«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Міндетті түрде адам шығыны болуы керек пе?

Бүгінгі күннің бүлкілі

0 33

Жексенбінің кешінде Шамалған стансасында орын алған қайғылы оқиға бүкіл елді бейжай қалдырмады. Теміржол өткелінде Алматы-Қостанай бағытындағы №43 пойыз бен Алматыдан Қаскелеңге қатынайтын «Setra» маркалы автобустың соқтығысуы салдарынан автобус жүргізушісі мерт болып, үш адам (ана мен екі баласы) Қарасай аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілді.

Қатерлі өткел Нұр-Сұлтан-Алматы күре жолы бойында орналасқан. Бұл жерде пойыздардың адамды қағу оқиғалары бірнеше рет тіркелген. 2017 жылдың өзінде осы аумақта жеті адамның өмірі қиылған.
Өткел Шамалған стансасын екіге бөліп тұр. Мектепке балаларын жіберетін ата-­ана перзенттері аман болса екен деп Құдайдан сұраумен өтеді. Бұл аумақта көпір салу мәселесі көптен бері көтерілген еді. Таяуда телеарналардың бірінен тиісті сюжет те көрсетілген. Сонда жеңіл көлік иелері өткелге келгенде сағаттап кептелісте тұратыны айтылған.
Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далбаев та мұны растап отыр. Оның айтуынша, алайда осы аумақта көпір салу әзірге мүмкін емес. Ол үшін жол бойындағы үйлерді сүру керек. Ал бұл жұмыс қомақты қаржыны қажет етеді.
Кеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр көпір құрылысы келесі жылға жоспарланғанын айтты.
Осыған ұқсас проблема елордада да бар. Бас қала мен «Өндіріс» тұрғын алабын қосатын жолдың бойында да теміржол өткелі бар. Ары қарай немесе бері қарай шыққан көліктер иелерінің мұндағы кептелісте де қаншама уақыты «өліп» жатады. Бұл аумақта көпір салу мәселесі де біраздан бері айтылып келе жатқан әңгіме. Қалалық мәслихат депутаттары да мұны дүркін-дүркін көтерді. Депутат Мирас Шекенов Ш.Бейсекова мен Құс жолы көшелерін қосатынын көпір салынатынын, тиісті жоба әзірленіп жатқанын, қазіргі кезде жер учаскелерін алып қою мәселесі қаралып отыр­ғанын айтты. Бірақ көпір құрылысы нақты қашан бас­талатыны әлі белгісіз.
Мәселені осылай созбалаңға сала берсек, Шамалғандағыдай қайғылы жағдайдың қайталанбауына кім кепілдік береді?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды