Суббота, 19 Август 2017
-->

МЕЙІРІМДІ ҚАЛА

kbb_1545-asli

Көктем келіп, күн аздап жылынғанымен, қала қыстың сызынан әлі арылған жоқ. Қысты тезірек шығарып салуға асыққан астаналықтар су басу қаупін сейілту үшін апта соңында екі қолға бір күрек ұстап, жаппай сенбілікке шықты.

Биыл елордаға бұрын-соңды жаумаған қар түсіп, су басу қаупін күшейте түсті. Сенбілікке шыққан астаналықтар, негі­зінен, аулалардың, шағын ау­дандардың және тұрғын алап­тардың қарының күрелуіне күш салды. Солардың ішінде белсенді жастар ардагерлердің, жалғызілікті тұрғындардың, мүмкіндігі шектеулі адамдардың үйлеріне барып, аулаларын қардан тазартуға қолғабыс етті.
– Бұл сенбілікті Астана әкімі Әсет Исекешевтің бас­тамасымен қолға алынған «Мейірімді қала» жобасының мақсатты жалғасы деуге де болады. Өйткені қаланың белсенді жас­тары аулаларының қарын тазалауға мүмкіндігі жоқ осындай тұрғындардың үйлеріне келіп, көмек қолын созуда. Үш аудан бойынша 1000-нан аса жас екі қолға бір күрек ұстады. Жастардың ішінде ЭКСПО көрмесіне тіл үйреніп, тың­ғылықты дайындалып жүрген еріктілер де бар, – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Оралов.
Оның айтуынша, «Көктемгі Астана» сенбілігінің аясында белсенді жастар 100-ден астам үйлердің аулаларын тазалады. Олар мұндай шаруаны екі апта бұрын бастап кетіпті: бұрнағы аптада 35 үйдің, өткен аптада 50 шақты үйдің қарын тазалаған.
Сарыарқа ауданында Медеу көшесінің қарт тұрғыны Күләш Донбаева бір үйде жалғыз өзі тұратынын, сондықтан ауладағы біраз шаруаға шамасы келмейтінін айтып, сол қиюы келмей тұрған тірлік жастардың күшімен бір-ақ күнде түгесілгеніне дән риза екенін жеткізді.

kbb_1536-2-asli
Сонымен қатар, бір топ студенттер қаладағы әлеуметтік нысандардың да қарын күреуге кірісіп кетті. Мысалы, Қазақ экономика, қаржы және халық­аралық сауда университетінің 50 шақты студенті екіге бөлініп, Алматы ауданындағы Балалар үйі мен Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының айналасын тазалады.
– Біз бүгін қыстан бері жиналып қалған қардың еріп, біраз әбігерге түсірмес үшін Балалар үйінің ауласын тазалауға келдік. Біздің университет студенттерінің көбі бұл шара­дан қалыс қалмай, осындай әлеуметтік нысандардың маңы­нан табылды. Осы ісімізбен көпке үлгі боламыз деп ойлаймыз. Бәріміз бірігіп жұмыс істесек, бірталай істі бітіріп тастайды екенбіз. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген осы ғой, – деді аталмыш оқу орнының студенті Бауыржан Сарбасов.
Екі күнге жалғасқан сенбілік кезінде Алматы ауданында 44 555 текше метр қар жиналды. Осы ауданның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Мақсат Саматұлының айтуынша, қарды жинауға 116 техника тартылса, қаланың шетіне тасуға 361 жүк көлігі жұмылдырылды. Ал бұл іске 10 256 адамның күші жұмсалды. Тазалық жұмыстары, негізінен, Оңтүстік-Шығыс, Жуковка, базар аумақ­та­рын­да жүргізілді. Жалпы, «Алматыда» қашықтығы 28 шақырымды құрайтын 53 көше мен тұйық көше тазаланды. Бұл шаруаға 210 кәсіпорын мен мекеме атсалысты.

erm_9577-asli
Есіл ауданында 1736 адам сенбілікке шығып, 361 арнаулы техника жұмыс істеді. Жалпы шығарылған қардың ауқымы – 45 201 текше метр. Ауданда Шығыс Ильинка мен Үркер тұрғын алаптарына баса көңіл бөлінді.
– Бұл жалпы қалалық сен­бі­лікте, ең алдымен, жер үйлер орналасқан аудандар мен шет аймақтардың қарының тазалануына баса мән берілуде. Су тасқынына қарсы шара бол­ғандықтан, қазір Үркер тұрғын алабында жұмыс қызу жүріп жатыр. Аталмыш аймаққа бүгін 174 қар шығаратын техника тартылды. Соның 136-сы қар шығаруға арналса, 34-і – тиегіш. Жалпы, 11 учаскенің қары күрелуде. Сондай-ақ, студенттер келіп, 10 тыл ардагерінің үйіне барып, көмек көрсетті, – деді аудан аппаратының бас инспекторы Әлкебатыр Серікұлы.
Ал Сарыарқа ауданында ортақ іске 516 арнаулы техника жұмылдырылды. Бұл ауданда жұмыстың көрігі Көктал тұрғын алаптарында қызды. Жалпы, бір күнде ондаған қарт тұрғындардың үйлерінің қары күрелді. Аудан әкімінің орынбасары Ришат Тұрдыбековтің айтуынша, сенбілік барысында 3000-нан астам ұйым мен кәсіпорын, мектеп, балабақша әрекеттенді. Бұл ауданда Көктал-1 және Көктал-2, Өндіріс, Агроқалашық тұрғын алаптары, Керей-Жәнібек ес­керткішінің маңындағы гүл­бақтар, Медеу, Бөкеев, Жалын көшелері тазаланды. Оған қоса, Бейбітшілік, Әуезов көшелері мен Республика, Бөгенбай батыр даңғылдарының орамішілік аймақтарында қар күрелді.
Жалпы сенбілік кезінде қала бойынша қар полигондарына 87 672 текше метр қар шы­ғарылды.

Екі күнге созылған «Көктемгі Астана» сенбілігінде қар полигондарына 87 672 текше метр қар шығарылды.  Үш аудан бойынша 1000-нан аса жас екі қолға бір күрек ұстады.

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*