«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мерейлі хоккей мерекесі

0 37

Астанада «ҚХЛ жұлдыздарының апталығы» өтті. Жыл сайын «ҚХЛ жұлдыздарының матчы» болып ұйымдастырылатын спорттық-мерекелік шара биыл бес күнге жалғасты. Өйткені Астана төрінде өткен матчтар Құрлықтық хоккей лигасының 10 жылдығы және Астана қаласының 20 жылдығымен тұспа-тұс келді.

Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына, жалпы хоккей жанкүйерлеріне қызықты ойындар, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған апталықтың ең тартысты әрі негізгі матчына жанкү­йер қауым көп жиналды. Дәстүрге сай, «Шығыс» және «Батыс» дивизиондары арасында өткен кездесуге ҚХЛ чемпионатындағы үздік ойыншылардың бәрі дерлік қатысты. «Тарасов» командасын белгілі бапкер Андрей Назаров баптап шығарса, «Чернышев» құрамасын «Барыс» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Ғалым Мәмбеталиев бастап шықты. Осыған дейін бұл командалар өз кезегінде «Харламов» және «Бобров» дивизиондары командаларын ұтқан болатын. Ал бұл командалар өзара үшінші орынға таласты. Сергей Мозякин бастаған «Харламов» командасы лиганың тағы бір жұлдызы, СКА шабуылшысы Илья Ковальчук ойнаған «Бобров» командасын жеңіп, қола медаль иегері атанды.
Ал финалда «Астана Аренаға» жиналған жанкүйер, негізінен, «Чернышев» командасын қызу қолдады. Өйткені бұл команданың сапында «Барыстың» бірнеше хоккейшілері ойнаған болатын. Солардың бірі Кевин Даллман бірінші болып есеп ашқан еді. Алайда Андрей Назаровтың «Тарасов» жігіттері біртіндеп ойын тізгінін қолға алып, нәтижесінде 5:4 есебімен жеңіске жетіп, бас жүлдеге ие болды.
«Жұлдыздар матчы» жеңімпаздарын Халықаралық хоккей федерациясының президенті Рене Фазель, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев және Құрлықтық хоккей лигасының президенті Дмитрий Чернышенко құттықтап, сыйлықтар табыс етті.
– Біз үшін осындай хоккей мерекесін өткізу үлкен мәртебе деп білемін. Биыл біздің елордамыз – Астана 20 жылдығын атап өтсе, Құрлықтық хоккей лигасының құрылғанына да 10 жыл толып отыр. Сондықтан да «ҚХЛ жұлдыз­дары апталығының» біздің қаламызда өткені өте жарасымды болып отыр. Біздің «Барыс» – лиганың бірінші чемпионатынан бері тұрақты қатысушысы. Осындай шаралар елімізде хоккейдің дамуына үлкен серпін береді. Ал Астана болса осындай спорттық-мәдени шараларды өткізетін құрлықтағы тартымды қала болғысы келеді. Яғни біз мұндай шараларды жыл са­йын өткізуге дайынбыз, – деді Астана әкімі Әсет Исекешев хоккей мерекесінен кейін өткен журналистермен кездесу барысында.
Апталық аясында өткен Әйелдер хоккей лигасының (ЖХЛ) матчында «Шығыс» дивизионы «Батыс» қыздарынан басым түсті. Ал жастар лигасында (МХЛ) «Батыс» хоккейшілері «Шығыс» құрамасын ұтты.
Сонымен, Астана тұрғындары мен қала қонақтарын бес күн бойы хоккей мерекесімен қуантқан «ҚХЛ жұлдыздарының апталығы» өте жақсы деңгейде өтті. Бұл жөнінде хоккейшілердің өздері де, Халықаралық хоккей федерация­сы мен ҚХЛ басшылары да хоккей мерекесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, шынайы алғыстарын білдіріп жатты. Демек, Астана төрінде өткен спорттық-мерекелік шара елімізде, оның ішінде Астанамызда хоккейдің дамуына жаңа серпін қосатыны айқын.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды