Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

МИЛЛИАРДТАР ЖАРҚЫРАТҚАН БРИЛЛИАНТ

Тарихтан там-тұмдасақ, кезінде Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп, қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды. 

1927 жылы Мәскеу консерватория­сында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаев әндерінің дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері – Ромен Роллан, Анри Барбюс, тағы басқалар тарапынан жоғары баға алғаны белгілі. Осындай ұлы жолды жалғастырып, жас болса да жарқ етіп көрінген Димашты қазақ ұзақ күтті. Дәл қазір қазақ қана емес, әлем халқы арзан, жеңіл дүниелерден мезі болғандай еді. Өзінің әсем дауысын, тума талантын, ерекше көркемдігін көрсетіп, тап-таза, мөп-мөлдір өнерді паш еткен Димаштың бұл жолда айы оңынан туды. Әуезді үнін тек таза дыбыспен табыстыра отырып, миллиардтарды мойындатты!

Ол, ең алдымен, «Жас қанат» байқауында жарқ етіп, кейін Ресей, Беларусь, Түркия мемлекеттерінде өткен ән додаларында абырой биігінен көрінді. Бүгінде бас қаламыз­дағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті. Жас болса да мемлекеттік масштабтағы салтанатты концерттер мен гала ән кештері Димашсыз өткен емес. Енді, міне, Қытайдың Чанша қаласында қаңтардың орта шенінде басталған «Singer-2017» байқауында әлемді аузына қаратты. Міне, осы тұста әлем Димаш арқылы қазақты таныды.

23432

Өнердегі кеңістікте шекара болмайды. Сұңқарды сұңқар парлап ұшқан қанат қағысынан, тұлпарды тұлпар жер тарпыған шалқар шабысынан таниды. Осы тұста Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева да «Мен – әншімін!» додасының финалына барып, Димашқа қолдау білдірді. Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Бұрын-соңды мұндай қолдау қай әншіге жасалынып еді? Шабысты жүйрік атты сейілтер белдеуде, жабу астында тұрғанда таниды. Көздері көріп, көңілдеріне түйгенін әлемдік деңгейдегі өнер майталмандары жасырып қалған жоқ. Жер жерге жарыса жазып, отандық теларналарында қайта-қайта айтып жатты.

5654654

Димаштың әр кезеңде айт­қан әндеріне – залдағы көрер­менің көздері шарасынан шығып кете жаздады. Сенбей көздерін уқалайды. Бастарын барынша шайқайды. Бас бармақтарын көрсетеді. Әйтеуір, эмоцияларын білдіруден танбады. Жанкүйерлер жанын шүберекке түйіп тілекші болған Димаштың екінші тұғырдан көрінгеніне разы еместіктерін білдіріп жатты. Айта кетсек, «Мен әншімін» – үздік әншіні анықтайтын музыкалық байқау. Ең алғаш 2013 жылы эфирге шыққан жоба осы жылы 5-рет ұйымдастырылды. Бұл жоба – Қытай еліндегі ең үздік музыкалық байқаулардың бірі, сондай-ақ, «Хунань ТВ» арнасының ең танымал музыкалық шоуы. Сондықтан Қытайда бұл жобаның рейтингі өте жоғары. Қазіргі таңда «Singer» шоуы Канада, Малайзия, Сингапур, Тайланд және Еуропа мемлекеттеріне тарайды. Қытай елінің Хунань аймағында ұйымдастырылған байқауға қатысушылар – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған танымал жұлдыздар. Әншілердің саны – 7. Олар – Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур және Қазақстан азаматтары. Димаш Құдайбергенов – Орталық Азиядан қатысқан алғашқы әнші.
654654

Байқаудың финалында қазақстандық әнші қытайлық танымал әнші Шан Вэньцземен қосылып, Майкл Джексонның – Earth Song және Dangerous әнін орындады. Осы байқаудағы Димаштың басты қарсыласы – гонконгтық Sandy Lam болды. Финалдың алдындағы рейтингте Sandy Димаштан небәрі 0,15 балға озып тұрған. Айта кетейік, жеңімпаздардың тағдырын көрермен залында отырған 500 адам шешті. Олар жеңісті ақыры тартысқа толы бәсекеде барлық кезең бойынша Димашпен теңбе-тең келе жатқан Sandy Lam-ға берген.

2342314325354365

Бірақ ойлап қарасаңыз, гонконгтік әншінің жерлесімізден бір адым алға шыққаны – заңдылық. Расында да, доданың ұйымдастырушысы да, жүлденің де иесі – жер бетіндегі ең көп халық, өздері. Құдайберген құдай бере салған талантымен қаптаған қытайды ғана емес, талғамы талассыз французды мойындатты. Француздық танымал телеарна Франс 2-нің таңғы бағдарламасында «Сіздер мына керемет дауыс иесін танисыздар ма? Бұл баланың аты – Димаш. Ұлты – қазақ» деп таныстырғанда көкірегіңді ерекше қуаныш кернейді екен. Талай қазақтың жүрегін селт еткізіп, көзіне қуаныштың көз жасын әкелген қаршадай баланы жақсы көрмей көр сосын.

25432532

Димаштың даңқын асқақтатқан Қытайдағы Singer-2017 байқауы 21 қаңтар күні басталған. 14 кезеңнен тұратын байқауда қазақ баласы үнемі үздіктердің қатарынан көрініп, өзінің талантты екенін дәлелдеді. Димаштың ерекше таланты әр кезеңді тамашалауға келген жанкүйерлердің таңдайында кетті. Байқау барысында екі бірдей атаққа қол жеткізді. «China Top music Awards» марапатының «Азияның ең танымал әншісі» атағын жеңіп алды. Бұған қоса әнші 17th China Music Awards шарасында «Халықаралық деңгейдегі танымал әнші» жүлдесіне де ие болды.Оның ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысына Лара Фабиан мен атақты Джеки Чанның өзі таңдай қақты. Тіпті, қазақ баласы танымал голливуд фильмінің саундтрегін де орындады. Осы жеңістің құрметіне Димаштың суреті Шанхай (Shanghai Bund) және Нью-Йорк қалаларындағы (Times Square) LED экранға шықты. Міне, мықтылық! 2342321yo

Мықтылық дегеннен шығады, Димаш өзгелердің ығына жығылмай, өз ұлтының намысын биік ұстаумен болды. Қытайда тұрмын демеді, тек қазақша сөйледі. Қазақтың әнін айтты. Ұлттық киімін паш етті. «Сүйікті кітабым – Абай жолы» деді. Осылайша, өнеріне табынушыларға қазақ тілін үйретуге қадам жасатып, әдебиетіміздегі классикалық туындының қытай тіліндегі аудармасының сатылымын арттырды.
Қазақстанның Еңбек Ері Айман Мұсақожаева, Опера әншісі Майра Мұхамедқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеев бастаған өзіміздің өнер майталмандары да «Бұл деген – үлкен революция», «Ол нөмірі бірінші әнші атанды», «Бұл өнердегі – жарылыс», «Төрт октава дауысы бар. Әлемде дәл мұндай дауыс жоқ» деп Димаштың талантына оң бағаларын беріп, қолдау білдіріп жатты. Қысқасын айтқанда, қуан­баған қазақ қалмады.

43423

Тіпті, Қазақстанның халық артисі Лаки Кесоглу: «Шыны керек. Димаш осы байқауда өзінің зор мүмкіндігін көрсетіп, нөмірі бірінші атанды. Бірден айтайын, Димаш пен Витас­ты салыстырып қажеті жоқ. Ол екеуінің дауысы екі бөлек. Витас фальцет­пен орындайды. Ол өзінің дауысымен орындаса, мұндай ерекшелік болмас еді. Ал Димашта контратенор. Мұндай дауыс әлемде өте аз» деп нақты бағасын беріп, елдің ерінінде жүрген күбірге нүкте қойды.

Мінсіз асыл тасты миллиардтардың көзі шалды. Нәп-нәзік жүрегінің сырын осылайша өнердің мейрамына айналдырған баланы қазағы қатты мақтаныш тұтты.Мыңнан бірге берілген, Димаштың маңдайына жазылған бақ бұл!

Бұл жеңіс – әлем алдындағы қазақтың табысы!

P.S Бұл Димаштың финалда ән салған видеосы. Ләззат алып, тамашалайық!

Print Friendly, PDF & Email
ru.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*