«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мүгедектердің мәселелері тыңдалды

0 73

Мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік тұрғыдан қалай қорғалуда? Бас қаланың атқарушы органдары ол үшін не істеп жатыр? Астана қалалық мәслихатының тұрақтыкомиссияларының қоғамдық тыңдауында тиісті басқармалардың басшылары бұл тарапта есеп беріп, мүгедектер ұйымдарының жетекшілері өз ұсыныстары мен талап-тілектерін жеткізді.

Алдымен баяндама жасаған Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың айтуынша, Астанада 23069 мүгедек тіркелген. Олардың 4379-ы – балалар. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға биыл 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Бұл қаражатқа жүріп-тұруы қиын бірінші топ мүгедектеріне көрсетілетін жеке көмекшінің әлеуметтік қызметі, мүмкіндігі шектеулі жандарды арбалармен, міндетті гигиеналық құралдармен, тағы басқа керек-жарақтармен қамтамасыз ету, әртүрлі медициналық көмек, мүгедек балаларды үй­де оқыту қызметі, сондай-ақ, мүгедектерді тасымалдайтын көлік қызметі (инватакси) кіріп отыр. Қалада қазір сондай қызметті 21 көлік көрсетеді.
Мәдени, білім беру, спорт, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік нысандардың мүгедектерге қолжетімділігі бағытында жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күнге 1106 нысан паспортталды. Пандустар болмаған жағдайда айыппұл салынады. Қаладағы 749 автобусқа мүмкіндігі шектеулі жандар мініп-түсе алатындай құрылғы орнатылды. «Астана – рухы мықты адамдар қаласы» бағдарламасынан мүгедектер тыс қалып келе жатқан жоқ.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыровтың сөзінше, мүгедектер тегін медициналық кө­мек­тің кепілдендірілген кө­лемі аясында диагностика­лық тек­серулердің толық көлемін алады. «Тәуелсіз өмір» ДОС» қо­ғамдық бірлестігінің бас маманы Ардақ Отарбаев табиғи жолмен бала сүйе алмайтын, арбаға таңылған мүгедектерге қолдан ұрықтандыруға мүмкіндік жасап, квота бөлуді сұрады. Басқарма басшысы бұған Астанада бір перзентке зар болып жүрген отбасыларға жылына 50 квота бөлінетінін, алайда тиісті кезекте мыңдаған адам тұрғанын, квота бөлу кезінде адамның мүгедек-мүгедек еместігі есепке алынбайтынын, мұнда нақты медициналық көрсеткіштер мен кезектілік рөл ойнайтынын айтты.
Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин қалада ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы білім беретін 42 мекеме қызмет көрсететінін, сұраныс болып отырғандық­тан 2020 жылдың соңына дейін тағы осындай 5 мекеме салу жоспарланғанын жеткізді. «Қазір Астанада жеке ғимараттары бар 199 білім беру ұйымының 187-сінде немесе 94 пайызында мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті жағдай жасалған. Қалған 12-сіндегі кемшіліктерді биыл түзейміз» деген ол мүгедек балаларды оқытатын кадрлар, соның ішін­де логопедтер, дефектологтар, басқа да осы сияқты мамандар, жиыны 63 адам жетіс­пей жатқанын айтты. Оның айтуынша, гуманитарлық колледж базасында инклюзив­ті білім беру бойынша жаңа маман­дыққа оқыту жүйесі енгізілмек. Ал болашақта осы оқу орны негізінде университет ашылмақ.
Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ыдырысов осы бағытта мүгедектерді қолдау жұмысымен таныстырды. Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов мемлекет тарапынан берілетін баспана кезегінде 3 мыңға жуық І және ІІ топтағы мүгедектер және мүгедек балаларды тәрбиелеп жатқан 2 мыңға тарта отбасы тұрғанын баяндады. «Оларға әлеуметтік әлсіз топтар тармағындағы кезектіліктің реті бойынша пәтер беріледі.
І және ІІ топтағы мүгедектер баспана алған беттен жекешелендіре алады. Ол үшін тиісті заңнама бар. Жалпы алғанда, 2015-2017 жылдары мүгедектерге 102 пәтер берілді» деді басқарма басшысы.
«Наследие» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Маржан Абдуллина, Астана әкімінің мүгедектерді әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Мұрат Әбдімомынов түйткілдерді қозғап, өз ұсыныстары мен талап-тілектерін жеткізді. Қалалық мәслихат депутаты Илья Мещеряков мүгедектердің бастамаларын қолдау керектігіне назар аударды.
Тыңдау қорытындысында қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының мүшелері қала әкімдігіне тиісті ұсыныс­тарды жіберді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды