«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мейірім – ана сүтінен

0 555

Ғасырдан-ғасырға жыл­жып жатырмыз. Әжелері­міз сіздер мен біздердің әке-шешелерімізді дүние­ге әкеліп, олардың балалары – біздер де ұрпағымызбен жалғасып келеміз. Үлкендердің айтуынша, бұрындары бала туғанға дейін әйелдің аяғы ауыр екенін жақындары да білмей қалған кездері болған. Себебі жүктілік – табиғи құбылыс. Сол себепті бұл жағдайға да қатысты қалыптасқан көзқарас болды.

 

Дүние есігін ашқан нәрестені дәстүрімізге сай сол әдеттің аясында шынықтырған. Ертеректе бала қырқына шыққанға дейін жас туған ана енесінің қасында жатады екен. Жас босанған ана аяқ-қолын жиғанға дейін бала күтіміне енесінің қолғабысы керек. Бұл дұрыс, дегенмен мұның басқа да астары бар. Қарап отырсақ, бүгінгі дәрігерлік талап бойынша бала қырқынан шығып, әйел тазарғанға дейін жыныстық қатынасқа түсуге болмайды. Бұл ана денсаулығы үшін қатерлі. Әйел перзентханадан шыққанда біз мұны анық айтып, ескертіп айтамыз. Ал әдептен озбаған әжелеріміз осы арқылы қамқорлығын білдірген екен ғой.
Бесікте бала тербеткен хал­қымыздың өзіндік тәжірибесі бір төбе. Енесі келініне «Айналайын, бала ұйықтағанда сен де ұйықтап ал» дейді. Бұл да негізсіз емес, әйелдерде пролактин деген гармон болады. Ол ана сүтінің жиналуына әсер етеді. Ол тамағы құнарлы болып, бір уақыт ұйықтағанда бөлінеді. Бала емізіп отырған әйел ештеңеге алаңдамауы тиіс. Жан-жағына алаңдамай, сәбиіне мейірленіп қараған сайын иіп, сүті көбейіп, құрамы құнарлана түседі. Қазіргінің қолдарында баладан бөлек, телефон, компьютер деген «жау» бар. Қолдары баладан босаса, осыған алаңдап, басқа тірлігіне ұмтылады. Телефон, телевизор, тағы басқаға қаншама үңіліп, балаға еміренгендей болмайды. Бұл да жас аналардың қателігі. Бұл – өзекті мәселе. Сондықтан да кеудесімен бала емізетіндердің саны азайып, бала туа сала жасанды сүтпен қоректендіреді. Сүтке жарымаған соң жылаған баласымен қосылып жылайтындар «неліктен сүтім жоқ?» деп безілдейді. Қыз күнінде қылдырықтай болған қыздар туған соң толысып кетеміз деп дұрыс тамақтанбайды. Олардан қайтіп сүт шықсын?! Бала анасының жылуын сезініп, уызына қанып өсуі қажет. Мұндай балалар түрлі жұқпалы ауруларға төзімді келеді. Ержете келе өзіне сенімді, жомарт адам болып өседі.
Жас ана дұрыс тамақтанса толыспайды. Әйел сүттің құнарлығын арттыратын тамақты жеуі керек. Бірақ қимыл-қозғалысты да ешкім жоққа шығарған жоқ қой. Керегінде тынығып, арасында бөпесімен серуендеп, әр күнін үйлесімді өткізе білгені жөн. Артық салмаққа алып келетін тағамдарды азайтып, тәттілерді, ұн, жарма өнімдері мен майлы асты талғап жеген дұрыс. Сондай жағдайда баласын емшектен шығарғанға дейін анасы да бұрынғы қалпына келеді.
Бабаларымыз сәбиді ана сүтімен қоректендіруге көп маңыз берген. Кеңес кезінде ана мен бала күтіміне көп өзгерістер енгізді. Соның бірі сағат сайын емізу керек деп емізу уақытын тежеп қойған болатын. Қазір басқа әдіске көшіп, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымдарының қағидасына қарайладық. Онда бала жыласа дереу аузына анасы көкірегін тосып, емізу қажет. Дифференциалды диагнос­тика деген бар. Яғни бала екі жағдайда жы­лайды: қарны ашқанда не бір жері ауырғанда. Қарны ашып жылаған болса сүтке тойып ұйықтап қалады, бала оған көнбесе, онда бір жері мазалап жатқаны деуге болады.
Жас аналар баланы бесікке салу керек пе деп те ойланады. Бесік – ата дәстүріміздегі қасиетті мұра. Оның жақсы жақтары өте көп. Дәрігер ретінде айтарым, бала үйге шыққаннан кейін дәрігермен кеңескен жөн. Кей жағдайларда баланы қатты тербетуге болмайтын ауытқушылықтарымен туылады. Ол ескеріледі. Дұрысы, баланы ұйықтатқанда ғана бесікке бөлегені жөн. Бала қуыр­шақ емес, аналық мейірімді ыстық жүрегі мен ана сүтімен сезінеді. Бұл нәзік байланыс ананың жүрегінде ерек­ше күш оятып, сәбиі үшін талпынып, баласы үшін алға ұмтылады.
«Әйелдің қырық жаны бар» деген. Толғағы ащы әйелдер тол­ғақ үстінде енді тумайтындай болып жатады. Ондайда тағы отыз тоғыз жаның бар деп әзілдеймін. Айт­қандай-ақ, араға біршама уақыт салып сол келіншектер тағы да бо­сануға келгенде, іштей қуанамыз. Өйткені барша ауыртпалықты ананың мейірімі жеңеді. Ал мейірім ана сүтімен бірге тасып, еселене түседі.

Шұғылажан ЕСІМБАЕВА,
қалалық №2 перинаталдық
орталығы бас дәрігерінің орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды