МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚҚА ҚАНДАЙ ЕҢБЕКТЕР ҰСЫНЫЛДЫ?

Биыл Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығына төрт ғылыми жұмыс ұсынылған болатын. Тарихи-археологиялық ғылымдар секциясының қарауынан өткен жұмыстар туралы Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған айтып берді.

– Бүркітбай Ғелманұлы, сараптамалық-талдамалық бақылау нәтижесі бойынша қандай еңбектер конкурсқа лайық деп танылды?

– Тарихи-археологиялық ғылымдар секциясы қарауына төрт ғылыми жұмыс тапсырылған болатын, соның ішінде екеуі одан әрі конкурсқа қатысуға ұсынылды. Ол – «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбайдың үш томдық «Ұраным – Алаш!» атты еңбегі. Айта кетейін, «Ұраным – алаш!» трилогиясы 1927-1932 жж. және 1937-1938 жж. аралығында БМСБ, ІІХК, МҚК сотталған «Алаш Орда» қозғалысы қайраткерлерін тергеу және олардың жауаптарының хаттамасы негізінде жазылған ғылыми және тарихи, әдеби-публицистикалық зерттеу.

1988-1991 жж. және 1997 жылы «ерекше құпия» мөрі басылған тергеу сұрақтары, айыпталушының жауаптары, айыптау қорытындылары сияқты жүзден астам МҚК мұрағат құжаттарымен танысуға мүмкіндік алды. Тұрсын Жұртбай 20 жылдан астам уақыт бойы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, МҚК жалған кінәларын ашатын жаңа деректерді ғылыми айналымға енгізді. Бұл еңбек кеңестік тоталитарлық саяси жүйенің барлық сұмдықтарын шеккен, алаштықтардың сан қырлы тағдырларын зерттеуге мүмкіндік береді, гуманитарлық ғылымдар жүйесінің әдістері барын ескеріп өзіндік практикалық маңызы бар. Трилогияның өзіндік ерекше үш кітабы – автордың үздіксіз еңбегінің нәтижесі ғана емес, өткен, бүгінгі және болашақтағы қазақ халқының тағдыры туралы авторлық ойлар жемісі және бұл кітап оқырмандардың кең ауқымына арналған.

– Екінші еңбек туралы не айтасыз?
– Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының номадизм және урбанизация бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Карл Байпаковтың «Ежелгі және ортағасырлардағы Қазақстанның урбанизациясы (Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеулерінің материалдары бойынша)» атты еңбегі. Еліміздегі бұл алғашқы іргелі зерттеу автордың 50 жылдан астам ғылыми ізденісінің нәтижесі екені белгілі. Зерттеу жұмысы Қазақстандағы қола дәуірінен бастап Қазақ хандығына дейінгі қала мәдениеті дамуының толық көрінісін береді. Ұсынылған жұмыста әлемдік тарих және археология үшін өзекті, тео­риялық мәселелерді әзірлеуге нақты археологиялық материалдар қолданылған.

Яғни, политогенез және мемлекеттілік кезеңдері; дала өркениетінің концепциясы; қала белгілері; урбанизация­ның тарихи кезеңдері және факторлары; отырықшылық нысандар типологиясы; Қазақстанның мәдени және әлеуметтік-экономикалық тарихындағы ислам Ұлы Жібек жолы және археологиялық нысандар мен тарихи қалалар сәйкестігінің мәселелері көтеріледі. Әрбір мәселе өзекті және жеке күрделі емес аспектілерге бөлінеді: сақтар мен үйсіндердің мемлекеттілік мәселелері, түркі-соғдылық қала құрылысы концепциясы, қалалық құрылыс, дәстүрлі тұрғын үй дамуы, діни ғимараттардың құрылысы, демографиялық және этникалық процестер, қолөнер тарихы, сауданың рөлі.

Қорытындылардың ғылыми негізділігі мен жаңалығы әлемдік археологиялық тәжірибеде ескерілген заманауи зерттеу әдістерін қолданудан тұрады. Құндылығы жазбаша, археологиялық, палеоантропологиялық дереккөздерінің үйлесімі.

Сұхбаттасқан:
ГҮЛМИРА АЙМАҒАНБЕТ

Сонымен қатар

«…МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ БАР МҰНДА!»

«Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…» деп жырлаған ғасыр ақыны …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған