«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мерекелер мәзірі немесе қыс қызықтары

0 14

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесімен басталатын желтоқсан айында атаулы күндер де, мерекелер де жеткілікті. Астананың Арқаға көшіп келуі де, баршамызға қастерлі Тәуелсіздік күні мерекесі де қыстың осы алғашқы айына тиесілі. Соған сәйкес халықтың демалатын күндері көп. Мәселен, сенбі-жексенбі күндерін қосқанда, желтоқсанда он үш күн демалыс екен. Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы бұл айға және жалпы қыс маусымына ауқымды бағдарлама дайындап қойды.

1 желтоқсанда «Энергия холы» концерт залында Тұңғыш Президент күніне арналған «Жаңа дәуір жарқын болашақ» атты мерекелік кеш, ал Астананың көшкен күніне орай «Астана» концерт залында «Астана арманы» концерті өтеді. 16 желтоқсанда қалалық әкімдік алдындағы алаңда Тәуелсіздік күні құрметіне елорданың жетекші шығармашылық ұжымдары және қазақстандық эстрада әншілерінің қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылады.
Сондай-ақ Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында, дәлірек айтқанда 15 желтоқсанда «Алғашқы қар» іс-шарасымен шаңғы тебу маусымы ашылады. Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталинаның айтуынша, биыл мұз қалашықтары қаланың үш аумағында ашылады. Олар «Хан Шатыр», Астана әкімдігі алдында және Ботаникалық бақ аумағында орналасады. Бұл жерлерде әр демалыс сайын жәрмеңкелер, концерттер, театрландырылған қойылымдар және отбасылық-спорттық «Көңілді қыс» форматындағы қызықты ойындар ұйымдастырылады.

Бұған қоса коньки тебуді, шанамен сырғанауды жақсы көретіндер үшін сырғанақтар және мұз төбешіктері салынады. Соның ішінде «Шабыт» шығармашылық сарайының алдындағы Тәуелсіздік алаңында қаладағы ең үлкен мұз айдыны ашылады. Президенттік саябақта биіктігі 16 метр болатын мұз сырғанақ пайда болады. Ботаникалық бақта, «Мұстафа Кемал Ататүрік» саябағында және Есіл өзенінің жағалауында елорда тұрғындары мен қонақтары бұғы жеккен шанамен қыдыра алады.

Тұрғын алаптары тұрғындары да қыс қызығынан тыс қалмайды. Мұз айдындары мен сырғанақ алаңдары «Үркер», «Көктал-1», «Кирпичный», «Өндіріс» тұрғын алабы, №10 емхана ауданында, «Жағалау» тұрғын-үй кешені және Н.Тілендиев даңғылы бойындағы «Рахмет» сауда үйі аумағында орналасады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды