«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мемлекеттік тілді білу – өмір талабы

Максим СПОТКАЙ, «Нұр Отан» партиясы баспасөз қызметінің ­басшысы

0 52

Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеуі бір жағынан таңсық, қызық секілді. Екінші жағынан көңілге жылы әсер қалдырады, олар өзіңе жақын адамдай көрінеді. Солардың қатарында «Нұр Отан» партиясы баспасөз қызметінің ­басшысы Максим Споткай да бар. 27 жастағы жігіттің теледидар арқылы қазақша сөйлегенін естіп, сүйсініп қалдық. Жігерлі азаматпен жұмыс орнында дидарласып, әңгімеге тарттық.

– Максим Александрович, қазақ тілін қай кезден бастап үйрене бастадыңыз? Оған не себеп болды?
– Мен Павлодар облысының Ақсу қаласында тудым. 1998 жылы орыс мектебінің бірінші сыныбына бардым. Сол сыныпта қазақ тілі пәні оқытылды. Осы са­баққа ықыласым ауды. Қазақ тілі мұғалімі Бақыткүл Мәлібиқызы тәжірибелі, білімді маман еді. Ол көрнекі құралдарды тиімді пайдаланып, сабақты тартымды өткізетін. Бәрімізді қазақшаға жалықпай үйретті. Руслан Рамазанов деген досым болды. Содан әуелі нан, май, ал, бер тәрізді қарапайым, тұрмыстық деңгейдегі сөз­дерді үйрендім. Қазақша бі­луге ынтамды байқаған анасы – Сандуғаш апай да мені қолдады. Қазір Руслан Еуразиялық энергетикалық корпорациясында жұмыс істейді. Дос ретінде арала­сып тұрамыз. Мектепте бас­қа да ұстаздарым менің ықыла­сымды мақұлдап, кө­мектесті. Қоғамдық жұмыс­тардың ар­қасында жұрт алдында сөйлеуге дағдыландым, таза қазақша сөйлей бастадым.
– Тілдік қорыңызда қанша қазақ сөзі бар? Қазақ тілінде қалай сөйлеймін деп ойлайсыз?
– Әкем – мордвин, анам – орыс, нағашыларым – украин­дер. Соған қарамастан, бала жасымнан қазақша сөй­леуге құштарлығым оянды. Айтқанымдай, қазақшаны дым білмей бастағам жоқ, бастауыш деңгей болды. Қа­­зақша кітап оқимын. Қа­зақ тіліндегі күнделікті га­зеттерді шолып, білімімді жетілдіріп жатырмын. Тілдік қорымда әжептәуір сөздер бар. Кісілермен қалыпты қарым-қатынас жасау үшін 1 мыңға дейін сөз болса жетеді. Одан әрі тілдік қорымды көбейтуді ойлап жүрмін.
Орыс тілді – бөлек аудитория. Қазақ тілді – аудитория бір бөлек. Міндетті түрде екі тілде сөйлеу керек. Біздің қасымызда жүрген адамдардың не ойлайтынын білген жөн. Бұл – ұран сөз емес, өмірдегі қажетті нәрсе. Қазақша бір кісідей сөйлеймін деп айта аламын.
– Мемлекеттік тілдің қо­ғам­дағы орны қандай?
– Қазір жағдай жақсы, же­тістіктер бар. Халықтың 70-80 пайызы қазақша сөйлейді, түсінеді. Қазақтар қазақ тілі алдымен өздеріне қажет еке­нін ұқты. Іс қағаздардың, хат-хабарлардың 90 пайыздайы мемлекеттік тілде жазылады.
– Қазақ тілін үйрену үшін не істеу керек деп санайсыз? Оны үйренушілерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– Мемлекеттік тілді үйре­немін деген адамдарға елі­мізде қолайлы жағдайлар жасалған. Бәрі азаматтардың іс-әрекетіне, пейіліне байланысты. Оқулықтар, көрнекі құралдар, дискілер бар. Те­гін курстар ашылған. Тіпті ыңғайлы уақытта айналысамын десеңіз, мұғалім жалдап оқуға болады. Ғаламтор арқылы, сондағы сайттар арқылы қазақ тілін үйренуге жол ашық. Сөздіктерді сатып алып, дағдыланамын десеңіз – өз еркіңізде.
Әуелі қазақшаны үйренемін деген ықылас болсын. Кейде орта жоқ деген сөздерді естиміз. Орта бар, соны табу керек, не сол ортаны өзіміз жасағанымыз абзал. Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тіл­ді үйреніп, сөйлеуі қажет. Өйткені бәріміздің Отанымыз – Қазақстан. Осы елде тұрған соң біз мемлекеттік тілге құр­метпен қарауға тиістіміз. Демек, мемлекеттік тілді білу – өмір талабы.

Сұхбаттасқан
Есенгелді СҮЙІНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды