«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Модричтің мерейі

0 7

Жақында France Football басылымы жылдың үздік ойыншыларын марапаттау кешін өткізді. Салтанатты жиында «Алтын доп» иегері анықталып, қосымша екі жүлденің жаңа жеңімпаздары марапатталды.

Салтанатты кеште «Реал» футбол клубы мен Хорватия ұлттық құрамасының жартылай қорғау­шысы Лука Модрич «Алтын доп» жүлдесінің иегері атанды. Мәртебелі сыйлық халықаралық спорт журналистерінің дауыс беруі нәтижесінде анықталды. Оның қорытындысы бойынша хорват ойыншысы 753 ұпай жинаса, 476 ұпайы бар Криштиану Роналду («Ювентус», Португалия құрамасы) 2-орынды қанағат тұтты. Ал үздік үштікті Антуан Гризманн («Атлетико», Франция құрамасы) 414 ұпаймен түйіндеді. Еншісінде небәрі 280 ұпайы бар Лионель Месси 5-орынға табан тіреді.
Бір айтарлығы, «Алтын допты» 2008 жылдан бері Месси мен Роналду бес реттен жеңіп алған. Осылайша 33 жастағы хорватиялық жартылай қорғаушы қос ойыншының үстемдігін тоқтатып отыр.
Модрич Хорватия ойыншыларының арасында алғаш болып айтулы жүлдеге қол жеткізді. Ал осыған дейін УЕФА және ФИФА нұсқалары бойынша үздіктердің үздігі атанған. Ол биыл «Реал» сапында Чемпиондар лигасының төрт дүркін жеңімпазы болса, төрт жылда бір келетін әлем чемпионатының финалына Хорватия құрамасын алып шықты. Бұған қоса Ресейде өткен дүбірлі доданың үздік ойыншысы атағына ие болды.
Бұл кеште France Football екі бірдей жаңа жүлде тағайындалғанын хабарлады. Аталған басылым жылдың үздік жас ойыншысы номинациясында Киллиан Мбаппе (ПСЖ, Франция құрамасы) топ жарғанын хабарласа, алғаш рет әйелдер арасындағы үздік ойыншыны анықтап, оған да «Алтын доп» тапсыратынын мәлім етті. Нәтижесінде «Лион» футбол клубы мен Норвегия құрамасының шабуылшысы Ада Хегерберг жеңімпаз атанды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды