«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мазмұндама

Көңілашар

0 39

– Екі парақ алыңдар. Бүгін мазмұндама жазамыз! – деді Сәуле апайлары сыныпқа кіре сала. Мына сөзді естіген кейбірі жан-жағына жалтақтай қарап, «көмек» іздей бастады. Әдетте бұл сыныпта бақылау мен мазмұндама жұмысын екі қыз ғана көшіртуге береді. Әрине, бірден қалай бере қойсын?! «Мәдина, менен сникерс шоколад!», «Айым, саған мына әдемі дәптерді сыйлаймын» деген сықылды тәтті сөздерден кейін ғана әлгі екеуі «ери» бастайды. Бүгін қас қылғандай, сол екеудің бірі Мәдина сабаққа келмепті. Қырсықты қарасайшы! Айымның айналасында отырғандар сабақ бастала салысымен, дереу «жағдайларын» айта бастады:
– Айым, біз дос едік қой… Мазмұндамаңды жазып болған соң, бізге бір көрсете қойшы. Кейбір жерлерін ұмытып қалуымыз мүмкін әйтпесе…
Қиылып сұраған құрбыларының көңілін қимаған Айым амалсыз келісті. Апайы мәтінді оқып шықты. Мұның есте сақтау қабілеті ерекше мықты, әйтеуір. Естігендерін қаз-қалпында қағазға түсірді де, жанында отырған Жәмилаға қарай жылжытты. Одан Серік, әрі қарай Ерболат алып, әлгі мазмұндама қатар-қатарды жағалап кетті…
Ертеңіне бірінші сабақ – қазақ тілі. Бәрінің көңілі тоқ. Тоқ болмағанда ше?! Сыныптағы ең үздік оқитын қыздан көшіріп берген мазмұндамаға апайлары ойланбай «бес» қоятын болар?! Бір кезде Сәуле апайлары да келді. Қабағы қатулы. Қолындағы бір бума қағазды үстел үстіне қойды да:
– Ахметжанова! Айтжанов! Тәңірбергенұлы! ­Сейілова! Мұстафаев! Орындарыңнан тұрыңдар! – деді көзілдірігінің үстінен төне қарап.
Бұлар аң-таң. Фамилиясы аталғандар жайлап орындарынан тұрды. Ішінде Айым да бар.
– Төртінші сөйлеміңді оқышы, – деп, апайы Айымға кешегі жұмысын ұстатты. Бұл кібіртіктеп, оқи бастады:
– Жәнібектің анасы көк қасқа атты ағашқа байлады да, үйге кірді…
– Енді тоқтай тұр, – деді апайы сол сәтте. – Жәнібектің анасы туралы мәтінде еш сөз болған жоқ. Оны қайдан таптыңдар?
– Сіз кеше солай оқыдыңыз ғой….
Тостағандай жанарына жас толып қалған Айым қай жерде қателескенін білмей дал. Сәуле апай кешегі кітапты ашты да, бір көз жүгіртіп шықты. Артынша мырс етті:
– «Көк қасқа атты мама ағашқа байлап, үйге кірді». Міне, осы сөйлемді сендер басқаша түсініпсіңдер, балалар! – деді бесеуіне қарап.
Қаланың баласы ғой, Айым оны қайдан білсін?! Бәсе, қазақша мәтіннің ішінде «мама» деген сөз қайдан жүр деп өзі де ойлап еді кеше. Оны бұл «ана» деп дұрыстап жазып қойған түрі ғой! Көшірген анау төртеуі де тұп-тура солай қалдырғанын көрмейсің бе?!
– Түсінбеген жерлерің болса, бұдан кейін менен сұрап алыңдар. Мама ағашы деп жылқыны байлайтын бағанды айтамыз, – деп, апайы түсіндіре бастады. – Бірақ мен сендердің қателескендерің үшін емес, мазмұндаманы бір-бірлеріңнен көшіргендерің үшін ренжідім. Енді ондай жағдай қайталанбасын! Отырыңдар!
Ұяттан қып-қызыл болған бұлар үн-түнсіз жер шұқып қалды…

Оқушы күнделігінен

Құрметті математика пәнінің мұғалімдері! Сіздер неге әр формуланы дәлелдей бересіздер? Біз сіздерге былай да сенеміз ғой…
***
Сабақтан «5» алып келсем, анамның баласымын. «4» алып келсем, әкемнің баласымын. «2» алып келсем, иттің баласымын.
***
Шіркін-ай, мектепке тегін уай-фай орнатса, күнде сабақтан қалмаушы едім!
***
Математиканың мұғалімдері есепті жақсы шығарады. Қазақ тілінің мұғалімдері шығарманы жақсы жазады. Химияның мұғалімдері тәжірибені жақсы жасайды. Ал бірақ бірінің жұмыстарын бірі істей алмайды. Соны біле тұра неге бізден барлық нәрсені білуді талап етеді екен-ей, осы?!
***
Сабақ аяқтала бергенде, «Апай, үй тапсырмасын бермедіңіз ғой?» дейтін ботаник сенің сыныбыңда да бар ма?

Қоңырауда күлейік!

1-сынып. Мұғалім балаларға қарап:
– Бүгінгі өтетін әрпіміз – Қ. Қане,
«қ»-дан басталатын қандай жемістерді білеміз?
– Қауын!
– Қарбыз!
– Қарақат!
Артқы партада отырған Мансұр:
– Құрты бар алма! – деді мойнын созып.

– Болатбеков! Шыныңды айт! Мына шығарманы саған кім жазып берді?! – деп дүрсе қоя берген ұстазына Бексұлтан:
– Нан ұрсын, апай! Білмеймін! Кеше кешкісін мен ертерек ұйықтап қалған едім, – деді ант-су ішіп.

5-сыныптағы Бақтияр тарих пәніне дайындалып отыр. Кенет әкесіне қарап:
– Әке, тас ғасыры деген қай кез? – деді.
– Бүкіл нәрсенің бәрі тастан жасалған дәуір ғой, ұлым.
– Компьютерлер де ме?! – деді Бақтияр аң-таң күйі.

– Мансұржан, бүгін қандай баға алдың? Күнделігіңді көрсетші, – деді атасы немересіне.
Күнделікті қолтығына қысқан күйі олай бір, бұлай бір айналшықтап жүрген Мансұр әзер дегенде атасының қолына ұстатты. Қонжиған екілікті көрген атасы ренжіп:
– Батырым-ау, мынауың не? – дей беріп еді, сөзін іліп әкеткен Мансұр:
– Ата, бастысы бәріміз аманбыз ғой, – деді басын қасып.

Ғалымдардың зерттеуінше…

Британиялық ғалымдар жуырда зерттеу жүргізіпті. Олардың дерегінше:
• Сағыздың ең көп шығарылатын жері – партаның асты екен.
• Жаңа оқу жылында ең көп айтылатын сөз – «Мә-ә-ә, қарайып кетіпсің ғой…»
• Барлық ата-ананың ең жиі қайталайтын сөзі – «Осы жұрттың баласына қарасаң…»
• Оқушылардың ең сүйікті әуені – қоңырау. Дәлірек айтсақ, сыртқа шығуға соғылатын қоңырау.
• Мектепте ең көп айтылатын өтірік – «Ауырып тұрмын, соңғы сабақтан жібере салыңызшы…»

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды