«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Маса машақаты

0 69

Елордада маса, кене сияқты зиянкестермен күрес қаншалықты пәрменді жүргізілуде? Егер бұл жәндіктер адамды шақса, денсаулыққа қандай зиян тигізуі мүмкін? Бұл туралы Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразиттік аурулар жөніндегі эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Нағима Шатаева өзінің пікірін ортаға салды.

Мүлде жою мүмкін емес

Оның айтуынша, қаланың айналасында 100-ден аса су қоймасы мен тоғандар болғандықтан, масаның көп болуы заң­ды көрінеді.
– Сол себепті жергілікті билік өкілдерімен бірге жылда сәуір айынан бас­­­тап ол жерлерде тексеріс жүргізіп, масалардың личин­­каларын дамытудың 2-3 сатыға жетпеуін қадағалаймыз. Бұл уақыт жәндіктерді жоюға өте ыңғайлы. Дез­инфекторлар су қоймаларына арнайы химикаттарды шашады. Жалпы, бақылау жұмыстары жылы мезгіл аяқталғанша айына бір рет жүргізіліп тұрады, – дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы. – Қыс мезгілінде ересек масалар қамыс пен шөп өсімдіктерін мекендейді. Ал ондай өсімдіктер қаланың сыртында жетіп артылады. Сондықтан бұл жәндіктердің Астанаға қарай ұшпауы үшін қамыс пен шөптер инсек­тицидтермен тазаланып отырады. Мамандарымыз арнайы құралдармен және техникалармен барынша жабдықталған. Дәрі шашатын зеңбірек тәріздес арнайы машиналарымыз да бар. Дезинфекция кезінде улы дәрілердің тұрғындар денсаулығына зияны тимес үшін де барлық талап қатаң сақталып, желдің көтерілуі де ескеріледі.
Сонымен қатар, су қоймаларынан бөлек, масалардың дымқыл жертөлелерде де көп болатынын тілге тиек еткен маман ПИК-тердің өз қарамағындағы тұрғын үйлердің төменгі қабаттарын үнемі қадағалап отырулары қажет екенін айтады.
– Бұл жәндіктерді мүлде жойып жіберуге болмайды. Олай мүмкін де емес. Күрес жүргізгенде дезинфекция арқылы біз тек олардың санын азайтамыз. Егер ма­саны тұтастай жойып жі­берсек, биобаланстың тәр­тібі бұзылады. Өйткені әрбір жәндіктің табиғатта атқаратын өзіндік міндеті бар. Жалпы, Астанада масаның «Anaphelles messeae», «Culeх», «Aedes» деп аталатын үш түрі кездеседі. Олардың арасында безгекті тасымалдаушы тек анафелес қана болғанмен, одан ешқандай инфекция тарамайды. 1970 жылдан бері бұл аймақта безгек ауруы мүлде тіркелген емес. Масаның осы түрлері мекендейтін 9,5 гектар жерді алып жатқан үш су қоймасында күн сайын энтомологиялық мониторинг жасалып тұрады. Оның үстіне, бұл су қой­малары қала сыртында орналасқан. Сондықтан осындағы масалардың адам денсаулығына ешқандай зия­ны тимейді. Елордалық­тар қауіптенетіндей дәнеңе де жоқ, – дейді ол.

Кенеден қауіп жоқ

Ал кенелермен күрес жұ­мыстары тек келісімшарт бойынша саябақ аумақтарында ғана жүргізіліп жат­қан көрінеді. Мамандардың мәліметінше, биыл қала аумағы бойынша 213 кене шағу дерегі тіркелген. Алайда зертханаларда арнайы тексерістен өткен Астана аумағындағы кенелердің энцефалит, борелиоз ауруларын тасымалдамайтыны анықталыпты. Дегенмен кене шақса, бірден дәрігерге қаралып, жәндікті зертханалық тексеріске өткізу керектігін айтады мамандар.
– Осы мекемеде еңбек етіп келе жатқаныма 25 жылдан асты. Содан бері қаладағы зиянкестермен күресуде жүйелі жұмыстар жүргізі­луде. Соның нәтижесінде елордадағы зиянды жәндіктер бұрынғыға қарағанда біршама азайды. Оны байыр­ғы тұрғындар жақсы білуге тиіс. Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындары мен қонақтарының денсаулығын сақтау, – деген Нағима Шатаева табиғат аясында демалушыларға маман ретіндегі кеңесін де берді. – Егер орманға, табиғатқа шықсаңыз, міндетті түрде ұзын жең жейде мен балағы ұзын шалбарды, шұлықты, жабық аяқ киімді киіңіз. Жалпы, бастан-аяқ жабық киінген абзал. Содан кейін екі сағат сайын бір-біріңіздің үстіңізді мұқият қарап, кене жабысса, дереу алып тастаңыз. Үйге келген соң да киіміңізді жақсылап тексеріп, 5-10 сағатқа ашық аспан астына жайып қою қажет. Ит пен мысықты да қатаң бақылауда ұстаған дұрыс.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды