Четверг, 17 Август 2017
-->

МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛҒАН МУЗЕЙ ТҮНІ

Ұлттық музейде дәстүрлі «Музейдегі түн» шарасы өтіп, оған 37 мыңнан астам адам қатысты. Бұл күні мұражайға қарай ағылған жұртшылық тарихы тасқа, шежіресі құмға сіңген қасиетті өлкеміздің мәдени құндылығы құнттаған керемет кештің куәсі болды.

02

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Абай Сатубалдин: «Биыл үшінші мәрте «Музей түні» өтіп отыр. Алғашқы жылы бұл шараға келушілердің саны 23 мыңды құраса, былтыр 30 мыңдай адам құрметті қонақтарымыз болды. Ал биыл одан да көбейді. Мұндай шараларды өткізу арқылы халықтың төл мәдение­тімізге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарымызға деген құрметін молайта аламыз» деді.
Кешке келгендер танымдық бағыттағы түрлі тақырыптық экскурсияларды көріп, «Асық ату», «Арқан тартыс», «Қол күрес», «Тоғызқұмалақ» сынды спорттық ойындарға қатысты. Тіпті, «Қымызмұрындық» рәсімінен керемет көріністер көрсетілгенде, жұртшылық өздерін алғашқы қымыз ішу тойында жүргендей сезінді. Қонақжайлықты, жомарттық пен мәрттікті, бірлікті меңзейтін көрініс­те алғашқы қымыз адамдарға салтанатпен ұсынылып, «көпке бұйырсын» деген тілекпен таратылды. Ақтан ауыз тиген ағайын музей атриумында зергерлік бұйымдар мен кәдесыйлар сатылымға қойылған жәрмеңкені де үлкен қызығушылықпен аралады.

d4s_7617
Биылғы мерекенің басты жаңалығы, Қазақ тағамтану академиясы әзірлеген бие сүтінен дайындалған шоколадтың таныс­тырылымы болды. «Осыған дейін бие сүтінен йогурт, балмұздақ жасалды. Бірақ жаңа жаңалық бәрінен мықты боп тұр. Шоколадымыздың құрамында қант жоқ. Бір қиыны, бие сүтін қайнатуға, тазартуға болмайды. Оның құнары шикі сүтте таза сақталады. Сол бие сүтінде бар құнды затты еш жерден ала алмаймыз. Еңбектеніп, жаңа тәсілді пайдаланып, шоколад жасалды. Ол қант диабеті, қатерлі ісіктің алдын алады» дейді академия төрағасы Төрегелді Шарманов.

15
«Музейдегі түнге» Гүлнұр Оразымбетова, Ринат Малцагов бастаған астаналық өнер жұлдыз­дары қатысып, өнерлерін көрсетті. Әлемдік деңгейде аталып өтетін бұл акцияның Ұлттық музейде де ұйымдастырылуы бізді ерекше қуантты дейді қонақтар. Тұрғындардың қызығушылығын тудырған залдардың қатарында Алтын залы мен Заманауи өнер залы және Астана залы болды.
«Мұражай – терең тарихтың қойнауына сүңгiтiп, сол арқылы жан дүниеңдi байытатын орын. Ол – халықтың өткенi жайлы көптеген мәлiметтермен жастарымыздың бойына рухани азық бередi. Мұражайға балаларымызды әкеліп, көппен бірге тамашаладық. Ұлттық ойындарымызға деген қызығушылықтың басым екеніне көзіміз жетіп, көңіліміз бірлеп қалды. Ұлттық құндылықтарымызды кейiнгi жастарға насихаттау, үлгi-өнеге етiп көрсету – баршаның мiндетi деп бiлемiн» дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мақсат Шотаев.
Тарихымызды жаңғыртып, өнерімізді дамытуға арналған осынау шара ұрпағы аман, ұлты азат қазіргідей бейбіт заманда дәл осылай тойланса қалай мақтансақ та жарасады.

Гүлжан РАХМАН

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*