«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мектеп те, мұғалім де көптеп керек

0 98

«Халық санының өсуіне байланысты Астана қаласының мектептерінде жыл сайын оқушылар саны орташа алғанда 15-18 мың адамға көбейіп келеді. Сол себептен бірінші кезекте инфрақұрылым мәселесі шешілуде. Өйткені оқушылар санының өсуімен қатар, қуаттық жобасынан артық оқытып жатқан мектептердің саны артты» деп мәлімдеді кеше Сенаттағы үкімет сағатында Астана қаласы Білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин. Ол елордада биыл 4 білім беру нысаны пайдалануға берілгенін, жыл соңына дейін 1200 орындық тағы бір мектеп тапсырылатынын хабарлады.

17 мың оқушыға орын тапшы

Құзырлы басқарма жетекшісі 2018-2019 оқу жылдарында елорданың 5 мек­тебі үш ауысымдық жұмыс тәртібіне көшірілгенін жеткізді. Бұдан бөлек, тағы 20 мектепте адам санының тығыздығы байқалады. Жалпы, оқушы орындарының тапшылығы 17 мыңды құрайды екен. Бұл мәселені шешу үшін 2023 жылға дейін 120 мың орын дайындау қажет. Әнуар Жанғозиннің айтуынша, маңызды мәселе, ең алдымен, жаңа нысандарды салу мен іске қосу арқылы шешіледі. «Биыл 4 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін 1200 орындық тағы бір мектеп салынады. Одан бөлек, 7 мектеп пен 6 жапсарлас ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Олар 2019 жылы іске қосылады» деді ол.
Елордада жекеменшік мектептердің саны артуда. Ресми мәлімет бойынша 15 сондай мектептің 8-іне 3 мың орынға мемлекеттік тапсырыс берілген. Бұл мектептерде бір оқушыға жылына 160-тан 250 мың теңгеге дейін шығын жұмсалады. Әнуар Жанғозин алдағы уақытта олардың (Алпамыс, Ақбұлақ-1, «Ақбұлақ дамыту орталығы, Экономикалық лицей, Нұрорда, Орталық экономикалық мектеп, Елордалық, Спектрум мектебі, Хейлибери) саны көбейетінін жеткізді. «Бұл механизм бізге жекеменшік мектеп салатын жеке инвесторларды көбірек тартуға мүмкіндік береді. Алдағы 3 жылда біз БАЭ және Сингапур инвесторларының есебінен 6-7 мың орынды жекеменшік мектептерді ашуды жоспарлап отырмыз» деді басқарма басшысы.

2023 жылға дейін 5 мың мұғалім қажет

Бас қаладағы маңызды мәселенің бірі – маман тапшылығы. 20 жылдың ішінде елордадағы мұғалімдердің саны 3 мыңнан 16 мыңға дейін өсіпті. Алайда балабақшалар мен мектептерде бас­тауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Бүгінгі таңда мұғалім тапшылығы 100-ге жуық адамды құрайды. 1500 мұғалімнің зейнеткерлікке шығуын және жаңа білім беру мекемелеріндегі бос орындарды есепке алғанда, 2023 жылға дейін Астанаға 5 мыңға жуық мұғалім қажет екен. Бұл мә­лімет те Үкімет сағатында айтылды.
Биылғы оқу жылында алғаш рет қала әкімінің бастамасымен жоғары оқу орындарына 323 мұғалім даярлауға грант бөлінген. Соның ішінде 146-сы – мектепке дейінгі білім беру мұғалімдері, 116-сы – бас­тауыш сынып мұғалімдері, 61-і – арнайы білім беру ұйымдарының мұғалімдері (дефектолог, логопед және т.б.). Жыл са­йын әкімдік колледждердің түлектерін жұмысқа шақырады. «Педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында биыл білім беруді жетілдіру орталығын аштық. Бүгінгі таңда 155 мектеп басшылары мен орынбасарлары инклюзивтік, менеджмент бойынша білім беру курстарын оқып жүр. 1500-ден аса балабақша тәрбиешілері жаңа бағдарлама бойынша курсты тәмамдады» деді Ә.Жанғозин.
Ол білім беру мекемелерінде ба­ла­лардың көшбасшылық қабілетін шың­дауға ерекше көңіл бөлінетінін мә­лім етті. Бұл бағытта «Жас ұлан» ба­лалар-жасөспірім­дер ұйымының рөлі ерекше. «Елорда мектептерінің бәрінде ұланбасылар та­ғайындалған. Бұған қоса, біз Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, білім беру ұйымдарын бас­қаратын көшбасшылар деген жеке ор­ганды сайладық. Қандай да бір жаңа бас­таманы іске асыратын кезде бізде жұ­мыс істейтін оқушылар тобы бар» деп тү­сіндірді Әнуар Қанатұлы.
Оның айтуынша, қалада қосымша білім беру нысандарының да саны артуда. «Қазір қалада 36 мың оқушыны қамтитын 11 нысан бар. Бірақ бұл жеткіліксіз. Біздің мақсатымыз – әр баланы өзі оқитын мектебінде қосымша білім берумен қамтамасыз ету» деді басқарма басшысы.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды