«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мінсіз қызмет – мерейлі міндет

0 54

Әкімдіктің баспасөз орталығында «Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру» тақырыбында брифинг өтті.

Брифингке ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Тілеген Қаскин, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров пен Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин және Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Нұрғожина қатысты.
Жиын барысында спикерлер өздері басшылық жасайтын мекемелерде өткен жылы қанша мемлекеттік қызмет көрсетілгенін атап өтті. Сонымен қатар жиында тұрғындардың уақытын тиімді пайдалануы үшін түрлі пилоттық жобалардың енгізіліп жатқаны сөз болды.
– Балаларды балабақшаға, мектепке қабылдау, бала асырап алу немесе патронаттық қамқорлыққа алу, колледждерге құжат тапсыру сияқты білім басқармасында мемлекеттік қызмет көрсетудің 37 түрі бар. Мысалы, өткен жылы 150 мыңға жуық мемлекеттік қыз­мет көрсетілді, – деді өз кезегінде Әнуар Жанғозин.
Тұрғындарды мекеме табалдырығын тоздырмай, үйлерінде отырып-ақ egov.kz электронды үкімет порталы арқылы барлық қызмет түрін алуға шақырған спикерлер мемлекеттік органдардың халыққа мінсіз қызмет көрсетуі басты міндет екенін алға тартты.
Тілшілердің сұрақтарына жауап беру кезінде Камалжан Надыров медицина саласында қызмет көрсетуде жаңашылдық көп екенін баяндады. Оның айтуынша, бұдан былай кез келген елордалық бұрынғы медициналық тексеріс­терінің қорытындысын электрондық базадан оңай таба алады. Бұл ақпарат оның өзіне де, дәрігерге де қолжетімді болмақ. Нәтижесінде бұл үрдіс қағазбастылықтан арылтатын көрінеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды