«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мәселелер рет-ретімен шешіледі

0 42

Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Қаналимов №5 мектеп-гимназияда тұрғындармен кездесу өткізіп, 2018 жылғы атқарылған жұмыстар және ағымдағы жылы жоспарланған іс-шаралар жөнінде есеп берді. Әкімнің айтуынша, өткен жылғы халықпен кездесуде көтерілген 35 ұсыныстың басым бөлігі сәтімен шешілген.

«Сақалды» құрылыстар салынып бітеді

Байқоңыр ауданының аумағында 2018 жылы 18 проблемалық нысан анықталған, соның ішінде 6 нысан қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы 4 нысанға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізген. Жәнібек Тархан және Е.Брусиловский көшелерінің қиылысындағы Әзербайжан мәдени орталығының әкімшілік ғимаратының құрылысы жалғасып жатыр. Бір нысан кепілдік берушіге өту кезеңінде, ал тағы бір нысанға басқа мердігер іздестірілуде.

Жедел төлем нүктелері ашылады

Тұрғындарды көп толғандыратын мәселенің бірі – қоғамдық көлік. Ауданның аумағымен 48 автобус бағдары өтеді. Соның ішінде 43-і – қалалық, 3-еуі – экспресс бағдар, 2-еуі – қала маңындағы бағдар. Аудан әкімі барлығы 189 аялдаманың 49-ында павильон жоқтығын ашық айтты. Ескі аялдамалар жолаушыларды суықтан, жауын-шашыннан қорғамайды. Сол себептен әкімдік павильондар орнататын алаңқайларды жаңартудың іс-шаралар жоспарын жасаған. Сондай-ақ ескі нұсқадағы 13 аялдамаға жаңа павильон салынады. «Сіздердің өтініштеріңіз бойынша, көлік карталарын толтыру мәселесін шешуге тырысып жатырмыз. Қазіргі таңда «Астана LRT» ЖШС «PolyArt» ЖШС-мен бірлесе отырып, карта толтыруға арналған мобильдік қосымшаны әзірлеуде. Сонымен қатар «AstraPlat» жедел төлем нүктелерін базарлар мен сауда үйлерінде ашу мәселесі қарас­тырылуда» деді Ерлан Қаналимов.

Жатақханаларға қатысты жеке бағдарлама

Бір байқағанымыз, биылғы халықпен кездесуде жатақхана тұрғындарының тарапынан сауал­дар көп болды. Ресми есеп бойынша, Байқоңыр ауданында 20 шағын отбасылық жатақхана бар. Оларда 5816 адам тұрады, жалпы ауданы 69 мың шаршы метрден асады. Таң қаларлығы, олардың бәрі 1990 жылдарда жекешелендіріліп кеткен. Сол себептен екеуінде ғана қызмет көрсетуші мекеме бар. Аудан әкімі қараусыз қалған жатақханалардың түйт­кілді мәселелерінің көптігін жасырған жоқ. Жарығы мен жылуы жоқ, қатты тұрмыс­тық қалдықтардың үйіндісі көп, инженерлік желілер мен конструкциялардың тозығының жеткені және т.б. Турасын айтсақ, тұрғындар өз тұрағын жөндей алмайды.
Жатақханаларға жүргізілген халық санағы мен тексерулер қорытындысында анықталғанындай, ғимараттардың тозуы 50 пайызды құраса, олардың тұрғындарының 80 пайызы бөлмелерді жалға алғандар екен. Қала басшылығы бұл мәселені елеусіз қалдырған жоқ. Қазіргі кезде елорда әкімдігі аталған жатақханалардың өткір мәселесін шешуге арналған жеке бағдарлама жобасын дайындауға кіріскен. 20 жатақхананың екеуі­нің тұрғындары «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2018-2022 жылдарға арналған қанатқақты жобаның екінші кезеңі аясында Янушкевич көшесіндегі 12 (2020 жылы) және 12/1 (2021 жылы) үйлерге көшірілетіні мәлім болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды