«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мемлекеттік қызмет түрлерін колледжде алады

0 50

Кеше Астана қаласындағы Қазақ тұтыну одағының Сауда-экономикалық колледжінде «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторы» ашылды. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы негізінде Үкімет бекіткен «Цифрлы Қазақстан-2020» бағдарламасын іске асыруға бағытталған шараның бірі болды.

Студенттер мен қызметкерлерге мемлекеттік қызмет түрлерін алысқа бармай-ақ оқу орны ішінде электронды тәсілмен алуға мүмкіндік беретін сектордың ашылу рәсімінде колледж директоры Мырзабек Күжімов Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің экономика және басқа да салаларын цифрландыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын, осы орайда бүгінде колледж қызметкерлері мен студенттерінің 90 пайызында электронды-цифрлық қолтаңбасы бар екенін атап өтті. Енді, осы азаматтар өздеріне қажетті мемлекеттік қызметтерді оқу орнында ашылған «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторынан» алатын болады.
Сектордың ашылуына қатысқан Байқоңыр ауданы әкі­мінің орынбасары Ерлан Жаулыбаев колледж әкімшілігі мен студенттер қауымына «Цифрлы Қазақстан-2020» бағдарламасын іске асыруға қолдау көрсетіп жатқандары үшін алғыс білдірді. Ал 32 «қ» тобының студенті Шынасыл Айтмағамбетов сектор терминалынан зейнетақы жарналары туралы анықтаманы, 21 «у» тобының студенті Виолетта Зуева мекенжай туралы анықтамасын алып көрсетсе, 22 «м» тобының студенті Арғын Шәмбіл авто­көлігінде айыппұлы бар-жоғы жөніндегі ақпаратты тексерді. Басты нәтиже – осы сектор арқылы жүздеген мемлекеттік қызмет түрін алуға мүмкіндік туындап отыр.
Осы шарадан кейін оқу орнындағы әлі электронды-цифр­лық қолтаңбасын алып үлгермеген қызметкерлер мен студенттер мемлекеттік қызметтерді алудың жаңа форматын игеретін болады. Өйткені бұл тәсіл, яғни, қажетті құжаттарды өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы алу жан-жақты тиімді екені сөзсіз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды