«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мен қазақ қыздарына қайран қалам

0 398

«Әйел жаны – қырық шырақты» деп бекерге айтылмаса керек-ті. Қазақ қайсар қызға кенде емес. Батыр қыздардың аз болмағаны тарихтан да аян. Қазір де ер адамға тән ауыр жүкті арқалап жүрген арулар аз емес. Сондай нәзік жандылардың бір парасын назарларыңызға ұсынбақпыз.

КРАНШЫ АРУ

Жалпы, құрылыс көпшілікке тек ер адамдарға ғана тиесілі жұмыс сияқты болып көрінуі мүмкін. Көп қабатты ғимараттар крансыз салынбайтыны белгілі. Ал краншылардың арасында да нәзік жандылардың болатынын елестетпеген де шығарсыз..? Биіктігі көк тіреп тұратын зәулім ғимараттарды салуда әйелдердің де үлесі зор екен. Сондай жандардың бірі – краншы Бақытгүл Қыстаубаева. Ол «BI Group» құрылыс компаниясында істейді.
1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген Бақытгүл Қыстаубаеваның негізгі мамандығы – есепші. Бірақ талай табалдырықты тоздырып, мамандық бойынша жұмыс бұйырмаған соң еңбек жолын аспазшы болып бастапты. 2000 жылы Астанадағы құрылыстың қызып тұрған кезінде елордаға келіп, 10 жыл бойы ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты басқа да түрлі міндеттерді атқарған Бақытгүл 3,5 ай курсын оқып, тәжірибеден өткен соң 8 жылдан бері краншы болып еңбек етуде.
– Мен биіктікті жақсы көремін. Краншы болуымның бірден-бір себебі сол. Жұмыс өте қиын болса да, жауапкершілік мойынға жүктелген соң тиянақты орындауға тырысамыз. Жалпы, краншының жұмысы дәлдікті талап етеді. Жұмыс барысында аса сақ болмасаң, айналаңдағы адамдарға қауіп төндіруің мүмкін. Мен өз тәжірибемде 25 қабаттық үй биіктігінде жұмыс жасадым. Қазіргі уақытта 9 қабаттық тұрғын үй кешенін салып жатырмыз. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Б.Қыстаубаева. – «Сырт көз – сыншы» дегендей, көрген кісілер кранда отырғанның әйел екенін байқағанда таң қалып жатады. Ер адамның жұмысы болса да, олардан қалыс қалмауға тырысамын.
Бақытгүлдің айтуынша, тұрғын үй кешенінің кранмен жүргізілетін жұмысы 4-5 айда аяқталатын көрінеді. Жылына шамамен екі тұрғын үйді салатындарын айтады.
– Желді, жауын-шашын күндері жұмыс тоқтатылады. Жел соққанда кран біраз қозғалады. Сондай кезде сыртынан қарасаң қорқынышты, әрине. Бірақ мен қорықпауға тырысамын. Жұмыс кезінде аса бір қауіпті сәттер болған емес, болмай-ақ та қойсын. Кранның ілгішіндегі материалды қай жерге қою керектігін рациямен хабарлап тұрады. Әйт­песе, тым биіктен төменгі жақ көрінбейді. Басқа крандағылармен де үнемі тілдесіп отырамыз. Олардың қозғалысын аңдып отырмасақ, бір-бірімен соқтығысып қалуы да ғажап емес. Сондықтан аса сақтық қажет, – дейді ол.
Бақытгүл Қыстаубаева – үш баланың анасы. Болашақта балаларының құрылыс саласында жұмыс істегенін қаламайтынын айтады.

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ТІЗГІНШІСІ

Бүгінде кез келген әйел заты көлік жүргізе біледі. Бұл қазір таңсық емес те. Ал қоғамдық көлікті тізгіндеген нәзік жандыларды бұрын-соңды көріп пе едіңіз? Бәлкім, көрген де боларсыз. Иә, олар Астанада он шақты ғана. Солардың бірі – Айнагүл Шаравхан. Ол – №3 автопаркке тиесілі №56 автобустың жүргізушісі.
Айтуынша, негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екен. 1971 жылы Моңғолияның Қобда қаласында дүниеге келіп, 1989 жылы мектеп бітірген соң Алматыдағы ҚазМУ-ге оқуға түсіпті. Алайда 4-курстан кейін соңғы жылы қалғанда тұрмыс жағдайына байланысты оқудан шығып кеткен. Кейіннен араға жылдар салып, Қарағандыдағы ҚарМУ-ді тәмамдаған. Бірақ ол мұғалім болып мүлде істемепті. Теміртау қаласында трамвайда кондуктор болып еңбек жолын бастаған Айнагүл 20 жылдан бері қоғамдық көлікте жұмыс істеуде.
– Алғашында қандай жұмыс болса да, талғамай, еңбек етіп, нәпақамды табу үшін кондуктор болдым. Содан жалақысы сәл жоғарылау болғандықтан, курсын бітіріп, жүргізушілікке ауыстым. 2000 жылы Астанаға көшіп келіп, 8 жыл троллейбус жүргіздім. Ал соңғы он жылдан бері автобусты тізгіндеп жүрмін. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Адам немен айналысса, соған әбден бейімделіп алады екен ғой. Кейде «бұл мамандықты не үшін таңдадым екен?» деп өз-өзіме сұрақ қоятын кезім де болады. Бірақ енді жұмыс ауыстыру әзірге ойымда жоқ, – дейді А.Шаравхан. – Бала кезімде халыққа қызмет етуді армандайтынмын. Қазіргі жұмысыма қарасам, сол арманымды белгілі бір деңгейде жүзеге асырған сияқтымын. Өйткені адам толы автобусты тізгіндеу – өте үлкен жауапкершілік. Ондағы әр жолаушының тағдырына жауаптымын. Соны әр сәт сезініп те отырамын. Сондықтан жол үстінде маған ойға батуға, мүлт кетуге мүлде болмайды.
Күнделікті уақыты жол үстінде өтетін Айнагүл соңғы жылдары шетелге шығып, саяхаттауды қолға алыпты. Былтыр Франция, Испания, Оңтүстік Кореяда болған ол биыл АҚШ пен Израильге баруды жоспарлап жүр екен.
– Рөлде отырғанымды көргенде жолаушылар әртүрлі қабылдайды. Әсіресе, Астанаға келген қонақтар таңдана қарайды. Кейбіреуге әйелдің қоғамдық көлікті жүргізгені күлкілі көрінетін болуы керек, кейде жолаушылар кіре сала: «сонда автобусты сіз жүргізіп отырсыз ба?» деп таң қалады. Мен ондайда: «жоқ, жай отырмын» деп қалжыңмен жауап беремін, – деген Айнагүл Шаравхан, – шынымды айтсам, туған күн, 8 наурыз сияқты мерекелер мен үшін жай күндермен бірдей. Шүкір, басымыз аман, бауырымыз бүтін. Сондықтан әр күннің өзі үлкен қуаныш қой. Жалпы,  жол үстінде үнемі балаларымның тілеуін тілеп отырамын, – дейді тағы бір сөзінде.

ҚАРА ЖҰМЫСТЫҢ ХАС ШЕБЕРІ

Қала тазалығына тамшыдай болса да, үлес қосып жүрген еңбек адамдарының бірі – «Астана тазалық» ЖШС-тің қолмен жинау бригадасының жұмысшысы Гүлмайра Ерқасым. 1971 жылы Моңғолияның Баянөлгей аймағында дүниеге келген ол сол жақта колледжде оқып, аспаздық мамандық алып шыққан соң 1992 жылы отбасымен бірге ата жұртқа, қазіргі Астана, сол кездегі Ақмола қаласына қоныс аударған. Еден жуушы сияқты түрлі қол жұмыстарын істеген еңбекқор жан соңғы үш жылдан бері қаланы тазарту жұмысында аянбай тер төгуде. Қолына күрек ұстап, ер адамдарға тиесілі демей, ауыр жұмысты бір кісідей атқарып келеді.
– Жұмысымыз әсіресе, қыстың күндері қар қалың жауғанда ауырлай түседі. Жалпы, таңғы сағат 5-тен тұрамыз. Арнайы қызметтік автобус тасымалдайды. Содан сағат 8.00-де жұмысымыз басталып кетеді. Түстеніп алған соң, кешкі сағат 5.00-ге дейін тыным таппаймыз. Бізге жүктелген міндет – Республика мен Бараев көшелерінің бойын тазарту. Жауын-шашын, қарлы боран кездерінде жұмысты тоқтата тұрамыз. Негізі, сырт көзге жұмысымыз ауыр боп көрінуі мүмкін. Өйткені мұз ойып, ауыр қарды лақтырып жатқанымды көргенде кейбір кісілердің жаны ашып жатады. Бірақ мен үшін жұмыс түк те ауыр емес. Әбден үйреніп қалыппын, – дейді ол.
Жұбайы жеті жыл бұрын бақилық болып, 5 баламен қалған кейіпкеріміз «оларды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп-жеткізу үшін шамамның келгенінше аянып қалмаймын» дейді. Балаларының алды студент болса, кенжесі бастауыш сыныпта оқиды екен.

P.S: Кейіпкерлерімізді төл мерекелерімен құттықтай отырып, еңбектеріне жеміс, отбасыларына амандық тіледік. Қазіргі кездегі интернетке тәуелді ақсаусақ ер балаларға қарағанда қиындыққа мойымайтын осындай қазақтың қайсар қыздарын көргенде еріксіз қайран қалады екенсің.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды