Вторник, 26 Сентябрь 2017
-->

Мектеп оқушысына смартфон керек пе?

1dab5d63-6d3b-4e79-9437-36caa56ce6ce

Психологтар мәлімдемесе де, дәрігерлер дабыл қақпаса да, мұғалімдер балалардың сабаққа деген зейіні төмендеп бара жатқанын айтып шырылдамаса да, балаларымызға бағалы телефон мен смартфондардың қалай кері әсерін тигізіп жатқанын көріп, түсінетін жағдайға жеттік. 

Бір үйде бес-алты бала өсіп жатса да, қазір олар бір-бірімен көп сөйлеспейді. Мүмкіндігі болса, қолдарына бір-бір гаджетті алып, бір-бір бөлмеге кіріп, отырып алғанды жаны сүйеді. Ал әңгімелескенде, баланың танымы үшін ауыр, тіпті үлкендер білмейтін ақпараттарды миына қондырып алғанын байқайсың. Олардың қызығушылығы, талғамы да өзгерген. Ата-анасы көнсе, үнемі қиғылық салып отырып, бағалы заттарға қол жеткізуге ұмтылады. Ал баяғыша таза ауаға шығып, доп теуіп ойнап, бойға қан жүгіртуге құмартпайтыны тағы аян. Оған тап бүгінгі қаншама ананы қан жылатып жатқан әлеуметтік желіде балалаған діни ағымдар мен «психологиялық зарарлы» топтарды, алаяқтық пен ұрлық-қарлықты қосыңыз.
Ендеше, біз не істеп жүрміз? Қол­­­дарына бір-бір смартфон ұс­та­тып, ғаламторға байлап беріп, сүз­­­гіден өтпеген, талғамсыз, тіпті зи­­­ян­ды ақпаратпен санасын улап, ө­з­ балаларымызға өз қолымызбен қас­­тандық жасап жатқан жоқпыз ба?
Рас, әр нәрсені қажетіне қарай қолдануды үйреткеніміз абзал. Балаларымыздың заман көшінен қалмай, жақсыны, өмір сүруді жеңілдететін дүниелерді игеруі, ғылым-білім, техника тілін ертерек ұғынып, дамуы үшін жағдай жасауға тиіспіз. Алайда күндіз-түні балаларымыз көз алдымызда жүрмейтіндіктен, оларды үнемі бақылау мүмкін бе? Біз баламыздың қолындағы смартфоннан не қарап отырғанын барлық кезде тұрақты біліп, қарап отыра аламыз ба? Әрине, жоқ.
Сол себепті де, бүгінгі күні еліміздің бірқатар аймақтарында мектеп ауласына баланың бағалы телефонмен, смартфонмен келуіне тыйым салу тұрғысында бастама көтеріліп жатыр. Атап айтсақ, мұндай жағдай қазірге дейін Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстарында, Таразда орын алды. Тіпті, ондағы кейбір мектептерде балалар мен мұғалімдердің мектепке смартфон әкелуіне қатаң тыйым салынды. Қостанай қаласының прокуратурасы да дәл сол тәртіпті енгізуді ұсынып, дабыл қағуда. Құқық қорғау органдары тарапынан көтерілгенде мұндағы идея, әрине, мектеп төңірегінде ұрлық-қарлыққа жол бермеу тұсынан айтылады. Өйткені бір қаланың өзінде бір жылда мектеп ауласында жүріп телефонын ұрлатқан 159 оқиға тіркелген екен.
Бүгінде «ҚР Білім туралы» за­­ңының 43-бабы бойынша, бұл мәселе әрбір мектептің өзінің ішкі тәртібі аясында ғана реттеліп отыр. Кейбір аймақтардағы бәзбір мектептерде білім ұясында телефон ұстауға тыйым салып, батыл қадам жасап жатқаны да сондықтан.
Хош. Біз тыйым деген сөзді естісек, тітіркене қаламыз. Сондағы қорқатынымыз – адам құқы деген заңдылық. Біз әлденеге тыйым салсақ, адам құқына қол салып қоямыз ба деп қорқамыз. Ал заңы қатал, азаматтарына берілген міндеттері мен бостандықтарымен қатар, салған тыйымы мен қойған шектеуі де айқын мемлекеттер бақытсыз адамдардың отаны ма екен? Мәселен, Грецияны, Англияны, АҚШ-ты, Өзбекстан мен Тәжікстанды адам құқын аяққа таптап отыр деп қаралап жатқан ел бар ма? Бұл мемлекеттердің бә­рінде мектепте оқушылардың телефон ұстауына тыйым салынған.
Нью-Йорк қаласында да өткен жылдарға дейін балалардың мек­­тепке смартфон кіргізуі заң жүзінде шектеліп келді. Өткен жыл­дан бастап бұл мәселе әр­бір мектептің ішкі тәртібіне сай реттелетін болып бекітілді. Алай­да мектеп басшылары қашан­ғыдай баланың болашағына зиян кел­ті­ретін харекеттің бәрін өз тәртіп ере­жесімен қатаң бақылауға ала білді?!
Біздің елімізде телефон кең қолданыла бастаған алғашқы жылдары мектепте оқушылардың телефон ұстауына тыйым салынған екен. Ата-аналар тарапынан нара­зылық байқалғанда, бұл мәселе әркімнің өз еркіне жіберілді.
Десек те, соңғы кезде ақпарат құралдары арқылы тарап жатқан жан түршіктірерлік оқиғалар, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі әлдебір қас­күнемдердің ықпалына ұшырап, психологиялық қысымға түсуі жаңа қадамдарды қажет ететіні анық. Соңғы деректер бойынша, тек «Синий кит», «Тихий дом» ойындарын қосып, өзіне қол салушылар көбейген. 2015 жылдың қарашасы мен 2016 жылдың сәуірі аралығында бір Ресейдің өзінде әлеуметтік желілердегі суицидті насихаттайтын топтардың ықпалына түсіп, 130-дан астам жасөспірім өз-өзіне қол салған. Одан кейін мұндай оқиға Қырғызстанда көбейіп, бертінде біздің елімізде де жаға ұстата бастады.
Осыған орай, сауалнама жүр­­гізіп, ата-аналардың осы оқи­ғалардан кейін қандай шешім жасайтынын сұрап көрдік. Балам десе ет-жүрегі езілетін ата-аналардың басым бөлігі мектептерде смартфон ұстауға тыйым салынғанын қалайды. Яғни, олар балалардың әлеуметтік желіге өз еркімен кіруіне шек қою керек деп есептейді. Солардың ішінде мынадай пікір білдіргендері бар.

Ұлдан САЙЛАУҚЫЗЫ,
елорда тұрғыны:
– Мен төрт баланың анасымын. Қазір, қажеттілігіне қарай, мектепте оқитын екі балам телефон ұстайды. Біреуінде жай телефон, екіншісінде смартфон. Бірақ, айналасына қарап, балаларым кейде қымбат телефонға қызығатынын айтып қалатын. Маған ол ұнамайды. Жалпы, мем­ле­кеттік мекемелердегі секілді «мектеп оқушылары қарапайым телефондарды ғана тұтына алады» деген заң шықса, біз қуанар едік. Өйткені қазір көп жерде тегін вай-фай бар. Ал жаңа сатып алынған нөмірлермен балаларымыз интернетсіз-ақ «вк», «ватсап» секілді әлеуметтік желілермен байланыса алады екен. Олар жас қой, өмірдің ақ-қарасын әлі ажырата алмайды. Өздеріне ненің қажет, ненің қажет емес екенін білмейді. Сөйтіп жүріп, жат ағымдардың ықпалына ұшырап жатады. Мен осындайдан қатты қорқам. Баланың психологиясы ерте өзгеруінен қорқам.

Шолпан ӘБДІКЕРІМОВА,
ата-ана:
– Менің балаларым қаладағы №62 мектепте оқиды. Кейде мұға­лімдері интернеттен ақпарат алып, реферат жазып келуді тап­сы­рады екен. Сондықтан мен көбі­несе баламның телефонмен не қа­­рап отырғанын көре алмаймын. Өйт­кені «сабағыма керек» деп ай­тады. Өзім, оның үстіне, күні бо­йы жұмыста жүремін ғой. Бірақ, соң­ғы хабарларды естігелі, бәріміз де қорқып қалдық. Жалпы, мектеп оқу­шылары телефон ұстауына ты­йым салынса, жақсы болар еді. Мек­тепте интернеттен ақпарат алуы қажет болса, мұғалімдер ноут­бук ұстаса да болар еді ғой. Ба­ланың интернеттен не алып жүр­генін бақылау үшін оларды ке­рек мәліметін үйдегі компьютерден ға­на алатындай тәртіпке салуымыз керек.

Еркін ӘБІЛДАЕВ,
психолог:
– Жалпы, ұялы телефонды мектеп оқушылары қажеттілік үшін ұстап жүргені белгілі. Ата-ана баласының қайда жүргенін бақылау мақсатында қолына смартфон ұстатқанымен, өкінішке қарай, бос уақытында қандай желілерге кіретінін бақылауға алмайды. Әрине, мектептерде ішкі ереже арқылы тыйым салуға болады. Егер олай етпеген жағдайда, әрбір ата-ана өз баласына бақылау жасаған дұрыс. Психологиясына назар аударып, керексіз дүниелерден барынша қорғау керек. Оқушының бос уақытын тиімді пайдалануға ықпал етіп, қажетті үйірмелерге жаздырған жөн. Мектепте ұстаз қадағаласа, үйде ата-ана бас-көз болуы – заңдылық.
Осы ретте Астана қаласы Білім басқармасына хабарласқан едік. «Мектеп ауласында смартфон мен гаджеттер қолдануға тыйым салуға бола ма? Балаларды әлеуметтік желі арқылы өз мақсаттарына жетіп жатқан қыл­мыстық топтардың ық­палы­­­нан қор­ғау үшін Астана мектептерінде қандай шаралар қолға алынуы мүмкін?» деген сауалымызға Білім басқармасының баспасөз хатшысы Ботагөз Омар елорда мектептерінде смартфон ұстауға тыйым салынбағанын әрі бұл күн тәртібінде тұрған мәселе емес деп қысқа ғана қайырды.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ,
Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Print Friendly, PDF & Email
ru.pdf24.org    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*