«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Марат МҰСТАФИН: КОММУНАЛДЫҚ САЛАНЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ТАРИФТЕР САУЫҚТЫРАДЫ

0 66

ERA_5562

Жыл жаңарса болды, жұртшылықтың көкейінде су, жылу, жарық бағасы көтеріле ме деген сауал тұрады. Расында да, күллі әлемді алқымнан қысқан күрделі кезеңде ел тұрғындарының тіршілігін қамтамасыз етіп тұрған коммуналдық жүйелердің ақысы тұрақты сақтала ма? Осы жөнінде біз ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Марат Мұстафинмен әңгімелескен едік.

– Марат Кәрімұлы, жұрт­шылықтың негізгі тіршілік     көзі – су, жылу, жарық тариф­терін реттеп, осыған байла­нысты кәсіпорындардың өті­ніштерін қарау, қабылдау – сіздердің құзыретіңізде. Былтыр Астана қаласы бо­йынша департаментке табиғи монополиялар суьектілерінен тарифті қайта қарау жөнінде қанша өтініш келіп түсті?

– Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Астана қаласы бо­йынша департаментінің қарауына Мемлекеттік тізілімге енгізілген 54 табиғи монополиялар субьектісі мен реттелетін 86 қызмет түрі жатады. Сондай-ақ, 21 қызмет бойынша 10 рет­телетін нарық субьектісіне баға белгілеуді жүзеге асырады. Былтыр департаментке табиғи монополиялар субьектілерінен тарифті өзгерту жөнінде 29 өті­нім келіп түсті. Солардың онын қабылдаудан бас тарттық,  төртеуі кері қайтарылды,  үшеуі қарас­тырылу үстінде. Ал бір өтінімді бұрынғы тариф деңгейіне қал­дырған болсақ, тағы біреуін, керісінше, төмендеттік. Сондай-ақ өтінімдердің бесеуі – тарифі жаңадан құрылған субьектілерге тиесілі болса, бесеуінің ғана тарифі жоғарылады. Сонымен қатар, реттелетін нарық субьектілерінен тариф бағасын көтеретіні туралы 4 хабарлама келіп түссе, соның екеуіне бағаны өзгертуге тыйым салынды. Жалпы, департаменттің реттелетін қызметтерге қабылдаған тарифі  инфляциялық ауқым шегінен аспағанын атап өткен жөн.

– Ал биылғы тариф жөнінде не айтасыз? Су, газ, жарық, жылудың бағасы көтеріле ме?

– 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Астанада жылу, кәріз, газбен жабдықтау мен су тарифтері өзгереді деген сыбыс ел құлағын көтергені рас. Бірақ, бұрынғы қалпында сақталды. Керісінше, департамент Астана қаласы  Энергетика басқармасымен бірлесе отырып, энергия көз­дерінен неғұрлым төмен бағаға электр энергиясын сатып алу көлемін ұлғайту жөнінде бірқатар жұмыс жүргізгенінің нәтижесінде жарықтың шекті бағасының деңгейі субьекті ұсынған  жоба деңгейінен 5,97 пайызға төмендетілді. Атап айтқанда, 2015 жылдың 1 қаң­тарынан бастап «Астанаэнергосбыт» ЖШС-нің электр энергиясын бөлшектеп сату жөніндегі хабарлама жобасын төмендетуге қол жеткізілді. Осыған сәйкес,  тұрғындарға арналған орташа тариф былтырғымен салыстырғанда 7 пайызға ұлғайтылса да бұл қосымша құн салығынсыз 1 кВт/сағаты 11,31 теңгені құрады. Ал өзге тұтынушылар үшін орташа тариф қосымша құн салығынсыз 1 кВт/сағаты 15,24 теңгеге жетті. Бір ескерерлігі, тариф ешқашан себепсіз қымбаттаған емес.
Мысалы, электр энергиясы құны өсуі электрстансалардағы қуат өндіру бағаларының өсуіне бай­ланыс­ты. Мұның өзі ҚР Энергетика министрлігімен келісілген кесімді ақыға сәйкес келеді.

– Елбасы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы осы салаға қаржы салуға құлықты инвесторларды барынша тарту қажет деді. Осы орайда тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыру тиістігі де айтылды.  Мемлекет басшысы атап өткен осы ұзақ мерзімді инвестициялық тарифке көшу мәселесі қалай жүзеге асырылмақ?

– Кейінгі жылдары ком­му­налдық қызмет сапасын жақ­сарту мәселесі жиі көтеріліп жүр. Әрине, жылу, жарық таратушы мекемелер тарифтерін жыл сайын жылдырмалатып құбылта бергендеріммен, жыртығын жамап, инфрақұрылымдарын толығымен жаңғырта алмайтыны аян. Осы саланың ахуалын түзейтін, қаржы қиындығынан құтқаратын  бір  жол –  оған  инвес­тиция тарту. Елбасы өз Жолда­уында тұрғын үй шаруашылығын жаңғыртуға ынта білдіріп отыр­ған инвесторлар баршылық екенін атап өтті. Әлбетте, ин­вес­торлардың қолына өтсе, коммуналдық  шаруашылық саласы жанданары сөзсіз. Бұрынғы заң бойынша табиғи монополия субьектілері табысын көрсете бермейтін. Оған мәжбүрлеуге біздің де құзыретіміз шектеулі еді. Енді жаңа тарифтік саясат бойынша табиғи монополия субьектілері барлық табыс-шығысымен қоса, инвестициялық бағдарламаларын да ұсынуы қажет. Яғни, тарифтердің шекті деңгейін бекіту үшін инвес­ти­циялық бағдарламасы міндетті түрде болуы шарт.

Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтерге көшу 2015 жылдың 1 сәуірінен басталады. Осы мер­зімге дейін тиісті нормативтік-құқықтық база әзірленеді. Бұл ретте бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін инвестициялық бағдарламаларды ұсынуға табиғи монополия субъектілерінің да­йындығы да ескерілетін болады. Бүгінде департамент осы ұзақ мерзімді тарифті бекітуге байланысты жұмыстар жүргізіп жатыр.

– Департаменттің негізгі мақсаты – тұтынушылардың құқын қорғау, бәсекелестікті дамыту үшін бизнеске қолайлы жағдай жасау. Осы бағыттар бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Былтыр департамент тұты­нушылардың құқыларын қорғау мақсатында табиғи монополия және реттелетін нарықтағы заң бұзушылықтарды жою жөнінде 101 ұйғарым шығарды. Оның ішінде, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың басқа нысандары бойынша табиғи монополия субъектілеріне қатысты – 86 ұйғарым, реттелетін нарық субъектісіне 1 ұйғарым және табиғи монополия субъекті­лерінің реттелетін қыз­меттерді сапасыз ұсыну, рет­телетін қызметтерге келісім­шарттар жасау барысында тұты­нушы­лардың құқыларын бұзу немесе реттелетін қызметтердің уәкілетті органдар бекітпеген тарифтерді ұсынуы сияқты заңсыз әрекеттеріне қатысты жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдары бойынша 14 ұйғарым шығарды.

Уәкілетті органның ұйға­рымдарын орындаудан және тұтынушылардың бұзылған құқыларын қалпына келтіруден монополистер жиі жалтарады. Осыған байланысты өткен жылы департамент тұтынушылардың құқын қорғау мақсатында 50 сот процесіне қатысты. Оның ішінде 35-іне талап қоюшы ретінде, 14-іне жауапкер ретінде және біреуіне тұтынушы мүддесін қорғаушы үшінші тарап ретінде қатыстық.

Былтырғы қорытынды бо­йын­ша департамент сот про­цестерінің 96 пайызында жеңіске жетті. Бұл дегеніңіз тұ­тынушылардың  құқы толы­ғымен қорғалып шығып, рет­телетін нарықтар субъекті­лерінің
заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді деген сөз.

Әңгімелескен:
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды