«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мектеп пен балабақшада орын тапшы

Бұл мәселелер қалай шешімін табады?

0 20

М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өткен Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозиннің тұрғындармен кездесуі барысында қаладағы білім жүйе­сіне қатысты жаңалықтар мен өзгерістер талқыланды, сондай-ақ ата-аналарды мазала­ған өзекті сауалдарға жауап берілді.

Балабақша кезегіне қатысты құжаттардың түпнұсқалығытексеріледі

Ведомство басшысы бірінші кезекте балабақшаға қатысты мәселелерге тоқталды.
– Балабақшадағы орын тапшы­лығы тұрғындар үшін елеулі проблема болып тұрғаны рас. Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласының балабақшаларына 20 мыңнан аса бала кезекке тұрады. Бүгінде шаһарда жалпы саны 300-ден асатын мектепке дейінгі білім беру ұйы­мы бар. Оның 94-і – мемлекеттік, ал 229-ы – жекеменшік балабақша, 43-і – балаларға арналған шағын орталық, 3-еуі – ведомстволық балабақша. Соңғы екі жылда жаңадан 3 балабақша іске қосылды. Жекеменшік балабақшалар санын 3 есеге арттырдық. Соның нәтижесінде былтыр 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің
90 пайызы балабақшамен қамтылды. Қазіргі таңда шамамен мың орындық 4 балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Осыларды есепке алсақ, жыл соңына дейін бүлдіршіндердің барлығына дерлік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында орын болады, – деді ол.
Осы орайда ата-аналардың бірі балабақшаға кезексіз қабылданатын санаттар талап ететін құжаттардың түпнұсқалығын кім және қалай тексеретіні жайлы сұрады. Оның айтуынша, арнайы жүйе әскери қызметкерлердің балаларын жеңілдігі бар тізімге автоматты түрде қосады, бұл үшін әскери қызметкер екеніңді растайтын құжаттың сканерленген нұсқасын жүктеу жеткілікті. Бірақ оны қолдан жасап алу қиын емес. Бұл сауалға қатысты Ә.Жанғозин жүйе­ні қадағалайтын басқарма қызметкерлерінің әскери мекемелерге
телефон соғып, аталған кісі туралы мәліметтің нақтылығын тексеруге көшкелі жатқанын мәлімдеді. Ал алдағы уақытта жаңағыдай жалған құжат ұсынғандарға шаралар қолданылады.

Мектептер ішінен мектепалды даярлық топтары ашылады

Кездесу барысында өзін Ләйла Қайыржанова деп таныстырған келіншек:
– Менің балам – 5-те. Біз балабақшаның мектепке дайындық тобына баруымыз керек пе, әлде үлкен жастағылар тобына баруымыз керек пе? – деген сауал қойды.
– Бұл – балабақшаға қатысты ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі. Биылғы қаңтар айында Білім туралы заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді балалар 6 жастан бастап мектепке барады. Осыған сәйкес, қазір министрлік те мынадай жаңалықтарды енгізді: 5 жасар бүлдіршіндер балабақшаның мектепке даярлық тобына барады, онда оларды 1-сыныпқа әзірлейді. Бұдан бөлек, бүгінде біз мектептердің өзінде мектепалды даярлыққа арналған сыныптарды ашып жатырмыз. Жаңа оқу жылынан бастап елордалық мектептердің жартысынан астамы ата-аналарға осындай мүмкіндікті ұсынбақ. Егер сіздің балаңыз 1 қыркүйек күні 6-ға толықтай толмаған болса, онда келесі жылы 1-сыныпқа барғанға дейін балабақшада немесе шағын ­орталықта қала берулеріңізге болады, – деді Ә.Жанғозин.
Мұнымен қоса, аталған тақырып төңірегінде бір ата-ана «Менің 6 жасар балам жазу-сызуды білмейді және мектепке баруға психология­лық әзірлікте емес. Мектепте 6 жастан бастап бару міндетті ме? Мұны орындамағандарға айыппұл салына ма?» деп сұрады.
Білім басқармасы басшысының сөзінше, 1-сыныпқа баратын бала жазуды, сызуды, санауды біліп бару тиіс деген түсінік қате. Бұл қабілеттерді 1-сынып барысында да үйренсе болады. Әрине, баланы мектепке 7 жастан бастап бергеніңіз үшін ата-анаға айыппұл салмайды, алайда 7 жасар бала өзін 6 жасарлар арасында қаншалықты ыңғайлы сезінетінін де ойлаған жөн.

Ата-ана бракераждық комиссияның мүшесі бола алады

Жиын кезінде басқарма басшысы мектептердегі тамақтандыру жүйесін де ерекше атап өтті.
– Тамақтандыру жүйесін барынша ашық әрі сапалы ету мақсатында биылдан бастап мектептерге тамақ жеткізу қызметімен айналысатын компаниялармен келісімшарт жасасу процедурасын орталықтандырдық. Бұрын бұл рәсімдерді мектеп директорларының өздері-ақ жасай беретін. Байқау өткізудің жаңа форматы қатысушылар санының артуына ықпал етті. Бұрын 1 лотқа көп дегенде 4 үміткер та­лас­са, енді оның саны 15-ке жетті, – деді ол.
Сондай-ақ Білім басқармасы жанынан осы жүйені қадағалайтын ведомствоаралық сарапшылық топтың құрылғанын да айта кету керек. Оның құрамына Мемлекеттік кірістер департаменті, Қоғамдық кеңес, қалалық мәслихат, «Нұр Отан» партиясы, Кәсіпкерлер палатасы, Білім беру, Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту және Әлеуметтік қорғау басқармалары өкілдері кіреді. Олардың міндеті – білім беру ұйымдарындағы сапалы тамақтандыруды ұйымдастыру, бракераждық комиссия мүшелерін оқыту, жеткізушілермен келісімшартты ұзарту не тоқтату жөнінде шешім қабылдау және тамақ мәзірін бекітуге қатысты сұрақтарды Тамақтандыру институтымен бірлесе қарастыру. Жаңа оқу жылынан бастап мектептерге тамақ жеткізуші ұйымдар ас әзірленетін бөлмелерді бейнекамерамен жабдықтауының нәтижесінде бракераждық комиссия өкілдерінде барлық жұмысты «ішінен» көруге мүмкіндік болады. Айтпақшы, ата-аналар да бракераждық комиссияның мүшесі бола алады.

Ұлы дала көшесінің басындағы ауданда үш мектеп салынады

Мектептердің алыстығы мәселесі де осы кездесу барысында сөз болды. Ата-аналардың бірі:
– 38-көше мен Ұлы дала көшесінің қиылысында тұрамын. Біздің балалар Ұлы дала мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан №84, №85 мектептерге барады. Мектептердің өзіне қатысты ешқандай мәселе жоқ. Тек олардың алыстығы қинайды. Жыл сайын балалар да көбейіп келеді, ауданымыз үлкен. Неге осы тұсқа бір мектеп салынбайды? – деді.
Басқарма басшысы бұл мәселеден құлағдар екенін айтты.
– Сіз айтқан аудан бойынша мектептер тапшылығы бар екенін білемін. Биыл біз 31-көше мен Нұра-Есіл каналының қиылысар жерінен мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Ол сіздерге алысырақ болуы мүмкін, бірақ дамып жатқан аудан үшін ол да керек. Ұлы дала мен 39-көше қиылысар маңнан да мектеп құрылысын бастау жос­парға енгізілді. Ол келесі жылы пайдалануға беріледі. Мұнымен қоса, Family Village тұрғын үй кешенінің жанынан да биыл, болмаса келесі жылы мектеп құрылысы бой көтереді, – деді Ә.Жанғозин.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы алдымыздағы оқу жылының соңына дейін балалар саны тым көп мектептердің жанына 5 жанама құрылыс пен 3 жаңа мектеп салынатынын, ал келесі жылы 11 білім беру нысанының (6 мектеп, 5 жанама құрылыс) іске қосылатынын хабарлады.
Сондай-ақ бүгінгі таңда отандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы елордада жалпы саны 10 мың орынды қамтитын 8 заманауи мектептің салынуы бойынша инвестициялық меморандумға қол қойылыпты. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар салатын халықаралық Sabis мектебі немесе елімізге белгілі Tamos мектебі бар. Бұл жобалардың құрылысы биыл басталып, алдағы 3-4 жылда пайдалануға беріледі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды