«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Міндетті сақтандырудың мәні неде?

0 94

Шынын айтсақ, денсаулық сақтау саласының бүгінгі жағдайы көп адамның көңілінен шықпайды. Ірі клиникалардың базасын жаңартып, заманауи құрал-жабдықтар алып, мамандардың біліктігін арттыруда атқарған жұмыс, әрине, аз емес. Алайда емханалардың дәліздерінде сабылып жүрген қарапайым халықтың саны азаяр емес. Профильді маманға көрінуге алдын ала апталап жазылып, кезекке тұрады. Денсау­лық сақтау саласындағы оң өзгерістерге қашан және қалай қол жетеді? Келесі жылдан бастап енгелі отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті осы саланың жауырын жаба ала ма? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін алдымен дүние жүзінің озық тәжірибесіне шолу жасап көрелік.

Әдетте, бір елдегі медицинаның дамуын сол елдің халқының өмір сүру жасының ұзақтығына қарап есептейді. Бұл ретте жапондықтар орташа есеппен алғанда 83 жыл жасайды екен. Ал медицинасын түлетуге мемлекет ішкі жалпы өнімінің 10,23 пайызын құйып отыр. Корея Республикасы дүние жүзі бойынша озық көрсеткіштерімен алда тұр. Халқының орта жасы бүгінде – 82 жыл. Елдің ішкі жалпы өнімінің 7,37 пайызы денсаулық сақтау саласына бөлінеді. Мұнда да медициналық сақтандырудың мемлекеттік бағдарламасы бар, оған халықтың 97 пайызы қамтылған. Және әрбір азамат жылына жалақысының 5 пайызын осы бағдарламаға аударады. Осы үштіктің соңын тұйықтаған Испания ІЖӨ 9,03 пайызын бөледі. Ал бізде ше? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының ұсынысы 6 пайызды мөлшерлесе де, нақты бөлініп отырған қаржы елдің ішкі жалпы өнімінің 3,7 пайызын ғана құрайды. Осы қаражатқа Жапония мен Корея медицинасының озық үрдісін талап етуге бола ма?

Соңғы он жылда не өзгерді?

2009 жылдан бері Қазақстан халқының саны 2,4 млн адамға көбейді. Адамдардың өмір сүру ұзақтығы 4,5 пайызға артты. Осыған сәйкес егде жандардың саны 6,6 пайыздан 7,4 пайызға артты. Балалар мен зейнеткерлер басқаларға қарағанда жиі ауырып, дәрігерге көп барады. Мұндай үдеріске қазіргі денсаулық сақтау ісі дайын ба? Міне, осы ретте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін жүзеге асыру қажеттігі туындап отыр. Жалпы сөзбен айтқанда, саланы сауықтыратын – қосымша қаражат көзі. Оның кімдер төлейді? Жұмыс берушілер мен жұмысшылар. Яғни еңбекке қабілетті жастағы барлық азаматтарды міндеттеп отыр. Осы жерде: «онсыз да уыстап салық төлеп отырғанда неге тағы медициналық төлем төлеуге міндеттейді? Онсыз да ауруға уақыт жоқ. Бірдеңе бола қалса, қалтамнан төлеп жүрмін» дейтіндер табылады. Бұл рас, осындай ой көбімізде бар. Дегенмен осыдан ширек ғасыр бұрынғы кезеңге шегінейік. Ол кезде әлі де ыдырай қоймаған, нарыққа енбеген жүйе болатын. Бас ауырып, балтыр сыздаса, емханаға барып айналдырған 10-15 минуттың ішінде дәрігерге көрініп, емімізді алатынбыз. Қызмет сапасы да көңілден шығатын. Қазір ше?! Жарты күн талонын, тағы басқа талдауын түгендеп, кешке қарай дәрігердің алдына жетсек қуанамыз. Оның себебі не? Халқы күн сайын өсіп жатқан шаһарларда емханалар, дәрігерлер жетіспейді, білікті дәрігерге зәруміз. Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі туралы мүлдем сөз жоқ. Ортақ игілікке қаржы жұмсалатын қаржы – қоғамның ізгіленуіне, үлкенге құрмет, кемтарға қамқор болудың бір көрінісі.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Осыған мемлекетпен бірге әрбір азамат үлес қосып, ортақ нәтижесін де, жемісін де бірге көру. Тек мемлекеттің үлесіне қалдыру аздық ететінін көріп отырмыз. Алда-жалда ауырған жағдайда, лайықты медициналық қызмет алатынымызға сенімді болуымыз керек. Орта есеппен 12 айда 150 мың теңгенің 1 пайызы көп те емес. Жылына 60 мыңды құрайды. Салыстырмалы түрде алсақ, жай ғана бронхитті емдеуге 80-100 мыңға дейін теңге жұмсалады, екіқабат әйелді босандыру мемлекет қазынасына 100-120 мың теңгеге түседі. Бұл аз десеңіз, негізгі жұқпалы емес, онкология, қант диабеті, қан-тамыр айналымы жүйесінің созылмалы аурулары 2,5 пайызға артты. Бұл ретте халықтың жаңа жүйені қолдап, қаражат жағынан қолдау көрсетуі дұрыс. Егер бұл мәселені тек мемлекеттің мойына артып қойып, жаңа жетістіктерге мүдделі болмасақ, күндердің күнінде қаражат бітіп қалды деп операция үстінде жарықты ажыратып, я болмаса жүрекке қосылған аппаратты қаражатыңыз таусылды деп өшіріп тастауға мәжбүр болатын күн туады. Естеріңізде болса, тоқсаныншы жылдары алдыңғы оқиға орын алған болатын.
Халықтан түскен қаражаттың орнына жұмсалғанын қайдан білеміз? Меніңше, бірінші кезекте емханалардағы дәрігерлер кабинеті көбейіп, кезек күткен адамдардың саны азаяды. Бәлкім, мамандар халықпен етене жұмыс істеп, ауырмайтын жолды көрсете біліп, өз денсаулығымызға деген көзқарасымыз да өзгерер. Ал мемлекет бөлетін қаражат медициналық ғимараттар салуға, озық технологияларды сатып алып, мамандарды даярлауға артылатын болар. Сайып келгенде, көп нәрсе қаражатқа тірелетіні сіз бен бізге түсінікті ғой.
Сонымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне шолу жасайық. Оған табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін жоғары технологиялық медициналық қызметтер, МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ, қанмен және қан компоненттерімен қамтамасыз ету, медициналық оңалту және қалпына келтіруге бағытталған ем-дом шаралары, емдік тамақтану, т.с.с, кіреді. Бір көзбен қарағанда, бұлардың емдеу сапасына тікелей әсерін аңғаруға болады. Бір сөзбен айт­қанда, медицина ұйымдарының арасында бәсекелестік артып, медициналық қызмет сапасы артады деуге болады. Мамандардың айтуынша, осы пакеттің арқасында стоматологиялық қызметтер мен ересектерге арналған check-up бағдарламасы да қолжетімді болады.
Келер жылдың қаңтарынан бастап МӘМС жүйесіне тұрғындардың 94,5 пайы­зы қамтылмақ. Медицина саласына қан жүгіріп, кеңестік-диагностикалық көмекті қаржыландыру 3 есе, аурудан кейінгі оңалтуға 2,7 есе ақша бөлінеді. Бүгінгі күнде 5,7 млн жалдамалы қызметкерлердің төлемдері аударылып жатыр. 800 мың жеке кәсіпкерлер және жеке айналдыратын өз шаруасы барлар келер жылдан бастап жарна төлейтін болады. Мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдігі бар азаматтарды 15 санатқа бөліп, олардың төлемін мемлекет мойнына алады. Бұл – шамамен 9-10 миллион адам.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды