«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Мерейлі отбасы» байқауы мәреге жетті

0 23

Отбасы институтын дәріптеп, адами құндылықтарды нығайтуға бағытталған дәстүрлі «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі өз мәресіне жетті.

Сайысқа қатысуға Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 70-ке жуық отбасы өтініш білдірген. Олардың арасында ұрпақ тәрбиесіне жауап­ты мұғалімдер де, дертке шипа іздеген дәрігерлер де, жолаушылар үшін күні-түні қызмет ететін теміржолшылар да, сегіз қырлы өнерпаздар отбасы да бар. Әр әулеттің өмір жолы, тәрбие мектебі әртүрлі. Сондықтан олардың ішінен ең үздіктерін іріктеп алу әділ қазылар алқасы үшін оңайға соқпады.
Соңында қазылардың шешімі бойынша, жарыстың бас жүлдесіне Қойбақовтар отбасы лайық деп танылды. Қойбақовтар – Ұлы Отан соғысының ардагері мен Батыр анадан тараған ұлағатты әулет. Әулеттегі ата мен әже он баланы өсіріп, бүгінде одан отыз екі немере, отыз бір шөбере, бес шөпшек сүйіп отыр. Отбасындағы он баланың үшеуі – ғылым докторы, екеуі – ғылым кандидаты, екеуі – заң қыз­меткерлері, ал үшеуі медицина мамандары екен. Жеңімпаз отбасыны Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов марапаттады.
Мұнымен қоса, байқау қорытындысы бойынша Дүйсенғазы отбасы І орынды, Дауешовтер және Мәлжанбаевтар отбасы ІІ орынды, Оспанқұловтар мен Қадырбаевтар әулеті ІІІ орынды қанжығаға байлады. Бұдан бөлек, ерекше қырларымен көзге түскен әулеттерге арнайы номинация табысталды. Атап айтсақ, Абдуллиндер әулеті – «Әлеуметтік белсенді отбасы» аталымына, Айтқұловтар – «Талантты отбасы» аталымына, Спатаевтар әулеті «Спортшы отбасы» аталымына ие болды.

Әнел ЖАРЫЛҒАСЫНҚЫЗЫ,
Қаржы академиясының
студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды