«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

МЕРЕКЕЛІК БҰҚАРАЛЫҚ ВЕЛОШЕРУ ӨТТІ

0 36

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі спорт күніне орай бұқаралық велошеру ұйымдастырды. Мерекелік іс-шараға қатысушылар велосипедпен 14 шақырымдық жолды жүріп өтті.

Салтанат сарайы жанынан басталған велошеруге 1 мыңға жуық әуесқойлар қатысты. Әсіресе, балалар мен жастар көп болды. Қатысушыларды, сондай-ақ барша спортшыларды кәсіби мерекесімен құттықтаған елорда әкімінің орынбасары Б.Мәкен «Бүгінгі велошеру жастарды спортқа баулуға және салауатты өмір салтын насихаттауға көмектеседі деп сенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік пен үлкен жеңістер тілеймін!» деген лебізін білдірді. Әкімнің орынбасары соңғы жылдары қала тұрғындарының бұқаралық спорт тартыла бастағанын, елордамызда халықаралық жарыстардың өткізілетінін, осылайша жалпы спорт мәдениетінің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын да атап өтті.

Велосипед мінген көп­шілік алдымен Қабанбай батыр даңғылы бойымен Ұлы Дала көшесіне дейін келді. Одан әрі Тұран даңғылының бо­йымен жүріп Орталық саябақта мәреге жетті. Велошеруге қатысушылар арасында Мәдениет және спорт ­министрі Ақтоты Райымқұлова, белгілі қоғам қайраткерлері, кәсіпқой спортшылар мен велоспорт әуесқойлары болды. Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы мәреге жеткен, жалпы мерекелік жарысқа тіркелгендер арасында кө­ңіл көтеретін ойындар да ұйымдастырды. Велосипед мініп, көшеде сергіп қайтқан көпшілік велосипедтер және естелік сыйлықтар алып қуанып жатты.

Осы шараға қатысқан әуесқойлардың бірі Елеусіз Пардабаев болды.Ұлттық қауіпсіздік комитетінің зейнеткері өз пікірімен бөлісті.

– Зейнет демалысында болсам да, спорттық шараларға қатысуды ұнатамын. Жүгіру және жүзуді дәстүріме айналдырғалы қашан. Ал кешегі спорт күніне орай ұйымдастырылған велошеруге кәдімгідей дайындалып келдім. Мен үшін сыйлық немесе жүлде маңызды емес, ең бастысы денсаулыққа пайдалы болса болды, міндетті түрде қатысамын. 14 шақырымды түгелдей жүріп өттім. Жастар жағы көп болғаны қуантады. Салауатты өмір салтын насихаттайтын әрі қалыптастыратын осындай жарыстар қаланың мәдениетін өзгертеді ғой. Елорда әкімдігіне рахмет, осындай көпшілікке арналған спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастырып тұрса, қатысатын адам табылады деп ойлаймын, – деді спортты жанына серік еткен әуесқой спортшы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды