«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Медициналық сақтандырудан кімдер босатылады?

0 43

Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 емхана өкілдері кеше «Сарыарқа» базарына барып, ондағы жұртшылықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жайлы ақпаратпен құлақтандырды.

– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2020 жылдан бастап жұмыс істейді. Бірақ жұмыс берушілер былтыр­дан бері қол астындағы қызметкерлер үшін осы қорға жарна төлеуді бастады, – дейді №2 қалалық емхананың сарапшы-дәрігері Людмила Павлюченко.
Оның айтуынша, жеке кәсіпкерлер биыл тек өзінің жұмысшылары үшін жарна төлейді. Осы жылы оның мөлшері әр жұмысшы табысының 1,5 па­йызын құраса, 2020 жылы – 2 пайызға, ал 2022 жылы 3 пайызға тең болмақ. Ал кәсіпорын үшін төленетін 5 пайыздық жарнаны жұмыс берушілер келесі жылдан бастап төлейді. Бұдан бөлек, 2020 жылдан бастап әр жұмысшы өз жалақысының – 1 пайызын, 2022 жылдан бастап 2 пайызын аталған қорға аударып отыруы қажет.
Егер азамат еш жерде жұмыс істемейтін болса, еңбек биржасына барып жұмыссыз ретінде тіркелуі тиіс. Бұл жағдайда оған медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді. Сондай-ақ балалар, жұмыссыз жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар жұмыссыз азаматтар, жүктілігіне, жаңа туған бала асырап алуына байланысты демалысқа шыққан азаматтар, мүгедек балаға күтім жасап отырған кісілер, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, сот үкімі бойынша қылмыстық-тәртіптік жүйе мекемелерінде жазасын өтеушілер, тергеу абақтысында отырғандар, жұмыссыз оралмандар, көпбалалы аналар, мүгедектер, орта, кәсіптік және жоғары білім беру ұйым­дарының күндізгі бөлім студенттері ү­шін де медициналық сақтандыру жарнасы мемлекет тарапынан төленеді. Жарна көлемі елдегі орташа жалақы мөлшерінің 4 пайызын құрамақ.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды