«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мемлекет жағдай жасаса, жастар қарап қалмасын

0 18
Бейсенбек ӘЛКЕНОВ, кәсіпкер, «Келісім-Согласие» ЖШС басшысы:

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде кәсіпкерлік мәселесі қозғалып, ауыл шаруашылығын жандандыру жайлы нақтылы міндеттер айтылды. Елбасы осы бағыттағы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге бөлінетінін мәлім етті.

Еліміз егемендігін алған тұстан бері кәсіппен айналысып келемін. Он жылға жуық уақыт ауыл шаруашылығына қажет құралдарды, техникаларды, сондай-ақ жанар-жағармай жеткізіп тұрдым. Егер бүгінгі уақыт пен 90-жылдарғы кезеңді салыстырар болсақ, қазір бизнес бастаймын дегендер үшін қолайлы жағдай көп жасалып жатыр. Егемендіктің елең-­алаң жылдары несиенің пайызы өте жоғары болатын. Ал қазіргі уақытта «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, одан қала берді түрлі микрокредиттік ұйымдар бар.
Ауыл шаруашылығы қазақтың қанына сіңген кәсіп қой. Мал шаруашылығы, егіншілік, тері өңдеу – мұның бәрі бізде бұрыннан бар болатын. Біле білсек, бұл – өзі бейнеті көп сала. Алайда қай елде болмасын ауыл шаруашылығы асыраушы буын екені сөзсіз. Осы орайда Мемлекет басшымыз ауыл шаруашылығын көтеруді үнемі басты назарда ұстап келеді. Меніңше, ең алдымен, ауылға барып жұмыс істеп, сол жақтың тұрмысын көтеремін деген адам үшін жағдайдың бәрі жан-жақты жасалуы керек. Бірінші кезекте банк жүйесіне реформа жасап, өте төмен пайызбен, тіпті па­йызсыз кредит беру керек деп есептеймін.
Қазақстан дамушы елдердің бірі ғой. Осыған дейін әлемдегі бірқатар елдің тәжірибесін сүзіп шықтым. Мысалға, іргемізде тұрған Қытайдың өзінде жас кәсіпкерлерге өте төмен пайыздық кредит беріледі. Ал АҚШ, Жапония мемлекеттерінде пайызы да жоқ. Одан қала берді ислам банктерінде тіпті кәсіпті бірге жүргізіп, жөн көрсетіп отырады, онда да пайызы жоқ. Ал бізде, шынын айту керек, бұл мәселе ақсап тұр. Кейбір банктерде 7-8 пайыз­ды құраса, ең төменгісінің өзі – 4 пайыз. Бұл – кәсібін енді бастағандар үшін ауырлау. Сондықтан әсіресе екінші деңгейлі банктерге реформа жүргізсе, экономикамыз өрлеп кетер еді деген пікірдемін.
Айтпақшы, тағы бір қосарым кәсіп бастағысы келетіндерге ең алдымен білім керек екенін айт­қым келеді. Бұл ретте де Елбасы үнемі айтып жүреді. Шынымен де, заман ағымынан қалуға болмайды. Бүгінгідей әлем өзгеріп жатқан тұста қай салада болмасын инновациялық көзқарас болуы керек. Ол үшін де, әсіресе, жастар үшін жан-жақты жағдай жасалып жатыр ғой. Жыл сайын қаншама жастарымыз шетелдің озық университеттеріне оқуға аттанып жатыр. Осының бәрінің қайтарымы болуы керек деп ойлаймын. Ол үшін Елбасымыз айтқандай, оқу бітірген жастарды жұмыспен қамтуды алдын ала ойластыру қажет. Сонда олардың еңбекке деген құлшынысы, отандық патриотизмі арта түседі. Демек, қандай да бір істі білімсіз бастау өте қиын. Сонымен қатар жастар қызыққан кәсіпті тереңірек оқып, қыр-сырын біліп алғаны, ал ең маңыздысы, сол жұмысын сүйіп істеуі қажет.
Түйіндеп айтқанда, мемлекет тарапынан жағдай жасалып жатыр. Олай болса үлкен де, кіші де елдік мүддені алға қойып еңбек етуі керек деп ойлаймын. Ал еңбек ақталмай қоймайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды