«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мәслихаттағы алты ару

0 64

Астана секілді алып шаһар тіршілігіне қатысты барлық құжаттар қалалық мәслихат арқылы өтеді. Елорда әкімдігінің экономикалық және әлеуметтік бағдарламалары, қала бюджеті мәслихатта талқыланып барып қабылданады. Мұның сыртында мәслихатқа Астана тұрғындарынан сан түрлі өтініштер мен арыз-шағымдар түсіп жатады. Бір сөзбен айтқанда, мәслихат қаланың маңызды мәселелерін шешуде жетекші рөлдердің бірін атқарады. Осы істе мәслихатқа сайланған әйел депутаттар ер азаматтардан қалыспайды. Мәслихат сессияларына, тұрақты комиссиялардың отырыстарына, қоғамдық тыңдауларға қатысып жүріп, оған үнемі куә болып жатамыз.

Осыдан тура үш жыл бұрын елімізде түрлі деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы өтті. Алтыншы шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатына жиырма бес депутат сайланса, соның алтауы әйел­дер болды. Яғни, мәслихаттың 25 пайызға жуығы нәзік жанды арулардан тұрады. Олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлермен қатар кәсіпкер әйелдер де бар. Әрқайсының артында мыңдаған сайлаушы тұр. Әйел депутаттар ер әріптестерімен қатар Астананың өркендеуіне өз үлестерін қосып, халықтың мүддесін қорғап келе жатыр. Әйелдердің халықаралық күні қарсаңында ешқайсысын бөле-жармай, солар туралы аз-кем сөз сабақтағанды жөн көрдік.
№84 мектеп-лицейінің директоры Зәуре Жүсіпова ширек ғасырдан бері Астанада еңбек етіп жатыр. Соның ішінде бесінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаты болды. Келесі сайлауда да халық оған сенім білдіріп, қайта сайлады. Зәуре Ғинаятқызы – мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі.
Бізді ол, әсіресе, ұлтжандылы­ғымен тартады. Бірде депутаттардың рейді кезінде Алаш тас­жолы атауы қаланың шетіне кетіп қалғанына шамданғаны бар. Сонда іштей риза болғанбыз. Әрине, мұғалім болған соң ұрпақ тәрбиесі, мектептер мәселелерін де үнемі көтеріп жатады. Қалада орта білім беру орындарының жетіспей жатқаны, мектептерге жол секілді инфрақұрылымды тарту жұмыс­тары тиісті деңгейде еместігі жасырын емес. Бұл мәселелер талқыланғанда ащы дауысының шыққанын да естідік.
Бұл тұрғыда мәслихаттағы қызмет бойынша да, алған мамандығы бойынша да әріптесі Рамзия Өмірбаевамен үндеседі. №17 мектеп-гимназияның директоры Рамзия Фаатқызы да депутаттық қызметте біраз тәжірибе жинаған адам. Осыған дейін екінші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаты болды. Мәслихатта сөйлеген сөзінен оны қаланың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері толғандыратыны байқалады. Жақында «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында мектептердегі оқу сыныптарын кеңейтуді қолдаған алғашқы басшылардың бірі болып, өз кабинетін босатып берді.
Гүлнар Данбаева – Астана қаласының тумасы. Қалалық мәслихат депутаты қызметін ол төртінші шақырылымнан бері атқарып отыр. Біраз жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Гүлнар Аманжолқызы – туған жерінің патриоты. Қазір өзі басқаратын корпоративтік қор да «Астана» атауын алған.
№5 қалалық аурухананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина медицина саласындағы өзекті мәселелерді көтереді. Соның ішінде дәрігерлерді даярлаудың сапасына қатысты дәлелдермен сөйлегенін естіген едік. Медицина қызметкерлерінің жалақысы көңіл көншітпейтіні де өтірік емес. Астанаға сырттан емделушілер көп келетіні де белгілі болып отыр. Алтыншаш Жұмашқызының пікірінше, бұл мәселеде Астананың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы елордамен шекаралас жатқан облыстармен байланыс орнату керек. Сонда жұмыс та дұрыс жүреді. Мұны жөн сөз емес деп айта алмаймыз.
Қалалық мәслихаттың ең белсенді депутаттардың бірі – Қарақат Абден. Әр сессияда, әр отырыста оның сөйлемеген кезі жоқ. Білім, денсаулық сақтау мәселелерінен бастап, әртүрлі мәселелерді көтереді. Ұрпақ тәрбиесі туралы көп толғанады.
«Қазақ қызы» қоғамдық бірлес­тігіне жетекшілік ететіні тегін емес. Өзі көтерген мәселелердің шешілуін де үнемі қадағалап отырады. Мәселен, Пригородный тұрғын алабындағы №24 орта мектепке оқушыларды автобус­пен апару мәселесін бірнеше мәрте қозғады. Ақыры бұл мәселе сәтімен шешіліп, депутат ата-­аналар мен мектеп басшылығынан алғыс алды.
Ирина Манжанова – құрылыс, коммуналдық-шаруашылық салаларының жілігін шағып, майын ішкен депутат. Тиісті сараптамаларды жасап, нысандар құрылысындағы олқылықтарды атап көрсеткенін талай көргенбіз. Алған мамандығы мұғалім бола отырып, бизнеске икемделгеннің үлгісін осы депутаттан көрдік.
Түйіндеп айтқанда, қалалық мәслихатта әр алуан мәселені көтере білетін осындай әйел депутаттар бар. Біз олардың ана, жар ретіндегі тұлғаларына тоқталмай, тек қызметтеріндегі өзіміз байқаған ерекшеліктерін жаздық. Мерекелеріңіз құтты болсын! Елдің, Астанамыздың өркендеуіне қызмет ете беріңіздер, депутат арулар!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды