«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мейірімін төккен Гүлмира

0 203

Елімізде Елбасының бастамасымен жасалған «100 жаңа есім» жобасының көтерер жүгі ауыр. Президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ел арасында жүріп, көпшілікке үлгі болатындай игі істер атқарып жүрген адамдардың есімін тарихқа таңбалауымыз керек деді. Жоба жеңімпаздарының бірі астаналық Гүлмира Абдрашева да осыған лайық деп танылды. 

Кейде қоғамды тәрбие­леудің қажеті жоқ. Тек күнделікті істер арқылы салауатты қоғамда өмір сүргің келетінін жеткізу маңызды. Біздің бүгінгі кейіпкер Гүлмира Абдрашева дәл осы қағиданы ұстанатындай. Ол 2015 жылы «Клуб добряков» еріктілер қозғалысының негізін қалады. Қазіргі таңда Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Қостанай қалаларында қанат қаққан қозғалыстың арқасында мұқтаж жандар мен жан-жануарларға әрдайым қол ұшын беруге дайын адамдар көбейді.
Қостанай облысының Лисаковск қаласында дүниеге келген Гүлмира Қостанайдағы Бизнес және басқару институтын тәмамдайды. Оқуын аяқтағаннан соң елордада еңбек жолын бастайды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында 9 жылдай қызмет еткеннен ке­йін кәсіпкерлікке қарай ойысады. Ал бос уақытында «Клуб добряков» қозғалысына көңіл бөледі.
Instagram әлеуметтік желісінде құрылған топқа 114 мың оқырман жазылған. Онда өлім мен өмірдің арасында арпалысып жатқан адамдар туралы ақпарат жарияланып, тұрмысы нашар тұрғындарға көмектесудің амалдары талқыланады. Сондай-ақ, иесіз қалған, бол­­маса жоғалған ит-мысық туралы хабарландыру ілініп, қаламыздың тазалығын қадағалауға арналған түрлі экологиялық шаралар ұйымдастырылады.
Қайырымдылық тобының басты қағидасы: ақшалай көмек жиналмайды. Қамқорлық көрсеткісі келетіндер барлығын өз еркімен тегін жасайды. Еріктілер ұйымдастыратын түрлі концерттер, көрмелер, флешмобтардан келіп түсетін қаражатты көмек сұрап келген адамдардың қажеттілігіне жаратады.
Нақты мысал келтірейік. Бірде қарағандылық қайырымдылық топтың парақшасында тұрғындардан әкесінің аман қалуы үшін қан тапсыруды өтінген ұлдың хаты жарияланады. Осылайша, ел болып қан тапсырғандар адамды өлім аузынан алып қалады. Ал жалғызбасты әйел кішкентайымен ауруханада жатқанын айтып, үйде қараусыз қалған үлкен ұлын мектепке апарып-әкелуге көмек сұрап, астаналық топқа хат жазады. Бұл хабарламаны байқаған екі мейірімді қыз қолғабыс көрсетеді.


Қайырымды жандар бі­раз уақытқа дейін көп ба­­лалы, жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды, зейнеткерлерді өз қанатының астына алады. Аталмыш топтың арқасында отыздан астам адам жұмысқа орналасты.
Жуырда ғана «Клуб добряков» ұйымы әкім­дікпен бірге бірлесіп «Мен сеземін» фотокөрмесін өткізген еді. Адамдардан қорлық көрген үй жануарларына арналған көрме келушілерінен 367207 теңге келіп түсті. Бұл қаржы төрт аяқтыларға жаны ашитын үш бірдей қоғамдық ұйымға тең бөліп берілді. Елордадағы еріктілер тобына жетекшілік ететін Гүлмира Абдрашеваның өзі де ит асырайды. Көшеде қараусыз қалған тірі жанды көрсе, қасынан айналып өтпейді.
Міне, адамдарды ме­йірімділікке шақыратын осындай қайырымдылық топты өз қалаңызда көргіңіз келсе, Гүлмираға жазып, бөлімшені ашсаңыз болады.
«Көп тілегі – көл», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ. Игі істерді Гүлмира өзі жалғыз атқармайды. Мыңдаған қайырымды жандармен қатар түрлі шараларға қалалық әкімдік те атсалысады.

Осылайша, Сарыарқа ауданы әкімі Арман Тұрлыбек ұйымның мұқтаж жандарға арналған заттарды жинау шарасына қолдау білдірді. Киім-кешек, аяқ-киім, кітаптар, ойыншықтарды тапсыру үшін Бейбітшілік көшесі, 9 мекенжайында орналасқан ОӘД (Sine tempore), Тілендиев көшесі, 15 мекенжа­йындағы «Рахмет» сауда орталығы, Ш.Бейсекова көшесі, 3-үй, «Астықжан» сауда үйінде орнатылған арнайы жәшікке салуға болады. Жәшік толғаннан кейін, ұйымның еріктілері екі аптада бір рет заттарды сұрағандарға таратады.

Өзі атқарып жүрген қоғамдық ісі жөнінде ке­йіпкеріміз «Құдай адамды екі қолмен жаратты. Бірі өзіне көмектесу үшін, екіншісі өзгелерге қол ұшын беруге арналған. Өміріңе көңілің толмаса, айналаңа көз тік. Қалай өмір сүріп, басқаларға қандай жақсылық жасап жатқаның туралы ойлан. Дүние алма-кезек. Мұны бұлжытпайтын қағида ретінде әрқашан есте сақтау қажет» дейді.
Гүлмира Абдрашева қайырымдылық шаралардан ешқандай ақшалай пайда таппайды. Есесіне көңілі кең, жүрегі жұмсақ азаматтарды бір тудың астында біріктіріп, қоғам санасының өзгеруіне, рухани жаңғыруына өз үлесін қосуда. Қарапайым ғана қағидаларды орындап жүріп-ақ Гүлмира халықтың көза­йымына айналды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды