Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

Мәжит Шайдаров, Астана қаласы мәслихатының депутаты, Астана медицина университетінің ректоры: ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ҰЛТТЫҢ САЛАУАТТЫ БОЛАШАҒЫНА ЖАУАПТЫ

– Мәжит Зейноллаұлы, Сіз – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі республикалық ақпараттық-үгіт-насихат штабының Ақмола облысы бойынша жетекшісісіз. Осы міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің ұтымды тұстарына тоқталып өтсеңіз. Жаңа медициналық сақтандыру жүйесі не береді?
– Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу емді барлығына қолжетімді етеді. Таңдау бо­йынша кез келген мемлекеттік немесе жеке клиникадан медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Дәрігердің қабылдауынан бастап терең зерттеу және қымбат операцияларға дейінгі барлық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында болады. Олардың шығындары қор есебінен төленеді. Екіншіден, сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі бар. Қор медициналық ұйымдарға қатаң іріктеу жүргізеді. Әрбір клиника жоғары сапалы көмек көрсетуге ынталы болады. Өйткені қор сапалы медициналық қызмет ұсынғаны үшін ғана ауруханалар мен емханаларға ақша төлейді және олардың көрсеткен қызметін бақылайды. Үшіншіден, азамат мемлекет белгілеген аурулардың түрлері бойынша тегін дәрі-дәрмек алу құқығына ие болады. Бұл дәрі-дәрмектерді олардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін еліміздің барлық дәріханаларынан алуға болады. Қор дәріхана қызметін өтеуді өз мойнына алады.

– Елбасының бастамасымен «Денсаулық» бағдарламасы қолға алынды. Бұл бағдарлама еліміздің денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бағытталған. Соның басты бір бағыты маман даярлау және медициналық білімді жетілдіруге арналған. Бұған өзіңіз басшылық етіп отырған оқу орны қалай атсалысуда?
– Дұрыс айтасыз, бұл бағдарламаны жүзеге асырудың негізгі бағыттарының бірі – медициналық білім беруді жаңғырту. Осы бағдарлама аясында барлық медициналық жоғары оқу орындары шетелдік жетекші оқу орындары арасындағы стратегиялық серіктестік бойынша жұмысты бастап кетті. Астана медицина университетінің серіктесі – Еуропаның және әлемнің ең үлкен және озық университеттерінің бірі Римнің Ла Сапиенца университеті.
Біздің стратегиялық серіктес­пен жұмысымыздың негізгі басымдықтары корпоративтік басқаруды дамыту, неврология, анестезиология, қоғамдық денсаулық сақтау сынды сұранысқа ие мамандықтардың білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылыми зерттеулерді басқару, жеке университет клиникасын дамыту болып табылады. Бүгінде біздің университет оқытудың барлық деңгейінің білім беру бағдарламаларын халықаралық, ұлттық, институционалдық және арнайы аккредитациялау рәсімдерінен өтті.

Жалпылай алғанда, медициналық білім беруді жаңғырту бойынша алға қойылған стратегиялық жоспарлар мен бағыттарды жүзеге асыру сұранысқа ие мамандарды шығаруға және аналардың өлім-жітімі көрсеткішін 2009 жылғы көрсеткіштен 3 есеге төмендету, балалардың өлім-жітімі көрсеткішін 2009 жылғы көрсеткіштен 3 есеге төмендету, Қазақстан Республикасы халқының жалпы өлім-жітім көрсеткішін 2010 жылғы көрсеткіштен 30 пайызға төмендету сынды мақсатты көрсеткіштерге қолжеткізуге мүмкіндік береді.

– Бүгінгі жаһандану дәуірінде әлемдік бәсеке мен тартысқа төтеп беріп, жеңіске жету үшін жоғары білімді ұлт қалыптастыру керек. Басқаша біз әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосыла алмайтынымыз анық. Қалай ойлайсыз, осы білімге құштарлық біздің жастарымыздың бойынан табыла ма?
– Білім беру қызметтерін көрсете отырып, біздің университет сапалы білім беруді қамтамасыз етуді басым бағыт деп санайды, себебі медицина және денсаулық сақтау саласы ұлттың салауатты болашағына жауапты.

Жастардан талап ететініміз – тек терең білім. Егер басты қажет нәрсе – білімге деген құштарлық болмаса, ештеңе де, ешкім де, тіпті ең озық білім беру жүйесі, тіпті шебер ұстаз да жастарды ештеңеге үйрете алмайды. Табысты адам дегеніміз – әрдайым жаңа білім алуға талпынатын, өзін-өзі үнемі жетілдіретін, өз мүмкіншіліктерінен асып, алға қарай жылжитын адам. Тоқтау­сыз өзгеріп отыратын қазіргі әлемге басқа нұсқа тиімсіз. Білім – бүгінгі жастардың негізгі капиталы. Біздің студенттер республикалық және халықаралық олимпиадаларға, жарыстарға, конференцияларға және басқа да іс-шараларға жиі қатысады. Белсенді студенттер қоғам өміріне үнемі қатысады. Мен дәл осындай алғыр, ынталы, жігерлі және білімді жастар жарқын болашағымыздың кепілі деп ойлаймын.

– Осындай жауапкершілігі бар іргелі оқу ордасын басқарумен бірге, бұқара мен биліктің алтын көпірі болар депутатсыз. Халық сенімін арқалаудың маңызын қалай түсінесіз?

– Халық қалаулысы мандатын алған соң, депутат оған сенім артқан адамдардың мәселелерін шешу үшін бар күш-жігерін, бар мүмкіндігін салуы керек деп ойлаймын. Заңды мүлтіксіз сақтау, азаматтардың сұранысына зейін салып қарау, халық мүддесін бәрінен жоғары қою және де өз жұмысын адал да тиімді орындау қажет. Азаматтардан проблемалық сұрақтары бар өтініштерді алған соң, мәселені қарастырып, тиісті ұйымдарға және мекемелерге депутаттық сауал жолдаймын. Сарыарқа аудандық әкімдігінің белсенді түрде қолдау көрсетуінің нәтижесінде ол мәселелердің басым бөлігі өтініш жазған адамның пайдасына шешіледі.

– Өзіңіз айтқандай, қоғам проблемасыз емес. Сіздіңше, қазір қоғамдағы ең өзекті мәселе не?
– Біз озық технологиялар зама­нын­да өмір сүріп жатырмыз. Адам­зат дамудың келесі сатысына – постиндустриялық сатыға өтті. Ол өзгерістермен қатар проблемалар тобын да алып келді. Бұған қарамастан, қазіргі қоғам одан да жақсыға ұмтылады. XXI ғасыр – ғылыми жаңалықтар мен инновациялар ғасыры.

Мысалы, Қазақстан медиктері емдеудің, хирургияның, трансплантологияның жоғары технологиялық әдістерін меңгеруді жалғастыруда. Операцияның лапароскопиялық түрлері бойынша әдістер, интракорпоралдық тігу, яғни лапароскопиялық әдісі меңгерілді. Тоталды струмэктомия, кеңірдек пен бронхыларды қалпына келтіру-пластикалық операциялар жасалады. Бұл операциялардың артықшылығы – олар шағынинвазиялы және экономикалық тұрғыдан тиімді.

Десе де, қоғамымыз мәселесіз емес. Оның негізгісі қоғамдық сананың төмендеуі дер едім. Ол әлемдегі жаһанданумен және мемлекеттердегі проблемалармен байланысты. Дұрыс бағдар мен мұраттардың болмауы осыған апарды. Жастардың кумирі – миллиардерлер мен поп-жұлдыздарға айналды. Ал кейбіреулері үшін өмірдің басты мәні байлыққа ұмтылу ғана болып қалды. Қатыгездік пен немқұрайлылық. Қызметтік бабын асыра пайдаланатын парақорлық, сыбайлас жемқорлық.

Ең сорақысы, қазіргі заман балалары – «электрониктер буыны». Олардың бос уақыты көп және оны компьютерлік ойындармен, интернетпен, теледидармен өткізеді. Олар қиял әлемінде өмір сүреді, жаңа техникалар достардан, тіпті туғандардан да қымбат деп ойлайды. Ноутбукты, планшетті, смартфонды қолға түсіру олар үшін бәрінен де маңызды болып кетеді. Тә­уелділік пайда болады, ал одан құтылу оңай емес. Көрдіңіз бе? Ертең бұл балалар ержетеді. Осылар – біздің болашағымыз. Ал осындай балалардан біз не күтеміз?

– Азаматтардың өтініші негізінде жолданатын депутаттық сауалдар бойынша қандай мәселелердің шешілуіне атсалыстыңыз?
– Бір кездері Астана медицина университетінің екі корпусы арасында тікелей жүретін автобус болған жоқ, студенттер бір корпустан екінші корпусқа бірнеше автобуспен жетіп жүрді. Университет жыл сайын қала әкімдігіне өтініш жолдады, бірақ «қосымша автобус сатылып алынғаннан кейін мәселені оң шешеміз» деген уәде беріліп қана қоятын немесе теріс жауап алатынбыз.

2016 жылдың күзінде бұл мәселе туралы депутаттық сауал жіберіп, нәтижесінде жаңа жылдан бастап екі корпустың арасында тікелей жүретін автобус пайда болды. Азаматтардың өтініші негізінде жолданатын депутаттық сауалдар бойынша автокөлік жолдарындағы шұңқырлар жөнделіп жатыр. Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі «Статус» тұрғын үй кешенінің ұзақ мерзімге созылған құрылысы Сарыарқа ауданы әкімінің жеке бақылауына алынды. Қурап қалған ағаштарды кесіп алып тастау, жеке меншік үйлер секторын жарықтандыру жұмыс­тары жүргізілуде, тұрғын үйлердің аулаларында «жасанды кедергі» жасалды, балалардың ойын алаңы ұйымдас­тырылды, аулалар көгалдандырылды, көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жөнделді.

Бұл іс-шаралардың барлығы Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдау көрсеткенінің арқасында, сонымен қатар, қала тағдырына бейжай қарамайтын және өздерінің азаматтық көзқарасын қорғай алатын округ тұрғындарының белсенділігі нәтижесінде жүзеге асырылады.

Әңгімелескен
Гүлжан РАХМАН

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*