«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Министрлер батырлар жырын біле ме?

0 99

Әлеуметтік желі арқылы оқиға қазір тез тарайтыны мәлім. Кеше «Қазақстан» РТРК» АҚ басшысы Ерлан Қарин «Алпамыс батыр жырынан» шағын үзінді оқып, фейсбуктегі парақшасына салыпты. Мұны желіде батырлар жырын жатқа айтудан өтіп жатқан «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасын қолдау мақсатында жариялағанын айтқан. Эстафетаны белгілі журналист, Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәлиден қабылдапты.

Жырдан үзінді оқыған соң Ерлан Қарин жазбасын «Еліміздің көнеден келе жатқан мұрасын мен де айтып бердім. Ендігі эстафетаны ұлттық өнерімізді әрдайым қолдап, насихаттап жүрген Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа жолдаймын» деп аяқ­тапты.
Ұрпақ тәрбиесіне үлесі де, ықпалы да мол батырлар жырларын осындай айтулы азаматтар әлеуметтік желі арқылы насихаттап, игі іске бірін-бірі тартып жатқаны қуантқаны рас. Біз, әлбетте, Ақпарат және коммуникациялар ми­нистрінің бұл сыннан сүрінбейтініне сенеміз. Алда-жалда Дәурен Абаев эстафетаны өзімен Үкіметте иық теңестіріп жүрген әріптестері – Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа немесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымоваға яки Әділет министрі Марат Беке­таевқа жолдаса, олар қазақ рухани мұрасының туын желбіретіп, абырой биігінен көріне алар ма еді?
Ел алдында жүрген атқа­мінер азаматтарымыз батыр­лар жырын біле ме? Адамды еңбексүйгіштікке, әділет­тілікке, батырлыққа, кең­дікке, білімпаздық пен көрегендікке – жалпы биік аза­мат­тыққа үн­дейтін ұлттық рухани мұра­ларымызбен олар өзі таныс па?
Эстафета өзіне жолданса, өзге министрлер қайтер екен? Министрлер «Тұлпар мініп, ту ұстаса» ел ішіндегі беделі аспандап өсетіні ақиқат. Өс­келең ұрпақ оларды өнеге тұтар еді…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды