«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мектептегі әлімжеттік шектен шықты

0 138

Әлеуметтік желілерден оқушылардың бір-бірін аяусыз тепкілеп жатқан бейнежазбасын жиі көретін болдық. Батыс­тың лас киноларымен санасы уланған ұрпақтың аяушылық сезімі жоқ. Осының бәрі – ұлттық тәрбиеден ажырап қалғанымыздың белгісі. Ең өкініштісі, болар іс болған соң сан соғатынымыз. Осы жолы да солай болды. Қаны қарайған оқушылардың жантүршігерлік бейнежазбасы кең таралған соң, Ішкі істер министрлігі ұйқысынан оянды.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Түркістан қалаларындағы жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік туралы бірнеше видео таралды. Ақтөбедегі төбелес дүйім елді шошытты. Қаладағы 4 мектептің 40-қа жуық оқушысы қатысқан жанжалдан бір бала жарақат алды. Пышақтың ұшы оның жүрегіне 1 сантиметрге жетпей қалыпты. Дәрігерлердің айтуынша, бала мүгедек болып қалуы мүмкін. Мектептегі жанжалдан Ақтөбе көш басында тұр. Өткен жылы ақтөбелік «Алтын белгінің» иегері бір оқушыны пышақтап, 9 жылға сотталды.
Түркістан облысындағы 4 жасөс­пірімнің 7 жасар баланы зорлағаны да жұрттың жағасын ұстатты. Төрт баланың біреуі ғана сотталды, себебі қалған үшеуі 14 жасқа толмаған болатын. Қарағандыдағы төбелес те төбе құйқаңды шымырлатады. Пиццерияда орын бермегені үшін 11 жасар баланы құрдастары қан-жоса қылып сабаған. Бұл төбелес көшедегі бейнекамералардың біріне жазылыпты. Әбүйір болғанда, сол жерден өтіп бара жатқан үлкендер құтқарып қалған. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Полицейлер Қызылорда қаласын­дағы дәретханада болған әлімжеттік бейнежазбасын да тексеріп жат­қанын хабарлады. Кеше Ішкі іс­тер министрлігі Білім және ғылым министр­­лігіне кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия­ның отырысын өткізуді және онда Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Ақтөбе облыстарындағы жанжалдарды талқылауды ұсынды.
ІІМ-нің Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Сәдубаев ведомствоның ата-аналар мен мұғалімдерді балаларды қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жеткені жөнінде алдын ала ескертуге, әбес қылығының салдары туралы әңгімелеуге шақырғанын хабарлады. «Мектеп жасында жасалған бір ғана ағат қылық әр балаға қылмыстық жауапкершілік жүктеп, оның бүкіл өміріне күйе болып жағылуы мүмкін» дейді ІІМ. «Еліміздің қылмыстық заңнамасына сәйкес, ауырлататын жағдайда бұзақылық жасағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 293-бабы) 14 жасқа толғандар қылмыстық жазаға тартылады» делінген ІІМ-нің хабарламасында.
Осылайша әлімжеттік шектен шығып барады. Әкесінің қабағынан қаймықпайтын ұрдажық ұл көбейді. Ата дәстүрінен безінген жас ұрпақты қалай тәубесіне келтіреміз? Қалай десек те, бұл сұмдықтың алдын алуға бағытталған шараларды күшейту керек болып тұр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды