып көрінеді бізге. Оның үстіне Қазымбет атамыз балаларына жүріс-тұрысымен, күнделікті атқаратын ісімен үлгі-өнеге болып қана қоймай, сөзбен де демеп, ақылын айтып, алға жетелеп отыратын. Сондай ақылының бірі әрі жиі айтатыны: «Балам, білімге ұмтыл, білімді болсаң, бәрін жеңесің. Атам қазақ «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп тегін айтпаған» болып келетін.

Әкенің өнегесі бар әрі өзі­нің де зеректігі шығар, Полат ағамыз орта мектепті алтын медальмен бітіріп, «білім қу» деген әке аманатын арқалап, арман қуып Алматыға аттанды. Бала кезден жүрегіне ұялаған дәрігер мамандығын иелену үшін Алматы мемлекеттік медицина университетіне құжат тапсырды. Алтын медальдің алғашқы пайдасын осында көрді. Басқа оқушылар сияқты апталап емтихан тапсырып, айлап оқуға түскен-түспегеннің нәтижесін күтіп жатпады. Бірінші емтиханнан «бестікті» қанжығаға байлап, «емдеу ісі» факультетінің бірінші курс студенті атанды.

Институтты үздік бағамен бітірді, дәрігер мамандығын иеленді. Бірақ «Алдымда тол­ған мақсат, толған таңдау, Алайын анасын ба, мынасын ба?» деп Сұлтанмахмұт ақын айтпақшы, дәрігер де болғысы келеді, аспирантураға түссем, сөйтіп білімімді одан әрі ұш­тасам деген ой да мазалайды. Ақыры институт аспирантурасына құжат тапсырып, бақ сынап көрген жөн деп тапты. Қалтасында үздік дипломы бар талапкер Полат Қазымбетұлы бұл сыннан да сүрінбей өтіп, рентгенология және радиология саласы бойынша аспирант болып шыға келді.

Бөкеңнің бойындағы ғы­лымға деген үлкен құлшы­ныс осы кезден басталды. Және ғылыми-зерттеу жұ­мыстарымен шұғылдану өмірінің негізгі мән-мағына­сына айналды. Мұны Полат Қазымбетұлының аспирантураны ойдағыдай тәмәмдаған кезінен күні бүгінге дейінгі ғылым саласындағы тіршілігіне қысқаша шолу жасау арқылы аңғаруға болады. Мысалы, аспирантураны бітіргеннен кейін Алматы мемлекеттік медицина университеті Орта­лық ғылыми-зерттеу зертханасының радиоизотоптар тобында қызметкер, аға ғылыми қызметкер бола жүріп, 1975 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады.

Алға ұмтылу, білімін ұштай түсу, ғылымның тереңіне үңілу Бөкеңнің бо­йында бұрыннан бар, үй­дегі өнегеден, мектеп қабыр­ғасынан қалыптасқан мінез болса керек. 1986 жылы Мәскеуге аттанып, Н.Н.Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталы­ғында дәріс алды. 1990 жылы докторлық диссертация­сын ойдағыдай қорғады да, бір жылдай С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің аға оқытушысы, 1991-2001 жыл­дар аралығында осы универ­ситеттің биология және радиобиология кафедрасының меңгерушісі, ал 1992-1995 жылдары университеттің «емдеу ісі» факультетінің деканы қызметін қоса атқарды.

Медицина саласын, онымен сабақтас ғылыми саланы басқаруда мол тәжі­ри­бе жинақтаған Полат Қазымбетұлын 2001 жылы наурыз айында Астана қала­сындағы Қазақ мемле­кеттік медицина академиясына оқу-тәрбие ісі жөніндегі проректор қызметіне шақырды. Ал осы жылдың маусым айын­да ол университеттің ректоры болып тағайындалды. Академияға басшылық жаса­ған 2001-2004 жылдар ара­лығында ол мұнда жаңадан бес факультеттің ашылуына, «радиобиология», «сот медицинасы», «аллергология және иммунология» мамандықтары бойынша кандидаттық және докторлық диссерта­ция қорғау кеңестерінің ашылуына мұрындық болды және 2003-2010 жылдары диссертациялық кеңеске төрағалық етті. Академияның жаңа корпусының құры­лысына басшылық жасады. Радиобиологиялық ғылым орталығын құрды. Кейін ол Радиобиология және радиа­циялық қорғау институты болып қайта құрылып, Полат Қазымбет осы институтқа күні бүгінге дейін ойдағыдай басшылық жасап келеді.

Бұл – Бөкеңнің медицинаны басқару саласындағы жетістіктері. Медицина ғы­лы­мы саласындағы табыстары да бұдан кем емес. Мысалы, ол – ҚР Үкіметі жанындағы радиациялық қауіпсіздік және радиобиология мәсе­лелері жөніндегі жұмыс комис­сиясының мү­шесі, 2009 жылдан Азиялық радиациялық зерттеулер қауымдастығының вице-президенті, 2016 жылдан БҰҰ Атом энергиясы бойынша халықаралық агенттік сарапшысы.

Бөкең басқаратын ұжым­ның Қазақстанның уран өн­діретін аймақтарының радиоэкологиялық жағ­дайы, уран өндірісі жұмыс­шыларының денсаулығына баға беру мен қалпына келтіру жөніндегі ғылыми жұмыстары елімізде және шетелдерде кеңінен танымал.Полат Қазымбетұлының ғылыми жетекшілігімен 27 диссертация қорғалды, оның 10-ы – докторлық диссертация­лар. Бөкеңнің өзі баспасөзде 200-ден аса ғылыми жұмыстар жариялады. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындарына арнап 4 оқулық, 1 монография шығарды.

П.Қазымбеттің ғылым саласындағы осындай игілікті еңбектері ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Астана» естелік медалімен, «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен аталып өтті. Елбасының Жарлығымен Бөкең 2015 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Мұның сыртында Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, «Денсаулық ісінің үздігі», «Құрметті ұстаз» атақтары және бар.Мұның бәрі – Бөкеңнің өзі жан-тәнімен сүйіп таңдаған ісіне берілген баға.

Кейде біз, сөз ретіне қарай, бұл өмірде төрт құбыласы түгел адам жоқ деп жатамыз. Бөкеңе мұндай теңеулер жүрмейді. Ол кісі – барға қанағаттың, жоққа салауаттың адамы. Қашан көрсең өмірге ырза кейіппен жымия күліп, жарқын амандасудан бір танбайды. Қал сұрасаң, алатын жауабың – «Шүкір» деген бір-ақ ауыз сөз. Яғни бәрі жақсы дегені ғой. Рас әңгіме. Отбасы аман. Жан жары Шырын екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелердің қызығын көруде. Қызмет бабындағы, ғылым саласындағы жетістіктерін жоғарыда айттық. Бір адамның басына жетерлік дүние ғой.

Дегенмен Бөкең Қазымбет Дәрімбайұлы тәрізді елге қадірлі байырғы ұстаздың баласы емес пе. Көкейінде бұрыннан жүретін бір арман бар еді. Соны қайтсем жүзеге асырам деп ойға берілетін. Әкесі баяғыда тұрғызған мектеп аудан басшыларының, аудандық оқу бөлімінің атсалысуымен бертін келе кеңейтіліп, орталау мектепке айналғанымен, көзге қораштығы, жұпынылығы байқалатын. Оның үстіне ауданның атқа мінерлері мектепке оның негізін қалап, өмір бойы сонда ұстаздық еткен Қазымбет Дәрімбайұлының атын беруге талаптанып жүргенін де есітетін.

«Сабақты жіп сәтімен» дегендей, күндердің күнінде бұл істі де қолға алудың реті келгендей болды. Бөкең анау айтқандай асып-тасыған бай болмағанымен, Құдай берген несібенің арқасында азын-аулақ жиған-тергеніне әлгі көзге қораш мектеп үйінің жанынан екі қабатты зәулім де еңселі мектеп үйін салайын деп шешті. Мұны аудан басшылары да, ауыл тұрғындары да, Бөкеңнің бірге туған ағайын-бауырлары да қызу қолдап, қолдан келген көмектерін жасады. Болат Қазымбетұлы өз қаржысына тұрғызған осы мектеп оның негізін қалап, сонда ұзақ жылдар ұстаздық еткен Қазымбет Дәрімбайұлы атындағы білім ордасы атанды.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,
филология ғылымдарының кандидаты

Сонымен қатар

АЙЫҚТЫРҒЫШТА АЖАЛ ҚҰШТЫ

Алматы аудандық №2 сотының судьясы Убайдулла Қошанов Астана қаласының айықтырғышында наурыз айында көз жұмған Николай …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған