«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мұғалімдерді артық жұмысқа тартқандарға – 120 АЕК айыппұл

«Педагог мәртебесі туралы» заң тағы қандай құқықтарды қорғайды?

0 82

Үкімет отырысында «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы бекітілді. Ол мұғалімдердің жүктемесін азайтуды, оларды өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босату арқылы өз-өздерін дамытуына және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беруді, материалдық және материалдық емес ынталандыруды, сондай-ақ бәсекеге қабілеттігін арттыруды көздейді.

Премьер-Министр Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігіне аталған заң жобасын Парламент Мәжілісіне 1 қыркүйекке дейін енгізуді тапсырды. Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, жаңа заң жобасы елімізде 500 мыңдай ұстаздың мүддесін қорғайды деген болжам бар. Бүгінде «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қаржымен толық қамтамасыз етілген: оған үш жылға 930 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында ұстаздарға бірнеше қосымша ақы төлеу қарастырылған.

«Сынып жетекшілігі үшін – 173 мың мұғалімнің, ал дәптерлерді тексергені үшін 165 мың мұғалімнің қосымша ақысы екі есеге көбейеді. 212 мыңнан астам қызметкердің біліктілік санаты үшін айлық жалақыдан 30-дан 50 пайызға дейінгі мөлшерде қосымша ақы алуына мүмкіндік беріледі. 7 мың қызметкерге магистр дәрежесі үшін 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы төленеді. 18 мың қызметкер тәлімгерлігі үшін 1 базалық лауазымдық мөлшерінде қосымша ақы алады» – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ жаңа заңның арқасында 100 мыңнан астам педагог қосымша 14 күн жазғы демалыс алып, енді жалпы ұзақтығы 56 күн демалатын болады. Ал материалдық емес ынталандыруға келсек, мұғалімдердің балалары енді балабақшаға бірінші кезекте орналасады.

Білім және ғылым министрі педагогтың жүктемесін қысқарту бойынша да шаралар қабылданатынын жеткізді. Бұл орайда мұғалімнің кәсіби фракциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Құқық бұзушылық субъектісіне байланысты мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салу заң жобасында қарастырылған.

Әлбетте, мұғалімге қойылатын талаптар да жаңа заң жобасынан тыс қалған жоқ.

«Педагог мәртебесін арттыру арқылы мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптар да күшеймек. Сондықтан заң жобасына сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап университет түлектері педагог біліктілігіне сәйкестігін растайтын болады. Мұнымен қоса қолданыстағы шектеулерден басқа психикалық және мінез-құлықтық ауытқуы бар, әрекетке жарамсыздығына байланысты дәрігердің бақылауында тұрған адамдарға педагог қызметімен айналысуға тыйым салынады» – деді Асхат Аймағамбетов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа заң жобасы жыл соңына дейін қабылдануы тиіс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды