«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мерейі үстем Меруерт

0 18

География ғылымдарының докторы, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері, профессор Меруерт Насурлақызының еңбек жолына көз жүгірте қарасаң, ғалымның әрбір жылы ғылыми ізденіске толы екендігінің куәсі боласың. Кей адамдар қызметін қимай, я болмаса жылы орнын суытқысы келмей, бір орнында ұзақ отырып қалады. Біздің кейіпкеріміз олардың қатарынан емес.

Ісімен де, білімімен де көзге түскен ғалым қызмет бабымен 2008 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ауысып келеді. Содан бергі он жылдық еңбек өтілінде еліміздің жүрегі – Астана қаласының білімі мен ғылымының дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Өзінің өмірлік ісі – ғылыммен айналысуды әрі қарай жалғастырды.
Меруерт Насурлақызы 1958 жылы 9 сә­уірде Жамбыл облысы Сарысу ауданының Байқадам ауылында дүниеге келді. Әжесі Шарбан Өтегенқызы суырыпсалма ақын болған. Кезінде Кете Жүсіппен айтысқан. Әкесі Насурла ақынжанды еді. Анасының айтыстарын қағазға түсіріп отырған. Жазған қағаздарын сандықтың ішіне сала берген. Меруерт әжесінің жанында жүріп, біраз айтысын көзімен көрген. Тіпті таң атқанша ұйықтамай айтысқанына куә болған түндері жадында. Соңында әжесі қарсыласын жеңіп шығатын еді. Сегізінші сыныпта оқып жүргенде әжесі, ал 60 жасында кенеттен әкесі қайтыс болған кезде үлкендер сандықта сақтаған әжесінің айтыстары жазылған дәптерін балаларының қолдарына тапсырған.
Әкесі марқұм оқыған, білімді, Сарысу ауданына сыйлы адам еді. Алты баласын да оқытты. Өнегелі отбасынан ұшып шыққан Меруерт 1980 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының география факультетін «география және биология» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №171 орта мектебінде география пәнінің мұғалімі болып бастады. Осы білім ордасында он жылдай ұстаздық етіп, тәжірибе жинады. 1991 жылы Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының аға оқытушысы қызметіне ауысады.
География – ең ежелгі ғылымдардың бірі. Осы мамандық бойынша мамандар даярлау мақсатында М.Мұсабаеваның басшылығымен 1994 жылдың қыркүйек айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық университетінде алғаш рет «география» мамандығы ашылады. Өзі «География және экология» кафедрасының меңгерушісі болды.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне ауысып келгеннен кейін де білім алушылардың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөлді. Бірден осы университетте де география мамандығын ашуды қолға алады. 1998 жылдың қыркүйек айында Жамбыл атындағы Тараз педагогикалық институтына ауысып, онда да М.Насурлақызының басшылығымен «география» мамандығы ашылады. Міне, мамандыққа – адалдық!
Ол Қазақстан ғылымының дамуына, оқу-ағарту ісіне, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты. Ұйымдастырушылық қабілеті мол ғалым «Тарих – география» кафедрасын ашты. Төрт жыл Жамбыл атындағы Тараз педагогикалық институтының бірінші проректоры – оқу ісі жөніндегі проректор қызметін абыроймен атқарды. Басшылық қызметте болса да, ғылыми зерттеу жұмыстарынан қол үзбей, жалғастыра берді. Түрлі республикалық, халықаралық басылымдарда ғылыми зерттеу мақалалары жарық көрді. Ол «Қызылорда облысының тұщы су проблемалары», «Тараз қаласы ауа бассейнінің ластану көздері», «Көне Тараз жері туралы ерте кездегі картографиялық мағлұматтар», «Жамбыл облысы су ресурстарының ластану проблемалары», «Өзен алабының геожүйелерін анықтау қағидалары мен дифференциясы» атты ғылыми мақалаларында еліміздегі жер-су, экологияға қатысты өзекті мәселелерді арқау етеді. Жазып қана қоймай, аталмыш мәселелерді халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларда үлкен мәселе етіп көтерді. Мұндай зерттеу еңбектері Елбасының елді серпілткен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен өзектестігімен бағалы. Өйткені ғалым еңбектерінде көтерілген жер-су атауларын қалпына келтіру мәселесі бүгінгі таңда да өзектілігімен құнды.
Астанаға келгеннен кейін бір жыл өткенде География институтында «Қазақ­станның геожүйелерін құрылымдық ұйымдастырудың географиялық негіздері» тақырыбында география ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясын қорғады. Франция (Сорбон университетінде), Германия және ТМД елдерінде (БГУ. Минск қаласы) ғылыми тағылымдамадан өтті.
Еуразия ұлттық университетінде география мамандығы бойынша ғылыми бағытта ғана (мектеп мұғалімдерін даярламайды) мамандар даярланады. Нақтырақ айтқанда, география саласында қазіргі кәсіпорындардағы жүргізіліп жатқан талап деңгейлерге сай мамандар даярлап отыр. Бүгінде профессор Меруерт Мұсабаева география маман­дығы студенттеріне заманға сай қазіргі технологияның қарыштап дамуына байланысты геоақпараттық жүйелер негізінде, аргис программалар негізінде, картографиялық шифрлау, космостық түсірілімдер нәти­жесінде үлкен геодезиялық карта жасауды үйретуде. Осының нәтижесінде түлектер жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін бірден (үшінші курста тәжірибеден өтуге барған мекемелерінде) жұмысқа орналасып жатады. Бұл, әрине, сапалы дәріс берген ғалымдар еңбегінің жемісі.
Еліміздегі ең іргелі оқу орны Еуразия ұлттық университетінің «Физикалық және экономикалық география» кафедрасының профессоры Меруерт Насурлақызының еңбегі еленді. Елорда құтты мекен болды. Қазақстан Республикасының «ЖОО үздік оқытушысы-2011» мемлекеттік грантының иегері, 2015 жылы Педагогика ғылымдары академиясының академигі болды, 2016 жылы Қорқыт ата атындағы «Алтын медалімен» марапатталды.
Меруерт Мұсабаеваның ұлағатты ұстаздық, тәлімгерлік, дәріскерлік қасиеттерін ерекше атап көрсеткен дұрыс. Еліміздегі география ғылымының дамуына ерекше үлес қосты. Студенттерге дәріс беріп қана қоймай, олардың магистратура, ғылыми іс-тәжірибе, докторантурада оқуын жалғастыруына тер төкті.
Бүгінгі таңда география мамандығы бо­йынша даярлаған шәкірттері Қазақстанның түкпір-түкпірінде үлкен ғылыми мекемелерде картография, кадастр бойынша, Экология комитетінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінде өздерінің ғылыми жолын жалғастырып, қызметтер жасауда. 35 шәкірті магистратура бітірді. Меруерттің ғылыми жетекшілігімен қорғаған ғалым Алтынбек Жақыпов – бүгінде ғылым докторы. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінен келген Ерлан Қабиев, Назым Қабдрахманова сияқты докторанттары Еуразия ұлттық университетінің география кафедрасында PhD докторантураcы бо­йынша ғылыми диссертациялық жұмысын аяқтауда. Замана талабына сай білімді шәкірттері Қазақстанның ірі жоғары оқу орындарымен қатар, шетелдің үлкен ғылыми орталықтарында, университеттерінде де дәріс беруде. География мамандығының мамандары кафедрадағы келісімшарт бойынша Америкадағы Айова, Калифорния, Оксфорд штаттарымен, Францияда, Германияда, Жапонияда, Кореяда ғылыми тағылымдамадан өтіп, білімдерін жетілдіруде. Кафедраның жас мамандары ағылшын тілін толық меңгеріп, студенттердің арасында жеке лекцияларын өткізуде.
Меруерт Насурлақызы: «Ұстаз әр уақытта студенттің келешегін ойлай білу керек. Оларға саналы, сапалы білім бере отырып, өмірде өз орнын таба білуге, келешекте үлкен жолда сүрінбеуге қалыптастыру керек. «Шәкірті ұстаздан озу керек» деген ұстанымды қолдаймын. Білім алушылар ұстаздан өнеге алып, ұстаздың бойындағы біліммен қатар шеберлікті, тәрбиелікті, сұлулықты сіңіре білуі керек. Сабақ беріп отырған 50 минутта әр баламен жеке сөйлесе отырып, әр баланың жеке өмірге деген құлшынысына үлкен мән беруіміз керек» дейді.
Ғылым жолы ауыр, «инемен құдық қазғандай» қиын да күрделі екені бесенеден белгілі. Соған қарамастан, Меруерт отбасын құрып, отағасының қабағына қарап, ана болып, бала сүйіп, әдемі әже атануды да қалыс қалдырмай, қатар алып келеді. Алланың берген үш ұлынан немерелер сүйді. Жоғары оқу орнында қызмет жасайтын жұбайы Шамен Балтабайұлының да алаңсыз қызмет етуіне мүмкіндік жасады. «Ғылым мен отбасын қатар алып жүру ол адамның өзіне байланысты. Бәріне де үлгеруге болады. Үш балам дүниеге келген кезде енем мен анам көмектесті. «Айналайын, үш баланы маған қалдыр» деп, қолымды байлаған жоқ. Маған қолдау көрсетіп, осындай дәрежеге дейін алып келген иманды болғыр ата-енеме және ата-анама ризамын. Алдымен Алла, сосын үлкендердің рухы мені қолдап жүрген шығар деп ойлаймын» дейді ғалым сөз арасында. Оқу орнында ұстаздықты ғылыммен ұштастырып, отбасында бала-шағасын аналық, әжелік махаббатымен бөлеп отырған Меруерт Насурлақызының өнегелі келбеті көпке үлгі.

Жұлдыз ТОЙБЕК,
Л.Гумилев атындағы
ЕҰУ журналистика және саясаттану
факультетінің аға оқытушысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды