«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

МҰҒАЛІМДЕР ЖАЛАҚЫСЫ ЕКІ ЕСЕ ӨСЕДІ

Тамыз конференциясында қандай жаңалық айтылды?

0 76

Мектеп рейтингі үшін педагогқа қысым көрсетілмесін

Отандық педагогикадағы негізгі проблемалардың бірі ретінде Президент мұғалім мәртебесінің қоғамда төмен екеніне тоқталды:
– Былтырғы «сертификаттау» нәтижесінде педагогтардың 35 пайызы шекті деңгейден өте алмай қалды. Мұғалімдердің дайындық деңгейін бағалаудың оң идеясы салғырттықпен әрі біржақты жүзеге асырылды. Осындай квазиреформалар мұғалім мамандығы мәртебесінің төмендеуіне алып келеді. Педагогтардың еңбек жағдайлары да бақылаушы құрылымдарға арналған есептердің тұрақты түрде ұлғаюынан айтарлықтай нашарлай түседі.
Бұдан соң Мемлекет басшысы жаңартылған білім мазмұны аясындағы білімді бағалау жүйесі де педагогтарға психологиялық жүктеме болып отырғандығын жеткізді.
– Теріс нәтиже болған жағдайда педагог оқу орнының басшылығы тарапынан қысымға ұшырап жатады. Себебі төмен баға мектеп рейтингіне теріс әсерін тигізеді. Бағалау жүйесінің қажет екендігі сөзсіз. Бірақ бұған салмақты әрі объективті түрде қарап, педагогтарға қысымды болдырмау қажет. Жергілікті әкімдіктер өздерінің өкілеттіктерін жиі асыра пайдаланып, білім беру жүйесіне ешқандай қатысы жоқ түрлі шараларға, әкімшілік мақсаттарға мұғалімдерді жұмылдыру тәжірибесі де тыйылмай отыр. Үкіметке аталған проблемаларды шешу бо­йынша шұғыл, тіпті түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Мұғалім мәртебесі туралы» заң алдағы жылы күшіне енеді

Жоғарыдағы жайттарды айта келе Президент мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұрғанын, эконо­микадағы орташа еңбек­ақының 65 пайызын ғана құрайтынын мәлімдеді. Ол алдағы уақытта қабылданатын «Мұғалім мәртебесі туралы» заңда осы мәселелер ескеріліп, педагогтарды қолдау шаралары қарастырылатынын айтты. Мысалы, аталған заң жобасында сынып жетекшілік және дәптер тексеру жұмыстарына екі есе көлемдегі үстеме ақы төлеу, барлық педагогтың демалыс мерзімін 56 күнге дейін ұзарту, магистр дәрежесі үшін қосымша ақы төлеу секілді шаралар бар.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке білім жүйе­сіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбек­ақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды міндеттеді.
Конференцияға қатысқан ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әб­діқалықова өз кезегінде «Мұғалім мәртебесі туралы» заңның қашан қабылданатынын хабарлады:
– Осы заңды жақын уақытта, 1 қыркүйекке дейін Парламентке енгізуіміз керек. Сондықтан министрлікке 1-2 аптаның ішінде Парламентке енгізу туралы тапсыр­ма беремін. Бірінші қаңтарға дейін бұл заңды қабылдауға негізгі мүмкіндік бар деп ойлаймын, – деді ол.

 

ҰБТ электронды форматқа көшірілуі мүмкін

Жиын барысында Білім министрі Асхат Аймағамбетов барша оқушы үшін өзекті мәселе – мамандық таңдауға қатысты шараларды ерте жастан, дәлірек айтқанда, 7-сыныптан бастау керектігіне тоқталды.
– Бүгінгі таңда мамандық­ты айқындаудың сипаты мынадай: ЖОО-лар мен колледждер оқушыларға тек 11-сыныпта қысқа немесе көктемге таяу келіп, оқу орнын жарнамалайды. Ал ол уақытта оқушы өзінің келешектегі мамандығын таңдап та қояды. Бұл мамандықты айқындау емес. Біздің ойымызша, мамандықты айқындау жетінші сыныптан басталуы керек. Яғни, алдын ала профдиагностика жүргізіліп, қажетті шаралар қабылдануы тиіс, – деді Білім және ғылым министрі.
Осы орайда аталған ведомство басшысы ҰБТ-ға қатысты да бірқатар өзгеріс­тер болуы мүмкін екенін тілге тиек етті.
– Оқушылар тестілеуге телефон алып кіріп, өзінің білімі және дағдысымен емес, басқа қосымша құ­рыл­ғылардың көмегімен көбірек балл еншілеуді ойлайды. Сондықтан Ұлттық бірыңғай тест тапсыруды біртіндеп электронды жүйеге көшіруді жоспарлап отыр­мыз. Бізге ҰБТ гранттарды бөлудің ашықтығы мен әділдігіне кепілдік беруі қажет, – деді ол.

Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізіндегі «Әліппе» енгізіледі

Асхат Аймағамбетов «Әліп­пе» оқулығына қатыс­ты мәселені де ерекше атап өтті:
– «Әліппе мәселесін көптен бері ұстаздар болсын, ата-аналар болсын, көтеріп жүр. Бұл – өте маңызды проб­лема. Біз әліппені қайтару керек деп есептейміз, – деген ол бүгінгі таңда баспалар бірнеше нұсқасын шығарғанын, бірақ олардағы әдістеменің қисынға келмейтінін жеткізді.
– Әліппе – тәжірибе жасайтын алаң емес. Бізде бая­­ғыдан нақты қазақ тіліне бейімделген әдістеме бар. Ол – Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі. Сондықтан ештеңені ойдан шығармай, осы әдістеменің негізінде жұмыс жүргізетін боламыз. «Әліппе» 2021 жылы өздеріңізге жақсы таныс қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде енгізіледі, – деді министр.

 

Ақылы олимпиадалар болмауы керек

Тамыз конференциясында мектептерде өтетін ақылы олимпиадалардың өткізілуі туралы да сөз қозғалды. Бұл турасында Білім және ғылым министрі:
– Бүгінде ақылы байқаулар көбейіп кетті. Ата-аналар кейде амалсыз соған балаларын қатыстыруға мәжбүр. Ол байқаулардың кейбірінің мүлде пайдасы да жоқ. Кейбір интернет олимпиадаларда тапсырмаларды қағазға басып, үйіне алып қайтқан бала бүкіл отбасы болып соны шешіп, ақыры қандай да бір орын алады. Бұл қаншалықты пайдалы, қаншалықты дұрыс? Сондықтан олимпиадалар бо­йынша, Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы бар – мектептерде қазіргідей көп әрі ақылы форматта олимпиадалар болмауы керек. Олимпиадалар мен байқаулар керек. Бірақ бұл ретте министрлік тара­пы­нан нақты регламент болады, – деді.

 

Балаларға зорлық жасау істерінде тараптарға татуласу құқығы берілмеуі тиіс

Дәстүрлі жиында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне жақында ғана тағайындалған Аружан Саин да сөз сөйлеп, елімізде балаларға жасалған зорлық-зомбылық жағдайын болдырмау мақсатында бірқатар ұсыныс білдірді.
– Президенттің алдағы Жолдауында біз осыған де­йін жолдаған өтініштеріміз ескерілер деген үміттеміз. Атап айтқанда, облыс­тық деңгейден төменгі ауқым­дағы өңірлерде балаларға жасалған зорлық-зомбылық­қа қатысты қылмыстық істерді қазбалау қажет деп ойлаймыз. Ондай істердің құжаттамалары, процедуралары және ол істердің жабылуы облыстық Прокуратура мен ІІД басшыларының санкциялары арқылы жүргізіліп отырған. Әсіресе, «ішкі байланыс» күшейіп кеткен ауылдар мен аудандарда ондай істердің бұрын жабылып қалып отырғанын білдік, – деді ол.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің айтуынша, балаларға жасалған кез кел­­ген зорлық-зомбылыққа қа­тыс­ты жазаны күшейтіп қана қоймай, мұндай істерге келгенде тараптарға татуласу мүмкіндігін бермеу керек.
– Өйткені мұндай істерге келгенде отбасыларға қоқан-лоқы көрсету немесе ақша беріп құтылу жағдайларымен бетпе-бет келіп отырмыз. Ақыры зардап шексе де жәбірленуші тарап арызын қайтарып алады. Осылайша, балалардың құқығы қорғалмайды. Әлбетте, балаларға жасалған зорлы-зомбылық қылмысына кедергі келтіргендерге жауапкершілік жүктелуі керек. Әйтпесе бұл процесті тоқтата алмаймыз, – деді Аружан Саин.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды