«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Министр нені көпсінді?

0 103

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне көп жағдайда әйел адамдар тағайындалатыны тегін емес. Әйел баласы – ана, сондықтан олар халықтың жағдайын ойлайды, ел бақыты әрбір отбасы бақытымен басталатынын түсінеді, сезінеді дейтін үміт, көзқарас бар.

Таяуда біздің министр ханым Мәдина Әбілқасымованың Total.kz сайтының журналисіне берген сұхбаты сол көзқарастың, үміттің күлін көкке ұшырғандай болды. «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иелері өмір бойы жәрдемақы алатынын, ол 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап 15392 теңгеден 16160 теңгеге өскенін айтқан министр ханым: «Өзге елдерде мұндай жағдай жоқ» деп айды аспанға бір-ақ шығарыпты. Онымен қоймай: «Ресейде ана капиталы деген бар. Бірақ біздің көп балалы аналарымыз жылдар бойы алатын ақшалай көмек бірнеше миллионға дейін барады» дейді. Көп балалы батыр аналар ай са­йын алатын 16000 теңгені министр көпсініп отыр ма, түсінбей қалдық.
Хош. «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелерінің жәрдемақысына қазір 700 теңгеден қосылды дейік. Бірақ өткен аптадан бастап нарықта азық-түлік бағасы өскені ескеріліп отыр ма? Күнделікті қажет нан, сүт бағасы қаншаға «секіргеніне» көңіл бөліп, нарықты бағамдап, талдау жасап жатқан біреу бар ма? Араға жылдар салып, бір рет өсірілген жәрдемақы үшін бір жылда нарықтағы баға неше рет өсіп, қымбатшылық қанат жайып отырғанын қалт жібермей қадағалап, көріп отырған көз жоқ па? 16000 теңге деген, түптеп келгенде табысы жоғары бай-бағландардың таңғы асының ғана бағасы екенін министр ханым білмей ме екен?
Өткен жылдан бастап елімізде төрт бала сүйгендер «көп балалы отбасы» санатына жатса да, мемлекеттен төленетін жәрдемақыдан қағылғаны белгілі. Көңіл жазына санының азы кедергі етіп қалатынын білген аналар наразылық танытып, шыр-пыр болып жазып, тулады да қойды.
Бүгінде елімізде жалпы 237 мың көп балалы ана бар екен. 237 мың отбасының әрқайсысында бес баладан бар дегеннің өзінде бұл аналар Қазақстанның кемі бір миллионнан астам азаматын өсіріп, тәрбиелеп отыр.
Бес баласы бар аналар биылдан бастап айына 10504 теңге жәрдем­ақы алады. Оларға 499 теңге қосылыпты. Ал «Күміс алқа», «Алтын алқа» алған аналар, яғни алты және одан көп бала сүйген аналар, министр ханым мәлімдегендей, 16160 теңге алады. Бұл бір баланың мемлекеттік балабақша үшін төлейтін ақшасына да жетпейді. Сонда министр нені көпсінді? «Мұндай жағдай ешбір елде жоқ» деп несімен екіленді? Аз халықтың жағдайын қара ормандай орыстың отаны – Ресеймен салыстырғысы келеді, ол елде де демографияны сауықтыруға жасалып жатқан шаралар аз емес. Ал бала туып, мемлекетке саналы азамат өсіріп беріп отырған аналарын аялаған, көп балалы отбасылардан көмегін аямаған Англия, Финляндия, Франция, Канада, Чехия, тағы басқа елдердің тәжірибесі неге үлгі етілмейді?
Иә, мемлекет беретін 16160 теңге, шынын айтқанда, көп балалы отбасылардың жыртығына жамау болып отырған жоқ. Әрі кетсе бұған бір қап күріш пен бір қап ұн алуға болатын шығар.
Бәрінен бұрын министрдің Елбасы қамқорлығымен бюджеттен бөлініп отырған жәрдемақыны өз қалтасын қағып бергендей сөйлегені кей аналардың шамына тиді. Түптен келгенде, көп балалы аналар қоғамның байлығы емес пе?..

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды