«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мектептегі хиджаб мәселесін қалай шешеміз?

0 41

Парламент депутаттары дінге қатысты заң жобасына өзгертулер енгізуді талқылап болды. Қоғам белсенділері, әсіресе, оқушы қыздардың мектепке хиджабпен келуіне тыйым салу керектігін қаншама рет мәселе етіп көтергенімен, заңға енген өзгертулер оған тыйым салмайтын болып шықты. Күні кеше Мәжілісте «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасының таныстырылымынан осыны білдік.

Жаңа заң жобасында мектептегі хиджаб мәселесін реттейтін норма жоқ. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мұны Білім және ғылым министрлігінің құзырындағы мәселе екендігін алға тартып отыр. Биылғы оқу жылында да еліміздің бірнеше мектебінде хиджаб дауы орын алды. Әлі күнге дейін ешқандай жазығы жоқ оқушы қыздардың мектепке бара алмай отырған фактілері кездесіп отыр.
«Мектепте хиджаб немесе орамал тағуға қатысты мәселелер – Білім және ғылым министрлігінің құзыретінде. Өйт­кені министрлік бұйрығына сәйкес, мектепте балалардың арасында алауыздықты тудыратын кез келген мәселелерге қатысты шектеу бар, оның ішінде қымбат бұйымдар мен түрлі заттарды тағуға, қысқа көйлектер киюге болмайды. Сонымен қатар діни белгілерге қатысты талаптар ескерілген. Сондықтан бұл мәселе «Білім беру туралы» Заңда және Білім және ғылым министрінің бұйрығында нақты көрсетілген» деген Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев егер Білім және ғылым министрлігі мұндай норманы енгізуге бас­тама жасаса, оған өздерінің қарсы еместігін айтты.
Елімізде қандай дін ұстансақ та шектеу жоқ. Тек ол дін радикалды, экстремистік бағыттарда болмауы керек. Бірақ, қандай дін ұстанушы болмасын Қазақстан Республикасының Конституция­сына, яғни заңдарына толықтай бағынуы керек. Ал сол заңдар жинағында мектеп оқушыларының мектепке тек бекітілген формамен ғана келуі көрсетілген. Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты №26 бұйрығы да бар. Оның ішінде білім алушылар мен олардың ата-аналары мектеп формасын сақтау міндеттері анық көрсетілген. Бірақ бұл бұйрықтар балаларын осы бағытта ұстайтын ата-аналарға аздық етіп отыр емес пе? Мектеп формасы туралы ережеде бас киім туралы жазылмаған. Сала мамандары мектеп формасына қойылатын талаптарда «діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қоспау» деген ереже қамтылғандығын айтып отыр. Жалпы «мектеп формасын сақтау» дегеннің өзі «басқа атрибутика мен элементтерді қолданбау» дегенді білдіретіні белгілі. Және бұл тек діни атрибуттарға ғана емес, басқа да ерекшеліктерге тыйым салынатынын білдіреді. Оқушы мектепке еркін киім үлгісімен, сәнді немесе спорттық киімдермен, жарқыраған әшекей бұйымдармен келе алмайтындығы сияқты түрлі діни киімдердің элементтерімен де келе алмайды. Бірақ мұның бәрін дәл осылай жеке-жеке түсіндіріп отырудың өзі қиындық тудырып отыр. Сондықтан дәл қазір біздің қоғамға нақты заңмен әсер ету де маңызды.
Әйтпесе жылдан жылға өршіп бара жатқан бұл келеңсіздікті қалай тоқтатамыз? Мектеп ережелеріне көнбей отырған олар үшін, бәлкім, қос министрліктің бірігіп амал қылуы керек шығар?

 

ГҮЛЖАН РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды