«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Міндетті медициналық сақтандыру: үміт пен күдік

0 111

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел тұрғындары тапқан табысының белгілі бір бөлігін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорына аударуды бастайды. Мамандардың айтуынша, аталмыш жүйе елімізде кезең-кезеңмен іске асырылады.

06

«Германиялық сақтандыру жүйесі негізінде дайындалған бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленді. Яғни, бес институционалдық реформаға сәйкес қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары аясында қолға алынып отыр. Жобаның басты мақсаты – 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіріп, халық денсаулығын жақсарту. Жұмыс берушілер келер жылдан бастап әр қызметкерінің ай сайынғы кірісінің 2 пайызын қорға аударады. Оның көлемі жыл сайын бір пайызға артып, 2020 жылы 5 пайыз болады. Ал қызметкерлер тек 2019 жылдан бастап қана кірісінің бір пайызын, 2020 жылы 2 пайызын қорға аударады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың жарна көлемі 2017 жылы – 2, 2018 жылы – 3, 2019 жылы – 5, 2020 жылдан бастап 7 пайызға жетіп барып тұрақтайды. Жоба коммерциялық мақсатты көздемейді әрі толықтай мемлекет бақылауында болады» дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.
Жаңа жүйе үш пакеттен тұрады. Оның алғашқысы бо­йынша жарна аударғандарға мемлекет тарапынан меди­циналық көмек тегін көр­сетілмек. Ал екіншісі жүйеге қатысушы азаматтарға жи­налған қар­жының есебінен көмек беріледі. Соңғысы бойын­ша медициналық сақтандыру жүйесіне азаматтар қалауына қарай мүше бола алады. Сондай-ақ, 15 түрлі категорияға жататын халықтың әлжуаз тобына мемлекеттің өзі төлем жасайды.
Бұл жарналар нәтижесінде отандастарымызға медициналық қызметтің екі пакеті ұсынылмақ. Алғашқысына жедел-жәрдем, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды аурулар, екпе және шұғыл жағдайларда көрсетілетін қызметтер кіреді. Ал келесі пакет бойынша стационарлық ем, реабилитация, емдік шаралар және жоғарғы технологиялық көмектер қарастырылады.
Дегенмен бұл жүйе Қазақстан азаматтарының еңбекақысына қосымша ауыртпалық жүктемейді. Қорға бөлінетін жарналар халықтың табыс салығы есебінен төленеді. Мәселен, 100 мың теңге жалақы алатын қызметкердің 10 мың теңгесі, яғни 10 пайызы табыс салығына ұсталса, енді ол үшін тек 8 мың алынады. Ал қалған 2 мың теңге міндетті сақтандыру қорына аударылатын болады.
Ескеретін тағы бір жайт, азамат қайтыс болса, жиналған жарналар туыстарына берілмейді. Ал шетелге көшетіндер үшін сақтандыру жинағы сол елдің қорына аударылады. Алайда, мұның барлығы тұрғындардың таңдауындағы елдермен жасалатын келісімге байланысты болмақ.
Жалпы еліміз бойынша медициналық көмек көрсету мақсатында жыл сайын 700 млрд теңге жұмсалады екен. Ал егер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылса, бұл қаржының көлемі кемінде тағы 350 млрд теңгеге артпақ. Яғни, медициналық қызмет сапасы мен жұмсалатын қаржы көлемі артады деген сөз. «Келер жылдан бастап енгізілетін жаңа жүйенің тиімді тұстары жетерлік. Ең бастысы, медициналық қызмет сапасы артып, халықтың денсаулығы жақсарады. Қорға жұмысшылар ғана емес, жұмыс берушілер, сонымен қатар, ел үкіметі бірлесе қаржы аударып отырады. Алайда бұл міндеттерден әлеуметтік қорғалмаған әлсіз топтар босатылады. Қор құрылтайшысы мемлекет болғандықтан, жұмсалған әр тиынның есебі жасалады. Сондай-ақ, жедел жәрдем қызметі, санитарлық а­виа­ция, екпе егу тәрізді қызметтер бұрынғыша Үкімет тарапынан қаржыландырылатын болады» дейді Ұлттық ғылыми медициналық орталығы басқармасының басшысы Абай Байгенжин.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды