«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мұғалім мәртебесі: заң жобасындағы жаңалықтар

1 919

Елімізде дайындалған «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасы қаңтар айында Үкіметте, ал ақпан айында Парламентте қаралатын болды. Мұғалімдер үшін асыға күткен жобаның қандай жаңалығы бар? Ұстаздар үшін тиімді тұстары не? Ел азаматтарының ұсынысы қаншалықты ескерілді? Бейсенбі күні елордалық ұстаздар қауымы аталмыш заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өткізіп, көкейдегі сауалдарына жауап алды.

 

Әрбір ұстаздың пікірі құнды

Айта кетейік, заң жобасына қатысты келіп түскен ұсыныстар 8 мыңнан ас­қан. Өйткені қоғамдық талқылау ашық жүргізілді. WhatsApp-таралым арқылы барлық чаттарға бағытталды. Талқылау кезінде БАҚ құралдары, әлеуметтік желілер, мектеп ұжымдары белсенділік танытты. Нәтижесінде бір-бірін қайталайтын ұсы­ныс­тар әбден сараланып, ең маңыздылары жобаға енгізілді. Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева бұл жобада педагог мәртебесін арттыруға бағытталған барлық мүмкіндіктердің қарастырылғанын айтты. Заң жобасын әзірлеуге 78 адамнан құрылған комиссия атсалысқан екен. Оның құрамында ғалымдар, ұстаздар мен депутаттар бар. 6 бөлім 21 баптан тұратын құжат барлық білім беру мекемелерінде еңбек етіп жүрген ұстаздардың әлеуметтік дәрежесін анықтап қана қоймай, оларға қолдау көрсетуге бағытталғаны айқын. Егер заң жобасы маусым айында дәл осы күйінде қабылданатын болса, тұрғын үй, медициналық сақтандыру, зейнет жасы, мұғалімдердің жүктемесін жеңілдету, еңбекақысы және біліктілікті тексеруге арналған тестке байланысты көптеген мәселелер оң шешімін табар еді.

Басты мәселе – баспана

Елімізде қанша бағдарламалар қабылданып, тұрғын үй алудың түрлі баламалары ұсынылса да, үйі жоқ жандардың көптігі жасырын емес. Бір Астананың өзінде тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж есебінде кезекке тұрғандар саны 47 мың адамға жеткен. Оның ішінде мектеп мұғалімдері де бар. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының 14-бабында әлеуметтік кепілдіктерге басымдық беріліп отыр. Ұстаздардың көңілінен шыққан ұсыныс – бастапқы жарнасыз жеңілдетілген несие бо­йынша тұрғын үй сатып алу. Сонымен қатар қызметтік тұрғын үй және жатақхана иеленуге мүмкіндік қарастырылған. Яғни ұстаздардың әлеуметтік жағдайына қатысты жергілікті әкімдіктерге құқық беру мәселесі шешілмек. Мәселен, әкімдер мұғалімдерге сыйақы немесе жергілікті бюджеттен пәтер бергісі келсе, барлығы заң жүзінде реттеледі. Бұған дейін жылына бір рет «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазына ғана пәтер беру қарастырылса, жаңа заң жобасында мұнымен шектелмейді.

Мұғалімнің де баласы бар…

Иә, бәріміз де бала бағып отырмыз. Ата-ана үшін ең бір қиын мәселе – баланы мемлекеттік балабақшаға орналастыру. Тұрғын үй кезегінің саны жоғары болса, балабақша кезегі де мәз емес. Бұған дейін балабақша кезегі алдымен белгілі бір санатқа жататын (әскери қызметкер, көп балалы ана, т.б.) азаматтар үшін қарастырылса, енді сол қатарға ұстаздардың да баласы кіруі мүмкін. Егер заң қабылданса, мұғалімдердің балалары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезексіз бара алатын болады. Жұмыс тобы бұл міндетті орындауды жергілікті әкімдікке жүктеп отыр.
Ал ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогқа бюджет қаражаты есебінен коммуналдық қызметтерді төлеу, отын сатып алуға қолдау білдіру, қолданыстағы заңнамада көзделген тәртіппен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін беру қарас­тырылған. Сондай-ақ жергілікті органдардың шешімі бойынша қала жағдайында педагогикалық қызметті жүзеге асыратын педагогтің мөлшерлемелерімен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер кемінде жиырма бес пайызға арттырылып белгіленеді. Жеке меншігінде малы барлар үшін жемшөп, мал жаю және шөп шабу үшін жер учаскелерін ұсыну көзделген. Жергілікті мәслихаттың шешімі бойынша көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау көрсетудің тиімді жолдары бар.

Еңбек демалысы ескеріле ме?

Заң жобасына ұстаздардың барлығына 56 күн жыл сайынғы еңбек демалысын беру нормасы енгізілген. Оларға кезекті еңбек демалысын беру кезінде екі лауазымдық жалақыдан кем емес мөлшерде күнтізбелік жылда бір рет сауықтыруға арналған жәрдемақы берілу мүмкін.
Салалық білім және ғы­лым қызметкерлері кә­сіп­­одағы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашеваның айтуынша, балабақшада жұмыс істейтін тәрбиешілер мен әдіскерлер 42 күн демалады. Психоэмоциналды жүктемесі ауыр болғандықтан мектеп ұстаздары ғана емес, барлық білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне бірдей 56 күн еңбек демалысын беру қарастырылған.
Тағы бір енгізілген жа­ңа­лық – мұғалімдер­ді оңды-солды қоғамдық жұмыстарға тарту мә­се­лесі. «Ұстаздың ең бі­рін­ші міндеті – балаға білім беру. Қазіргі таңда жер­гілікті органдардың өкіл­дері мұғалімдерді өздерінің қызметіне сәйкес келмейтін жұмыстарды орындауға мәжбүрлейді. Мәселен, күштеп газетке жаздырады, сенбіліктерге шығарады, сайлауларға қатыстырады. Мұның бәрін заң жобасына қостық. Бұдан өзге, педагогтардың медициналық тексерістен тегін өтуін енгізу ұсынысы да айтылды» дейді Айгүл Мұқашева.

Біліктілігі болса, жалақысы да артады

Заң жобасының 18-19-­бап­тары педагогты даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелеріне арналған. Бір сөзбен айтқанда, мұғалімдердің кәсіби өсуіне барынша жағдай жасаудың тетіктері қарастырылған. Мәселен, білім беру ұйым­дарында педагогикалық мамандықтар бойынша білім алушыларға ең тө­менгі жалақыдан кем емес мөлшерде стипендия белгіленеді. Сонымен қатар жоғары оқу орнындағы 4 жыл білім алу кезеңін педагогикалық жұмыс өтіліне қосу қарастырылған. Егер жас маманның қазіргі таңда үш жыл еңбек өтілі болса, заң қабылданғаннан кейін оқу орнындағы төрт жыл уақыты есептеліп, жалпы еңбек өтілі жеті жылды құрайтын болады. Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуына келсек, біліктілікті арттыру кезеңінде педагогтің жалақысы сақталып, еліміздің еңбек және бюджет заңнамасына сәйкес іссапар шығыстары төленеді.
Барлық мұғалімдер үшін жалақының аздығы өзекті мәселеге айналғаны қашан?! Қымбатшылық қысқан заманда жалақы мәселесінің қозғалуы да заңды. Бұдан былай жалақының көбеюі біліктілікті арттыру тесттерінің нәтижесіне байланысты болады. Мәселен, 87 мың жалақы алатын ұстаз аталмыш тесттен сүрінбей өтсе, оның айлығына 40 мың теңге қосылады. «Біліктілікті арттыру курс­тарын бес жылда бір рет емес, үш жылда немесе жыл сайын, бірақ белгілі бір мөлшерде өткізу керектігін көрсететін жүйені енгізуді ұсынамыз. Себебі жаңартылған мазмұн еніп жатқан кезде мұғалімдер үшін өзінің біліктілігін бес жылда арттыру аздық етеді. Тіпті үш жылдың өзі аз. Сондықтан мүмкіндігінше оны ұдайы жасау керек» дейді Астана қаласы гуманитарлық колледжінің директоры Елдос Нұрланов.

Бейнетің – зейнетің

Заң жобасын талқылау барысында ең көп түскен ұсыныстың бірі – еңбек өтілдеріне сәйкес ертерек зейнет жасына шығу. Ұстаздардың алаңдайтын жөні бар. Өйткені жұмысын жаңа бастаған маман зейнеткерлік жасқа дейін 40 жылдан аса жұмыс іс­теу­ге мәжбүр.
Енді бәрі басқаша болуы мүмкін. Заң жобасында «Педагог белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін педагогикалық жұмысының отыз жылдық өтілі болған жағдайда, зейнеткерлікке шығуға әлеуметтік кепілдіктерге ие» деп жазылған.
«Отыз жыл еңбек өтілі бар ұстаздар зейнетке ерте шыға алады. Яғни жоғары оқу орындарында оқыған жылдар еңбек өтілі болып саналатындықтан, мұғалімдер бұл әлеуметтік кепілдікке ие болу үшін 26 жыл үздіксіз мұғалім болып жұмыс істесе жеткілікті. Мұны қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұсынған. Мәселен, 17 жасында жоғары оқу орнына түссеңіз, 21 жасында университетті тәмамдайсыз. Осыдан кейін 26 жыл үздіксіз мұғалім болып жұмыс істесеңіз, 48 жасында зейнетке шығуға құқыңыз бар. Бұл ретте ұстаздарға таңдау беріледі» дейді Білім және ғылым вице-министрі Элмира Суханбердиева.
Сонымен ұстаздардың ұсынысы қамтылған заң жобасы алдымен Үкіметте, кейін Парламентте қаралатынын айттық. Қа­былданар тұста заңда қандай артықшылықтар немесе өзгерістер болатыны – уақыт еншісінде.

  1. Айгүл :

    Мұғалімдер мәртебелі болуға әбден лайықты. Күніне бірнеше сағат қана көрсе де, үйіндегі өз баласының қылықтарына шыдамайтын қаншама ата-ананы өз басым көрдім. Ал сол балаларға ұстаз шыдайды, еркелігін көтереді, білім береді, шамасы жеткенінше тәрбиелейді, қал-қадірінше, өз деңгейіне сай баулиды. Ал сол үшін алатын айлығы шайлығына жетпейді
    Оны айта-айта шаршаған. Қазір қайта мұғалім болып жүрген адамдарға риза болуымыз керек. Күн сайвн тексеріс, министрліктен, департаменттен, басқармадан, қала берді өз мектеп әкімшілігі тексеріп әлек қылады. Мұғалім де адам. Оның да отбасы бар. Өз баласына емес, өзгенің баласына көбірек көңіл бөліп кетеді кейбірі. Сонда не қуанарыңды, не жыларыңды білмей қаласың. Ал одан бір кемшілік көрсек, жарияға жар салуды сәнге айналдырдық. Газет оқымайды деп каралаймыз. Не масқара! Мұғалімнің оқитын дүниесі көп-ақ. Оны бір күн бірге жұмысымен танысып барып, көзбен көру керек.
    Ал осы заң қабылданса, аз да болса мұғалімге деген құрметтің белгісі болар еді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды