«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мемлекеттік-құқықтық даму негізі

0 103

 Біз көп жағдайда, конституциона-лизмді кеңес дәуірімен байланыстырамыз. Алдыңғы конституциялар болған кезде Қазақстанда шынайы конституционализм болды ма? КСРО қалыптасқан сәттен бастап, мемлекеттік ұйымның іргелі қағидасы – бірыңғай одақтық мемлекет ұғымы болды. 1924 жылғы Конституцияға сәйкес республика-лардың егемендігі Одақ құзыретіне кіретін көлемде және арнайы тақырыппен шектелді (3-бап).

Осындай ереже 1936 жылғы 5 желтоқсанда VІІІ Бүкілодақтық Кеңестер съезі қабылдаған КСРО-ның жаңартылған Конституциясында да қамтылды. Ал 1977 жылғы Конституцияда республикалардың егемендігі туралы ештеңе айтылмаған. Тиісті бап КСРО Конституциясына жатқызылған мәселелерде ғана, яғни республикалардың өз аумағында мемлекеттік билікті өз бетінше жүзеге асыру құқығы туралы көрінісімен шектелген. Мәселен, Кеңес Социалистік Рес­публикалар Одағының 1924 жылғы Конституциясында Одаққа жүктелген мәселелер бойынша мақала 24 тармақ болса, 1936 жылдардағы Негізгі Заңның тиісті мақаласы – 23, ал 1977 жылғы Конституцияда мәселелердің тізімі 12 тармаққа дейін қысқарды. Кеңестік кезеңнің конституциялық тәжірибесі қатаң орталықтандыру үдерісімен сипатталады. 1936 және 1977 жылдардағы КСРО-ның Конституциясы декларативті және жалған болды. Олардың басты мақсаты – социалистік жүйенің артықшылықтарын, оның жетіс­тіктерін насихаттауда болды. Мемлекеттік және қоғамдық өмірді нақты құқықтық реттеу мәселесі Конституциямен немесе тіпті заң актілерімен де жүзеге асырылмады. Олардың көбі тек ресми түрде қолдануға арналған мемлекеттік және ведомстволық нормативтік актілермен орындалды және көп жағдайда тек «қызметтік қолданыс» сипатымен белгіленді. Кеңес өкіметінің конституциялық тәжірибесінде Одақ территориясы мен одақтық республикалардың территориялары мәселелері өзінше анықталды. 1924 және 1936 жылдардағы КСРО-ның Конституциясы одақтық республикалар арасындағы шекараларды өзгертуге оның келісімінсіз (6-бап және 18-бап) жол бермейтін ережемен шектеліп, тек Одақтың сыртқы шекаралары туралы және одақтық республикалар аумағын өзгерту өкілеттілігі бар КСРО Жоғарғы Кеңесі туралы сөз етіледі. Алайда 1977 жылғы КСРО-ның Конституциясы Одақтық республикалардың территорияларын қамтитын Одақ территориясының біртұтастығын жариялады (75-бап). Одақтық орталықтың келісімінсіз өзгер­тілуі мүмкін болмады (78-бап). Одақтық республикалар арасындағы шекара тиісті рес­пуб­ликалардың өзара келісімі бойынша КСРО-ның бекітуімен өзгертілуі мүмкін. Демек, КСРО-ның соңғы Конституциясы екі территориялық үстемдікті – КСРО мен Одақ Республикасын орнатты. Бірақ бұл тәсіл сөзсіз қарама-қайшылықтарды тудырды. Белгілі болғандай, 1937 және 1978 жылдардағы Қазақ КСР Конституциясы құры­лымында КСРО-ның тиісті Консти­ту­цияларының құрылымы толы­ғымен қайталанды. Сонымен қатар, 1978 жылғы Конституцияда Қазақ КСР құзыретіне жататын мәселелердің тізбесі 1936 жылғы Конституциямен салыстырғанда айтарлықтай қысқарды, бұл тағы да қатаң орталықтандыру үдерісін көрсетеді. 1937 жылғы Негізгі Заңмен салыстырғанда, 1978 жылы қабылданған Қазақ КСР-нің Конституциясы республикадағы ең жоғарғы мемлекеттік басқару органдарының конституциялық құзыреттіліктерін екі есе азайтты. Егер Одақтық республикалар арасындағы шекаралардағы өзгерістерді мақұлдау, жергілікті халықтың пікірін жоққа шыға­ратын Одақтық орталыққа жататын болса, онда республика Конституциясының қандай халықтық сипатын айтуға бо­лады? Бірқатар оңтүстік өл­келер Қазақстан құрамынан Өзбекстанға, батысында Челябі облысына және т.б. көшуі Одақ­тық орталықтың ешкіммен санаспайтынын көрсетті. Қазақ жерінде ең қауіпті ядролық сынақ полигонын орналастырған Кеңес өкіметі бүкіл халықтың өміріне қауіп төндірді. Бір сөзбен айтқанда, Конституциялық заңдылық пен адамгершілік қағидаттары жайына қалды. 1978 жылғы Қазақ КСР-нің Конституциясының жұмыс үдерісі 1993 жылы Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті алғашқы Конституциясын қабылдағанға дейін жалғасты. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация – тәуелсіздік үшін күрестің ғасырлар бойғы заңды нәтижесі. «Фактіден заңға көшу» – Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны осылай сипаттауға болады. Бұл Қазақстанның егемен мемлекет ретінде мәртебесін растайтын және оның мемлекеттілігін жандандыруға зор ынта тудырды. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация негізінен республиканың бүкіл халқының атынан жүзеге асырылған ішкі егемендікті жариялау және оның басты нысаны – кез келген ұлт өкілдерінің саяси үдерістерге және өз мәдениетін дамытуға қатысу құқығы. 1991 жылғы желтоқсанда жарияланған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы Қазақ-станның өзін-өзі сыртқы анықтау формуласына сәйкес келеді. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация бастап берген конституциялық үдерістің белгілі бір кезеңі ғана болды. Декларацияда «жаңа Конституцияны, егемен мемлекет ретінде республиканың мәртебесін жүзеге асыратын заңнамалық актілерді әзірлеудің негізі» деген ереже қамтылған. Бұл ереже Қазақстанның мемле­кеттік-құқықтық дамуын жедел­детті. Декларация негізінде Қазақстан Республикасының бірінші және екінші конституциялары түзілді. Посткеңестік кезеңдегі Қазақстанның конс­ти­ту­циялық дамуына тән ерек­шелік, онда «өрістеуші немесе қалыптасушы конституционализм» элементінің болуы. Оның мағынасын конституциялық құрылыстың сол кезеңде орын алған саяси және әлеуметтік-экономикалық шынайылыққа біртіндеп бейімделуі үдерісінде тұжырымдаймыз. 1993 және 1995 жылдардағы Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының мәтіндерін салыстырмалы талдау нәтижесі Қазақстанның конституциялық заңнамасы мемлекеттік-құқықтық дамудың үздіксіздігі қағидаттарынан шы­ғатындығын көрсетеді. Бірақ екі Негізгі Заң арасындағы айыр­­машылықтар едәуір, олар негізінен құрылымдық-мазмұн­дық түзілімінде. «Конституцияны қабылдауға болады, ең қиын нәрсе – адамдарды соған сәйкес өмір сүруге мәжбүрлеу» дейді француз философы Т.Карлейль.
Бұл тұрғыда, тәуелсіз Қазақ­станның алғашқы Конституция­лары әлеуметтік мүдделердің жиынтығы мен саяси күштердің теңгерімін көрсететін идеоло­гиялық бағдарлануы тым әсерлі болуы назардан тыс қалмады. 2007 жылы қабылданған Негізгі Заңға енгізілген түзетулер конс­титуционализмнің жаңа кезеңінің бастауы болды.

Ерлан АРЫН,
профессор, экономика
ғылымдарының докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды