«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мектеп асханасы неге жұтаң?

0 116

Мектеп оқушыларының 50 пайызында ішек жолдарымен байланысты аурулар бар. Қазақстан бойынша жүргізілген медициналық-демографиялық зерттеулер нәтижесіне көз салсақ, балалар арасындағы қан аздық (анемия) деңгейі 69 пайыздан асып түскен. Соңғы бес жылда балалардың түрлі ауруға шалдығу оқиғалары 22 пайызға артқан. Жағдайдың бұлай ушығуына әсер етуші негізгі фактор – мектеп асханаларындағы ахуал екенін біле тұра, жайбарақат жүрміз.

Білім және ғылым министрлігі мектептердегі тамақтануға қатысты түйткілдердің бар екендігін жыл сайын мойын­дап, жаңа жүйе енгізуден жа­лықпай-ақ келеді. Нәтижесіз жүйенің жаңалығы да аз болып тұр. Себебі сол, жақында ғана қалалық «Әділет» тұты­нушылардың құқығын қорғау қоғамы 84 мектептің ішінен 47 мектептің асханасын кешенді түрде зерттеп, оның ішінде 20 мектеп асханасының талапқа сай еместігін анықтады. Қалған 37 мектептің енді тексерілетінін ескерсек, басқасын айтпағанда, бас қаланың білім ошақтары баланы дұрыс тамақтандырудың жүйелі жолын таппаған болып отыр.

ТАМАҚТАН ЖЫРУ – БАЛАНЫҢ НЕСІБЕСІНЕ ОРТАҚТАСУ

Балалар тамағын ұйым­дастыру, әсіресе, оқу процесі кезіндегі тамақтандыру – мемлекеттік маңызы бар мә­селе. Оған мемлекет те, қоғам да, ата-ана да жеткілікті көңіл бөлуге тиіс. Мектепте балаларды тамақтандырудың басты талаптары сақталуы, оқушының жас ерекшелігіне сай дамуы ескерілуге тиіс.
«Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы жүргіз­ген жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік орган тарапынан мектеп асханасын жалға алып отырған 45 жалдаушыға айыппұл салыныпты.
Мәзір дайындап, пайдалы тағам әзірлемес бұрын тиісті органдар ұсынған және сертификаттаған азық-түлікті сатып алу керек. Оның үстіне, бала деген сан түрлі азық-түлікті пайдалануы қажет. Күнделікті рационда міндетті түрде ет, сүт, нан, жарма, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидектер болуы шарт. Кей тағамдарды (балық, жұмыртқа, қаймақ, ірімшік және басқа да ашымал сүт өнімдері) күн сайын жеу міндетті емес, бірақ бір апта көлемінде 2-3 рет тұтынуға тиіс. «Зерделеу барысында түсінгеніміз, мектептегі сапасыз және бей-берекет тамақтандыру жүйесі анық көзге ұрып тұрды. Осыдан кейін қалайша оқушылардың денсаулығын ойлап, алаңдамайсың?! Жұмы­сымыздың нәтижесінде 10 адам жұмыстан шығарылып, табылған кемшіліктерді түзету үшін 45 нұсқама жаздық. Мектеп тамағын зерттеу кезінде жыл сайын сол бір фактілерді анықтаймыз. Мәзірді көбінде баланың биологиялық құнды заттарға деген физиологиялық қажеттілігін емес, азық-тү­ліктің бағасын ескере отырып жасайды. Ол аз болғандай, кей кәсіпкерлер әлі күнге дейін кем өлшеп, ақшадан жеп, басқаша айтқанда, баланы тонап отыр. Тамақтан жырып, баланың несібесіне ортақтасып отырған мұндай кәсіпкерлерді тоқтататын уақыт жетті» дейді қор төрағасы Қабыкен Закария­нов.

МЕКТЕП ТАМАҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕЛГЕН СТАНДАРТТАРЫ ЖОҚ

Мектеп оқушыларын та­мақ­тандырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ оны ескеріп отырған кім бар? Қалтасының ғана қамын күйттейтін кәсіпкерлердің көбейгенін, ең қорқыныштысы, олардың бала тамағына ортақтасып, ойындағысын жасап жүргенін жанашыр зерттеушілер шырылдап айтып отыр. Балалар мен оқушылардың денсаулығына пайдалы тамақ саясатын ендіру және бақылау комитетінің төрағасы Марат Белаев мектеп тамағын ұйымдастырудағы негізгі кемшіліктерді жайып салды. «Олар баланың дене және ақыл-ойының дамуына ықпал етпейді, тіпті оқушының денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін. Әлі күнге дейін балаларды тамақтандырудың нормативті құжаттары, мектеп тамағының ғылыми негізделген стандарттары жоқ. Міне, мектеп асханасын жалға алып отырғандар осыны ұтымды пайдаланып отыр» деген ол мектеп тамағының басым бөлігінің тұрмыстық қалдыққа айналуы бекер емес екенін айтады. Сарапшылардың оқушылар мен ата-аналар арасында жүргізген сауалнамасы негізінде мектеп асханасындағы тамақтың дәмсіз, біркелкі екені де анық­талыпты.
Баламыз – 319, мысығымыз 450 теңгеге тамақтанады
Кезінде Астана қаласы бо­йынша бірінші рет бастауыш сыныптарға, аз қамтамасыз етілген отбасының балаларына тегін тамақ беріле бастағанына қуандық. Әу баста әр балаға 80 теңгеден бөлінген. Сосын бұл сома 120, 180, 281, қазір 319 теңгеге дейін өсті. Өкінішке қарай, қазіргі нарық жағдайында азық-түліктің бағасы айтарлықтай қымбаттап, қыс және көктем кезінде одан сайын көтеріледі. Міне, дәстүрлі түрде жалғасын табатын бұл қымбатшылық оқушылардың да құнарлы, толыққанды азықпен қам­тамасыз етілуіне өз зиянын тигізеді. Осыны ескерген «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы Астана қалалық мәслихатына жүгініп, әр балаға бөлінетін соманы 319 теңгеден ең болмаса 450 теңгеге дейін көтеруді сұрап отыр.
Баласы мектеп асханасында тамақтанатын көптеген ата-ана түскі асқа деп ақша береді, ал балалар ол ақшаны шоколадты бәліштерге, тәтті сусынға жұмсайды. «Хот-дог секілді жартылай дайын өнімді балалардың 86 пайызы күнделікті тұтынады екен. 18 пайызы газды сусындарды күнделікті ішеді. Бұл тағамдарды үздіксіз пайдалану салдарынан оқушылар арасында семіздік, жүрек, жүйке жүйесі аурулары, қан аздық, қан айналым жүйе­сінің бұзылуы, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің сыр­қаттануы, құрт ауруы белең алып келеді. Расында да, бүгінде бұл аурулар балаларда жиі кездесетін болды» дейді №1 қалалық емхананың учаскелік терапевт дәрігері Гүлзия Қайырбекқызы. Осыны ескерген АҚШ мемлекеті 2004 жылы жүріп бара жатып жүрек жалғайтын «фаст-фуд» тағамдарын оқушылардың жеуіне тыйым салған. Ал біздің мектептің асханаларына бұл тағамдар сатылымда әлі самсап тұр…

 БӘЛІШ – 100 ТЕҢГЕ, КОМПОТ – 80 ТЕҢГЕ

Мектеп асханаларындағы өнімдердің бағасы тым ша­рықтап кеткен. Мысалы, картоп қосылған бәліш – 100 теңге, компот – 80 теңге, ал олардың өзіндік құны бұл сомадан әлдеқайда төмен. Мектеп асханасының өзіндік ерекшелігін ескере отырып, сатылатын тағамдардың шектік баға мәнін бекіту керек, себебі олардың қызметін пайдаланатын, негізінен, балалар. Оның үстіне, тамақ сапасын зерттеушілер мектеп асханаларындағы нан өнімдерінің тым көптігін алға тартып отыр. Балалар уақыт пен ақшаны үнемдеу үшін толыққанды түскі астың орнына соны жей салады екен. Сондықтан ұн өнімдерінің көлемін қысқартып, мәзірден шұжық өнімдерін, атап айт­қанда сосисканы алып тас­тау керек. Бұған қоса, ал­дағы уақытта бұл мәселеге ата-аналар да араласып, бала­сының қандай тамақ жеп жүр­генін қадағалап отыру керек. Ата-аналар комитеті сауатты тәуелсіз сарапшыларды, технологтарды тартып, өз мектебіндегі тамаққа ке­шенді түрде жүйелі зерттеу жүр­гізгенде ғана бұл мәселенің түйіні ептеп шешімін таба бас­тауы мүмкін. Сондай-ақ, сарапшылар мектеп асханаларына бақылаушы камералар орнату керектігін де алға тартып отыр.

КОМБИНАТТАР ҚАШАН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ?

Бастауыш сынып оқу­шы­ларын тегін тамақтандыру жүйесі бізге шетелден жет­ке­німен, солардағы «тамақ­тану комбинаттары» атқа­ратын жұмыс түрі әлі жете қойған жоқ. Оқушының жас ерекшеліктеріне сәйкес тағамның мөлшеріне дейін есептелетін комбинатта әзірленген тағамдар контейнерлерге салынып, арнайы көліктермен ғана мектептерге таратылады екен. Осылайша, халықаралық стандарттың қажетті жерін ала алмай отыр­ған біздің асханалардың жайы ақсап қалып отыр.
Ұмытпасақ, 2011-2020 жыл­­­­­дарға арналған білім сала­сының мемлекеттік даму бағ­дарламасына мектеп тама­ғын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар да енгізілген болатын. Бұл бағдарламаға сәйкес, 2020 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде облыс орталықтарында, Астана мен Алматы қалаларында мектеп тамағын әзірлейтін 16 энергияүнемдегіш комбинат салу да жоспарланған еді. 2014 жылы үшсатылы сапа тексеруінен өткен, жо­ғары сапалы азық-түліктен таңғы ас пен түскі асты әзір­лейтін мектеп тамағын ұйым­дас­тырушы кәсіпорын құры­лысын бастау мәселесі жолға қойылып, тіпті аталмыш комбинаттың құрылысына жер телімін бөлгені туралы ресми мәлімет те берілді. Соңы сұйылып кеткен бастаманың басы-қасындағылар әлі де оқушылардың денсаулығын, еліміздің болашағын ойласа, осы мәселеге қайта оралады деп ойлаймыз. Себебі қымбатшылық қысқан, азық-түліктің сапасына сын көзбен қарайтын, оқушылардың ден­саулығын ойлайтын уа­қыт жеткенде жалғыз жол – осы комбинаттардың іске қосылуымен қатысты болып тұрғандай.

 

Тұрсын ЖАҒЫПАРОВА,  «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамы төрағасының орынбасары:

– Шыны керек, кәсіпкердің 80-90 пайызы тек ақша тапсам деп қана ойлайтын болып кетті. Біздің заңымыз оларға өте көп мүмкіндіктер беріп отыр. Сонда баланың жайын кім ойлайды?
Мектеп директорларын да түсінуге болады. Бұрын олар мектептің тек білім сапасына, тәрбиесіне мән беріп келсе, қазір олар – менеджер. Барлық істің басы-қасында өздері жүруі керек. Қандай шараға да өздері қатысу керек. Екінші жағынан тұтынушылардың өздері белсенді емес. Олар мем­лекетке иек артып алған. Неге әрбір ата-ана өз баласы үшін келіп мектеп асханасын тексермейді, неге өздерінің құқық­тарын пайдаланып, қа­да­ғаламайды? Қоғамда осын­дай қозғалыс болғанда ғана біздегі бұл жүйеде өзгеріс орнауы мүмкін.

Сәкен ЕРМЕКОВ,  кәсіпкер:

– Астана қаласы бойынша мектеп оқушыларын тамақ­тан­­дыруға жария­лан­ған тен­­­­дерді ұтып алғандардың де­­нінде жоғары санат­ты ас­паздар да жоқ. Жылда қай­та­ланатын жағдай, тендерге қатысқандардың арасында ұзақ жыл қызмет еткендер емес, жаңа кәсіпкерлер көбіне бой көрсетеді. Тіпті үш күн бұрын ЖШС ашып, төртінші күні тендерді жеңіп алғандары да болды. Нәтижесін өзіңіз білесіз… Әрбір үшінші баланың денсаулығында кінәрат бар.

Бағым ТӨЛЕПБЕРГЕНОВА, ата-ана:

– Балам биыл бірінші сыныпқа барды. Мектептің тамағын ішпейді. Мәзірлеріне қарасам сүзбе, бал деп тұр. Ваниль, шоколад және құлпынай дәмдері бар дейді. Мұның бәрі химиялық қос­паларға жатады. Бала түгіл, өзің іше алмайсың. Қаншама жағдайы жоқ, үй жағдайында ыстық тамақ іше алмайтын балалардың жайын неге ойламайды? Олар ең болмаса мектепке келіп бір мезгіл дені дұрыс тамақ ішсе қалай болар еді?

 P.S.  Мектептің асханасына қатысты мәселеге жалғыз Білім басқармасы емес, мектептің директорлары да жауапты. Бұл мәселе қанша көтерілсе де, Астананың әлі бірде-бір мектеп директоры бас ауыртып көрген емес. Қарауындағы қаншама мың баланы тамақтандыратын кәсіпкерді таңдайтын мектеп басшылығының өзі болғандықтан, олардың да баланың болашағына бей-жай қарамағаны керек. Үкіметтің белгілеп бергені 319 теңге болса, осы сомаға қызмет етем деген нағыз мамандардың қолына жұмыс беруді ең алдымен мектеп директоры қадағалауы қажет емес пе? Үкімет ұлт болашағын ойласа, мектеп асханасын реттеуді қолға алар деген үмітіміз бар.

 

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды